Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек табысқа жеткізер

Еңбек табысқа жеткізер

Әрбір адамның бақытты және табысты болғысы келетіні белгілі. Әрекетшіл, өмір айдынында әлдебір нәрсеге қол жеткізуді қалайтын жандар келешекте жетістікке жетуге мақсатты жоспар құрады. Осындай жігерлі жалын жүректі жастар арамызда жетерлік, солардың қатарында Нұрбол Жансұлтан да бар.
Қазірде орда бұзар кезеңдегі кәсіпкер Жанқожа батыр көшесінің бойынан еңселі ғимарат тұрғызып, автобөлшектер сататын дүкен ашты. Саудасын бастағанына көп болмаса да тұрақты сатып алушылары бар.
Нұрбол Қорқыт ата атындағы университетте білімін шыңдаған кәнігі экономист. Жоғары оқу орнынан алған ілімін маман ретінде аудандық қаржы бөлімінде жастар тәжірибесімен жүзеге асырды. Одан соң аудандық мәслихатта оператор, С.Сейфуллин атындағы №165 мектепте есепші, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында есепші және сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды. Студент кезде-ақ жеке істері бар курстастарының әңгімелері кәсіпкер болу ойын туындатқан. Бұл күндері олардың өрісі кеңейіп, тойхана мен мейрамханалары жұртшылықтың игілігіне жұмыс істеуде. Н.Сәндібайұлы ес білгелі жеңіл көліктерге қызыққандықтан, сол саламен айналысуды қолға алды.
«Бүгінде елімізде кәсіпкерлік қабілетін байқап көргісі келетіндерге көптеген мүмкіндіктер берілуде. Бастысы – ынтаң мен сенімің болса кез келген кәсіпті іске асыруға болады. Белгілі бір кәсіпті дөңгелетіп, әрі қарай алып кету үшін жаныңа жақын, тұтынушы талғамынан шығатын істі қолға алған дұрыс.
Әсілінде «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп бекер айтылмаған. Мен де алғашқыда көп ойланып, ақырында көлік бөлшектерін сатуды таңдадым. Әуелгі қадамды Пірімов көшесіндегі дүкенді жалға алып, халыққа автокөлік жабдықтарын ұсынудан бастадым. Кейін өз ғимаратымның болғанын қалап, несие алдым. Аукцион арқылы жер алып, дүкен салдым. Қанша шаршап тұрсам да дүкенге келіп, кәсібіммен айналысқанда лезде сергіп демалып қаламын. Негізі, әке-шешеге масыл болып жатып алмай еңбек ету керек деп түсінемін. Себебі, қазір намыстанатын заман емес. Жүк тасысаң да табыс табу әрбір ер азаматтың міндеті деп ойламын», – дейді жігерлі жігіт.
Жас кәсіпкер шағын ісінің өрге домалап, көркеюі үшін әлі де біраз тер төгу қажет екенін түсініп, бағамдайды. Сондықтан да ойында үлкен арман-мақсаттар пісіп, жетілуде. Алдағы уақытта көлік жуып, автотехникалық қызмет көрсететін бекет ашу жоспарында бар.
«Еңбек ерлікке жеткізер» дегендей, әрқашан шыншылдық пен адалдықты ту еткен кейіпкеріміздің ісіне жетістік тілейміз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА.
01 наурыз 2018 ж. 1 819 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031