Дара ұлын жоғалтты қалың жұрты
Қазақ әдебиеті тағы бір тарланын жоғалтты. КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, халық жазушысы, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Халық жазушысымен қоштасу Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын оқып, марқұмның туыстарына табыстады.
"Аса көрнекті қаламгер, Қазақстанның еңбек ері, халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Әбдіжәміл Кәрімұлы сұрапыл соғысты бастан кешіп, елге оралған соң қазақ әдебиетін өркендетуге сүбелі үлес қосты. Ұзақ жылғы шығармашылық қызметі жемісті болды. "Қан мен тер" трилогиясы, "Соңғы парыз" дилогиясы сияқты туындылары сыншылар мен оқырмандар тарапынан жоғары бағасын алды. Заман жүгін көтерген романдары әлемнің көптеген тіліне аударылды. Әбдіжәміл Кәрімұлының жаңа белесті бағындырған қазақ әдебиетін шетелге танытуға сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ұлт руханиятының көшбасшысы болды. Ол – ұлт классиктерінің жолын лайықты жалғастырған қуатты қаламгер. Өзі де қазақ әдебиетінің партиархына айналды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соңында ұрпаққа үлгі, ұлысқа игі болатын шығармалар қалды. Елге ес, сыртқа сес болған жазушының енді екінші өмірі басталды", – делінген мемлекет басшысының жеделхатында.
Жазушыны ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне қатысуға аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова бастаған сырбойылықтар арнайы барды. Сондай-ақ халық жазушысының туған жері Белараннан топырақ әкелінгенін жеткізді. Қаралы жиында марқұмның шығармашылық жолындағы елеулі еңбегін ортаға шығып айтқандар қатарында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, мемлекеттік қайраткер Қырымбек Көшербаев та бар.
Соңына кенен мұра қалдырған кемел тұлға, дара перзентін жоғалтқан Сыр жұрты қайғыға ортақтаса көңіл айтты.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат