Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыр елі Сейітқұлын сағынады

Сыр елі Сейітқұлын сағынады


Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерге деген сүйіспеншілікке, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне, есімдері ел есінде сақталған перзенттеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысуға да кең орын берілген. «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген сөздерді оқығанда бәріміздің көз алдымызға туған ауылымыз бен оның жайсаң жандары, ел құрметіне бөленген азаматтары келетіні хақ.
Сарыбұлақ ауылының бала Сейітқұлынан қазақ елінің дара Сейітқұлына, сырлы сөзді сырбаз жазушысына айналған Сейітқұл Әбдірашұлы Оспанов осындай жанның бірі еді.

Қазақта не бір Сейітқұлдар өткен. Тұран даласының жолбарысы Жалаңтөс баһадүр мен алаш жұртының ардақтысы Әйтеке бидің әкесі Сейітқұл биден бастап, белгілі ағартушы, педагог-жазушы Ыбырай Алтынсариннің «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесіндегі диқан Сейітқұлдан кейін де талай Сейітқұлдар дүниеге келген. Жазушы Сейітқұл Әбдірашұлы Оспанов та өзінің атына кір келтірмеуге тырысты, елуді толтырмай кеткен аз ғұмырында елі сүйіп оқитын елеулі еңбектер қалдырды.
Жазушы Сейітқұл Оспанов. Сырбаз мінезді, салиқалы сөзді Сейітқұлды сұм ажалдың арамыздан алып кеткеніне де он төрт жылға аяқ басыпты. Тірі тұрғанда бүгінде алпыстың асқарына шығып, туған елі мен қалың оқырманын бір қуантып отырар еді. Бергенінен әлі де берері көп талантты жазушы Сейітқұл Оспанов 2003 жылдың күзінде кенеттен қайтыс болды. Марқұмға арналып Астана қаласындағы берілген еске алу асында қазақтың бір туар қабырғалы қаламгері, көрнекті қайраткері, көсемсөз абызы Әбіш Кекілбаев ізінен ерген қаламдас інісі туралы тебірене сөз сөйлеген еді. Қамқор жүректі, алтын мінезді, алаштың арысы, қазақтың ұлы жазушысы Әбіш аға да сағынышты асыл бейнеге айналды.
«Сейітқұл Оспанов қоғамдық өмірге де белсене араласып, оған өз үнін қосып, баспасөз бетінде жиі көрініп жүрген қаламгер еді. Соңғы кезде туған жерін аралап келгеннен кейінгі әсерін ортаға салып, бүгінгі күні жандана бастаған ауыл өмірі жөнінде тізбекті материалдар жариялай бастаған болатын.
2003 жылдың 1 қарашасында сұм ажал талантты жазушыны кемеліне келген шағында арамыздан алып кетті» деп жазып еді «Қазақ әдебиеті» газеті осыдан тура он төрт жыл бұрын.
Сырдариядан бастау алатын шағын ғана Қуаңдария өзені Қармақшы мен Қазалының жусанды, сексеуілді, құмды даласын аралап, Аралға қарай ирелеңдеп жатыр. Міне, сол Қуаңның жағасымен жүріп отырып, бұйрат құмдарға кірсең, Қазалы ауданына қарайтын Сарыбұлақ ауылының үстінен түсесің. 1955 жылы Қазалы қаласында дүниеге келген жазушы Сейітқұлдың балалық шағы осы ауылда өтті. Ол оқушы кезінен аудандық «Ленин туы», облыстық «Ленин жолы», республикалық «Қазақстан пионері» газетіне өлең-мақалалар жазып жүріп, мектеп бітірген соң Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен еді. Қаламгерлердің қара шаңырақ-ұстаханасына айналған ҚазМУ-дің 1977 жылғы түлектерінің қай қайсысын алсаңыз да қазір елге танымал журналистер мен ақын-жазушылар. Қонысбай Әбілов, Ұлықбек Есдәулетов, Серікқали Бәйменше, Әбдімүтәл Әлібеков, Мылтықбай Ерімбетов, Нұртілеу Иманғалиұлы және басқа «77 жылғы түлектің» кіл мықтылары – Сейітқұл Оспановтың курстастары.
Сейітқұл Әбдірашұлы Оспанов «Жалын», «Мектеп» баспаларында, «Пионер», «Зерде», «Парасат» журналдарында, «Жетісу» газетінде жұмыс істеді. 1994-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппаратында аударма секторын басқарды. «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясында қызмет етті.
Әдебиетке балалар ақыны болып келіп, жыр сүйер қауым жылы қабылдаған «Бәйге», «Ащы қауын, тәтті қауын», «Күн көтерілген шақ» атты жыр жинақтарынан соң, прозалық шығармалар жазуға кіріскен ол бұл жанрда да жемісті еңбек етті.«Ағаш ат», «Бақытты үй», «Самый сладкий день», «Құлдар көтерілісі», «Сопының ғұмыры» атты проза кітаптары қазақ әдебиетінің қазынасына енген сүбелі шығармаларға айналды. Бірқатар шығармалары орыс және шет тілдеріне аударылды.
Әркімнің туған жері өзіне ыстық десек те, ел мен Отан, атамекен жайлы жазушыдан артық кім суреттей алсын. Сейітқұл да өзінің ата-бабалары жатқан, балалық шағы өткен Сарыбұлақ ауылы жайлы көп жазды. Ғұмырының қысқа боларын білді ме екен, ол өмірінің соңғы жылдары бала кезде бірге өскен достарымен көбірек болуға тырысып, ауыл жаққа жиі барыпты. Соңғы барған сапарында «Ауыл ат жаратып жатыр» деп, «Жас Алашқа» көлемді дүние жазып еді. Жалпы ауыл мен қала, ана мен бала арасындағы тақырыбы ескірмейтін, бүгінгі күннің көкейкесті, ортақ проблемалары Сейітқұлдың барлық шығармаларында кездеседі Мәселен, «Екі дүниенің абыройы» повесінде жазушы ана мен бала тағдырын психологиялық тебіреніске, ширықты монологқа құра отырып, лирикалық шегіністер арқылы ұлттық болмыс негізінде ана образын жасайды.
Тағы бір повестің аты – «Періште салған там». Мұнда да ана, әйел бейнесі бірінші кезекте болғанымен жазушының айтар ойы басқа. Ерлі-зайыпты Әбдібай мен Зинегүлдің қарым-қатынасына құрылған бұл шығармаға шаңырақты шайқалтпау, отбасын қадірлеу мәселесі арқау болған.
Жазушының әңгімелері де оқырманын бірден елітіп әкететін, әсерлі дүниелер. Жалпы Сейітқұл қысқа әңгімелер жазуға шебер еді. Түріктің атақты жазушысы Әзиз Несин сияқты шымшып отырып ширататын, әдемі әзілмен әдіптейтін әңгімелерін оқи бергің келеді. Жазушының шығармашылық шеберлігі, достарына деген ақ көңілдігін өзінің курстас досы Серікқали Байменше «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған «Жадымдағы жарық» атты эссесінде жақсы келтіріпті. Эсседе автор жазушы Сейітқұлдың оқырман көп біле бермейтін арман-мақсаттарын да ортаға салған екен. «Сейітқұлды соңғы жылдары Әйтеке, Жалаңтөс бабаларының тарихқа байланысты деректер барынша қызықтырғанын жақсы білетін едім, – деп жазады Серікқали Байменше.
Тарихи әдебиеттерге үңіліп, деректер іздестіріп, тапқан материалдарын зерделей бастағанын, сәті түссе көлемді дүниені қолға алмақ ойы бар екенін сырласқан сәттерде өзі білдіріп жүрді... Осының бәрін бүгін өткен шақпен айтып отырғанымыз қандай өкінішті!»
Өткен жылы Сыр өңірінде, Қазалы топырағында дүниеге келген Жалаңтөс баһадүрдің туғанына 440 жыл толуына орай үлкен шаралар өтті. Баһадүрге арналып еңселі ескерткіштер бой көтерді, баба Сейітқұлдың бүгінгі ұрпақтары жауһар жырларын арнады, жыршы-термешілер өнерлерін ортаға салды. Әттең-ай дейміз, жазушы Сейітқұл Оспанов тірі болғанда курстасы Серікқали айтқандай, қаламгердің өзі армандаған Жалаңтөс баһадүр жайлы көлемді шығармасын жазып, туған жеріне, осы дүбірлі мерейтойға тарту қылар еді...
Өмірімізге интернет пен компьютер, ұялы телефон дегендер дендеп үлгерген қазіргі заманда кітапқа, әдеби шығармаларға деген жастардың қызығушылығы төмендеп бара жатқанын жасыра алмаймыз. Ол ол ма, сол жастардан осындай жазушының мына кітабын оқып па едің деп сұрайтындар бар екен деген де ойға қаласың. Сондықтан өмірден озған белгілі жазушылардың есімдерін құрметтеуге де ықылас танытатындардың қарасы азайып барады.
Осы орайда біз жазушы Сейітқұл Оспановтың балаларға арналған өлеңдері мен әңгімелерінің әлдеқашан мектеп мұғалімдерінің қосымша оқу құралына айналғанын айтқымыз келеді.Интернетті қарай отырып, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Құттықожа ауылындағы №164 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлназ Әділованың, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы селосының №1 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Бақытгүл Жантілеуованың және Астана қаласындағы №35 мектеп-гимназияның ұстазы Зәуре Кемалованың жазушының «Шыбын мен көбелек» атты өлеңін талдай отырып, бастауыш сынып оқушыларына тіл ұстарту, қоршаған ортаны танытудың әдемі әдістемесін ұсынады. Ұстаздар жазушы Сейітқұлдың бала психологиясын дөп басатынын аңғартады.
Сейітқұлдың жоғарыда атап кеткен өлең кітаптары мен прозалық шығармаларында балалар мен оқушыларға тәлім-тәрбие мен үлгі-өнеге беретін осындай дүниелер көп. Ал оқырман көңілінен шыққан повестері мен эсселері өз алдына бір бөлек, кесек туындылар. Сондықтан, оқырманы көп жазушы дүниеге келген Қазалы ауданының бір мектебі мен көшесіне елі үшін еңбек еткен перзенттің есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Иә, Сарыбұлағының сүйікті ұлынан елінің Сейітқұлына айналған сырбаз жазушы Сейітқұлды Сыр елі сағынады. «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп ұлы ақынымыз Абай айтқандай, туған жердің атын елге танытқан қаламгердің есімі қандай құрметке де лайық деп ойлаймыз.
Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
07 желтоқсан 2017 ж. 2 520 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.
Атамның әңгімесі

Атамның әңгімесі

03 мамыр 2024 ж.
Кіндік шешеңіз кім?

Кіндік шешеңіз кім?

12 наурыз 2024 ж.
Көнеден қалған мұра

Көнеден қалған мұра

20 ақпан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930