Ауылды дамыту – игі іс
ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ «БОЛАШАҚҚА БАҒДАР: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» АТТЫ МАҚАЛАСЫНДА ЕЛІМІЗ БОЛАШАҚТА ҰЛТТЫҚ КОДТЫ САҚТАЙ ОТЫРЫП, ЖАҢҒЫРУ ҚАЖЕТТІГІ БАСА КӨРСЕТІЛГЕН.
ҰЛТТЫҚ КОД – ҚАЗАҚТЫҢ БОЛМЫСЫ. ЖАҺАНДАНУ КЕЗЕҢІНЕ ЖҰТЫЛЫП КЕТПЕЙ, ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ АСЫЛ ҚАСИЕТТЕРДІ САҚТАП ҚАЛУЫМЫЗ КЕРЕК.
ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ МАҚАЛАСЫ – ДЕР УАҚЫТЫНДА ҚАЗАҚСТАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫН ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕТІН КЕРІТАРТПА ӘДЕТТЕРДЕН АРЫЛУҒА ШАҚЫРЫП ОТЫРҒАН ТАҒЫЛЫМЫ МЕН ТӘЛІМІ МОЛ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰЖАТ.
ОСЫ ОРАЙДА, АУДАН КӨЛЕМІНДЕ АУЫЗ ТОЛТЫРЫП АЙТАРЛЫҚТАЙ ЖАНҒА ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР БОЛЫП ЖАТЫР.
СОНДАЙ КӨЗАЙЫМ ЖАҢАЛЫҚТЫҢ БІРІ – СОНАУ ШЕКАРАЛЫҚ АЙМАҚ, ХАЛЫҚ БАТЫРЫ ЖАНҚОЖА БАБАМЫЗДЫҢ АТ ТҰЯҒЫНЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН ҚЫЗЫЛДЫҢ ҚИЯСЫНДА ОРЫН ТЕПКЕН АЖАР АУЫЛЫНДА БОЛЫП ӨТТІ.
ҰЛТТЫҚ КОД – ҚАЗАҚТЫҢ БОЛМЫСЫ. ЖАҺАНДАНУ КЕЗЕҢІНЕ ЖҰТЫЛЫП КЕТПЕЙ, ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ АСЫЛ ҚАСИЕТТЕРДІ САҚТАП ҚАЛУЫМЫЗ КЕРЕК.
ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ МАҚАЛАСЫ – ДЕР УАҚЫТЫНДА ҚАЗАҚСТАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫН ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕТІН КЕРІТАРТПА ӘДЕТТЕРДЕН АРЫЛУҒА ШАҚЫРЫП ОТЫРҒАН ТАҒЫЛЫМЫ МЕН ТӘЛІМІ МОЛ БАҒДАРЛАМАЛЫҚ ҚҰЖАТ.
ОСЫ ОРАЙДА, АУДАН КӨЛЕМІНДЕ АУЫЗ ТОЛТЫРЫП АЙТАРЛЫҚТАЙ ЖАНҒА ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР БОЛЫП ЖАТЫР.
СОНДАЙ КӨЗАЙЫМ ЖАҢАЛЫҚТЫҢ БІРІ – СОНАУ ШЕКАРАЛЫҚ АЙМАҚ, ХАЛЫҚ БАТЫРЫ ЖАНҚОЖА БАБАМЫЗДЫҢ АТ ТҰЯҒЫНЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН ҚЫЗЫЛДЫҢ ҚИЯСЫНДА ОРЫН ТЕПКЕН АЖАР АУЫЛЫНДА БОЛЫП ӨТТІ.
Ажар – «Қызылқұм» ауылдық округіне қарасты, жиырма шақты үйден ғана тұратын шағын ауыл.
Сәл кейінге шегінсек, «Ажар» елді мекенінің іргетасы 1959 жылы «Карл Маркс» совхозының (қазіргі Бекарыстан би ауылы) бөлімшесі негізінде қаланған.
Енді бұл елді мекеннің құрылуы мен еңбеккерлері жөнінде қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтың «Серпін» кітабында жақсы айтылып өткен.
«Серпін» кітабы бойынша, ауыл тарихын тарқатсақ, соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығы қалпына келтіріліп, колхоздар ірілендірілді, мал шаруашылығымен айналысатын мамандырылған ірі шаруашылықтар құруға байланысты иесіз жатқан Қызылқұмды зерттеу, игеру жұмыстары қолға алына бастаған.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар», – деп Ұлт көшбасшысы тарихи мақаласында айтып өткен сөздері бүгінгі біздің айтқалы отырған әңгімемізге арқау болмақ.
Жақында «Ажар» елді мекенінде туып, бірақ тіршілік толқынымен аудан, облыс көлемінде тұрып жатқан бірнеше жігіттердің ұйымдастыруымен жақсы бастама қолға алынды. «Көп түкірсе – көл» демекші, Ілиясов Төлепберген, Сапаев Бозғұлан мен Ерсайын және Сәдіров Әділхандардың бастамасына Ажар мен бұрынғы Сандал елді мекенінде туып-өскен азаматтар үн қосты. Қомақты қаражат жинап, ауыл маңында орналасқан екі үлкен қорымды қоршап, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Көп замандардан елеусіз қалса да, бірақ шағын ауылға есімі беріліп, ұрпақтан ұрпаққа ұлықталып келе жатқан Ажар Кебекбайқызының мәңгілік мекені қоршалып, кейінгілерге үлгі боларлықтай игі істер атқарылды. Өлі аруақтарға бағыштап, құран хатым жасалып, ас берілді.
Осынау шарапаты мол істердің басы-қасында жүріп, ауқымды шаруалардың тез әрі сапалы атқарылуына жауапкершілікпен қараған №146 негізгі мектептің директоры Руслан Ізбақышпен тілдескенімізде:
– Біздің ауыл – ауданнан алыс орналасқан елді мекендердің бірі. Солай бола тұрса да, үкімет тарапынан жақсы қолдау көріп отырған жайымыз бар. Жарығымыз, телефонымыз және тұщы су қондырғысы жұмыс жасап тұр. Ауданмен қарым-қатынас жолға қойылған, аптасына екі рет ауылдық округ орталығынан автобус қатынайды.
Ал бүгінгі ел болып, бірлесе атқарып жатқан шаруаға келер болсақ, бұл – көптен көкейде жүрген іс. Осы аймақта туып-өскен жігіттер қолға алды, уақытында бітірді, – деп шексіз ризашылығын білдірді.
Иә, «Туған жерді түлету – парыз» десек те, ынтымағы уыздай ұйыған шағын елді мекеннің ауызбіршілігі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ел-жұрт жаппай көшіп жатқанда бір көрінді. Сонда осы ауылдың азаматтары көшуге көлік таппағаннан емес, төрт түлік мал өсіруге жайлы аймақ болғасын, шаруасын шалқытып, қоныс аудармай отыра тұруды жөн көргені рас еді. Бұл отыра тұрғаннан ешқайсысы да жаман болған жоқ. Еттің семізі, сүттің дәмдісі, шұбаттың нәрлісі, қолдан піскен май, құрт-ірімшік – осы ауыл тұрғындарының «жыл он екі ай» азықтық өнімі.
Ал, қазір заман түзелді, үкіметтің де ықыласы бөлек. Көзін тапқан адамға кәсіп көп. Дегенмен шағын кәсіпкерлікті дамыту қолға алынса, «нұр үстіне нұр» болар еді.
Өйткені, Ажар елді мекені – төрт түлік мал өсіруге өте қолайлы аймақ. Кеңестік кезеңде 20-22-ге дейін қой отары болып, мал шаруашылығының өркендеп өсуіне үлес қосты.
Төрт түлік мал өсіріп, пайдасын көрем дегендерге қаншама жайылымдық жерлер бос жатыр, қаншама бұлақтар босқа ағып жатыр. Ауыл азаматтары немесе аудандағы кәсіпкер азаматтар үкіметтік несие бағдарламаларын алып, сұранысқа ие ет, сүт, шұбат, қымыз өндіру ісін дамытса, онда ауыл тұрғындарының әл-ауқаты бұдан да арта түсер еді.
Кең даланың таза ауасы, жанға жайлы тыныштығы, күндіз ыстық, кешке салқын құмы, емдік тұзы, табиғи таза азық-түлігі сыр берген денсаулықты жақсартып алуға ыңғайлы жағдай туғызады.
«Жел-құздан арылудың бір тәсілі – құм мен тұзға түсу» деп жататын бұрынғылар. Және мен де осы ауылда туып-өскендіктен, есімде қалыпты, шілденің аяғы мен тамыздың бас кездерінде ата-әжелеріміз құмға түсіп жататын. Ауыл айналасы ақ шағыл құмды төбелер, егер осыдан кәсіп табайын, елге пайдамды тигізейін дейтін қолы шипалы жандар болатын болса, Ажар елді мекенінің маңында құм да, тұз да дайын.
Ежелден емдік қасиетімен көпке белгілі «Қорғантұз» тұзы көне Қызылқұм ауылының аймағында орналасқан. Кезінде бұл тұзға түсіп, ауруынан құлан-таза айығып кеткендер бар.
Қазір қол қусырып қарап отыратын уақыт емес, осындай халыққа пайдалы жерлерді ашуға жағдай туғызу керек-ақ. Іскер азаматтарды жұмылдыру қажет. Әрине, ол үшін ынта керек, ықылас керек, ұйымдастыру керек.
Ат төбеліндей шағын ауылдың тыныс-тіршілігі мен алдағы уақытта қолға алынса деген ойдан туған ықтимал мүмкіндіктерін тілге тиек еттік.
Ол үшін «Қызылқұм» ауылдық округіне қарасты бұл елді мекенді дамытудың тиімді жолдарын аудан басшылығы назарда ұстаса деген игі тілегімізді жеткізгіміз келеді.
Сәкен ҚАБЫЛОВ.