Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Табиғи тазалықты жоғалтпайық

Табиғи тазалықты жоғалтпайық

Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлмен рухани жаңғыру тақырыбы төңірегінде әңгімелескен едік. Халық қалаулысы сұхбат үстінде орамды ой, пайымды пікір айтты. Соны назарларыңызға ұсынамыз.
Бақытбек Смағұлұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан сіз қандай ой түйдіңіз?
– Бұрынғының жолын, бүгінгінің жөнін, болашақтың бағытын айқындап берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тартуды» ұсынғаны мәлім. Мұның отбасы тәрбиесіне де тікелей қатысы бар.
Парламент депутаты ретінде әртүрлі шараларға қатысқанда, ел аралағанда, сондай-ақ, ұзақ жылдардан бері «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы атынан әскери патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізу барысында бір жайтқа көз қанығып, көңіл сенді. Ол жайт – отбасында баланың мейірім мен шуаққа бөленуінің қажеттілігі. Бұл балаға қуат береді, көңілін кеңейтеді, жанын жайсаң етеді. Оның өміріне нұр шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқайды. Өмірде ана алақанының қызуы мен әкенің асыл тәрбиесін ең жеңсік ас та, аста-төк байлық та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды.
Отбасында мейірім көрмеген бала рухани тәрбиеден ада болып өсуі, өзін ұлттан саяқ ұстап, өзге жандарға өшпенділікпен қарауы ықтимал. Мұндай азаматтар әртүрлі жат ағымдар мен экстремистік топтар үшін әлеуетті күшке, дайын материалға айналып кетуі ғажап емес. Оның үстіне рухсыздық, руханиятсыздық – кемел қоғам үшін жат құбылыс. Ол – болашағы біртұтас ел құру жолындағы басты бір кедергі. Батыр ата-бабалары өз ұлты үшін арпалысқан, жұртын ақсатуды емес, асқақтатуды ойлаған. Олардың ұлық үлгісі ұлттық құндылық ретінде жас ұрпақ құлағына құйылғаны абзал.
Бүгінде әлем жұртшылығы алдында адамзат үшін өмірлік маңызды үш өзекті міндет тұр: оның біріншісі – руханиятты, екіншісі – бейбітшілікті, үшіншісі – табиғатты сақтап қалу. Бұлардың қай-қайсысы да біздің тіршілігіміздің бас¬ты бағдары. Бір-бірін толықтыратын ұғымдар. Осы үш бастауға Қазақстандағы әрбір азаматтың, әрбір отбасының болашағы байлаулы. Ендеше болашағы біртұтас ел құру жолында Отанымыз бен отбасымыздағы бейбіт өмірді, ұлттық құндылықтарды, рухани және табиғи тазалықты ұстап тұруға ұмтылайық, бұл міндетімізге жауапты қарайық, ағайын.
– Осы орайда туған жерге қалай қызмет қылуға болады деген сауал туындайды.
– Менің туған өңірім – «Сыр алаштың анасы» деп Елбасымыз айтқандай, қасиетті де құдіретті Сыр елі, жыр елі. Ет жүрегім елжірейтін ерекше мекен. Азаттық аңсаған ата-бабаларымыз талай қиындықты бастан өткерді. Жаулармен жағаласып, жерін қорғады, еліне қорған болды. Қазір шүкір, өз жеріміздің қожайынымыз. Бағыт-бағдары айқын іргелі, тәуелсіз елміз. Ендігі мақсат – тұтастық пен тұрақтылықты сақтай отырып, мұратқа жету. Сондықтан, ең бастысы – туған жерді, Отанды сүю. Атамекенін, туған топырағын қадір тұтқан жан одан құрметін де, қызметін де аямайды. Мен туған жерім туралы:
Дабылдатқан көк түріктің ұлы елі,
Сырдың елі – алты алаштың жүрегі.
Қобызымен ажалға да көр қазған,
Қорқыт десем бүкіл әлем біледі.
Мен бабаның болмысына тамсанам,
Адамдықтың ақ жолында шаршаған.
Өмір байлап қыл ішегіне қобыздың,
Мәңгі өмірді, мәңгі елді аңсаған.
Содан болар даңқы артқан ғаламнан,
Рухы мен беттесесің даламнан.
Өлмейтұғын өнер қалған артында,
Өлмейтұғын өмір қалған бабамнан.
Кім дарытар құдіретін бақыттың,
Кім бағалар асыл құнын жақұттың.
Қасиетті қобызынан Қорқыттың,
Тізелері қалтырады уақыттың,
Азаттық та бақ сияқты қонатын,
Азаттығын кім сүйе алса сол ақын.
Ұлы Қорқыт қобыз болып үн қатқан
Мәңгілік ел мұраттары болатын,»– деп толғағым келеді.
Сол мұратты біз бағалап, пайдалана білуміз керек.
– Қазір кез келген дәстүрімізді «бізде бұрын болған» деп жазып бастаймыз. Осы тұста Елбасы мақаласының ұлттық тәрбиені, салт-дәстүрді брендке айналдыруда ықпалы бола ма?
– Әрине, ықпалы болады. Көненің қадірін біліп, оны жаңғырту керек. Әр халықтың ерекшелігі бар. Сананың жаңғыруы үшін өзіміздің салт-дәстүрімізді жандандырған жөн. Олардың мән-мағынасын сақтап, орындау жағын заманға лайықтау керек. Сонымен қатар, сол дәстүрлердің пәлсапасы қандай екені әрдайым насихатталып отырса игі. Ол үшін білім алу маңызды.
Алтыннан артық уақытымыз барда күш-жігерімізді ұлттық тәрбиені брендке айналдыруға арнауымыз керек.
Қазір еліктеуші жастар көп. Шет елдің арзан дүниесін алып, өзіміздікін өзекке тебеді. Осы орайда оларға тәрбие, түсіндірме жұмыстары ауызша айтылғаннан іс жүзінде көрсетілгені орынды. Ауыл – қазақылықтың нағыз ортасы. Ауылдан келген балалар қалаға еліктеу емес, тек қана бейімделу керек. Ауыл мен қала баласының басын рухани жаңғыру біріктіреді. Ең маңыздысы – әр ұлттың бойынан өзіне тән қасиеті, өзіне тән иісі шығып тұруы керек.
– Маған қазіргі кейбір жастар елге емес, беделге қызмет ететіндей көрінеді. Туған жерді түлетуді емес, абырой-атаққа бөленуді алға қоятындай. Бір іс жасай қалса, мақтаншылыққа бой ұрып, жарнамалап жатады...
– Туған жерге кіндігі байланбаса, елдің азаматы бола алмайды. Ер азамат өзін-өзі мақтау үшін емес, елі мақтауы үшін жұмыс істеуі керек. Мәселен, «ауылда ештеңе жоқ» деп қарап қалуға да болмайды. Жоқтан бар жасауға болады. Ең алдымен, халыққа қызмет етемін деген жан өзі туған ауылында бағасы, орыны, қадірі, сыйы болуы керек.
«Мен өйтіп едім, мен бүйтіп едім» деп жинаған абырой алысқа апармайды. Беделіңді көтеретін, абыройыңды арттыратын – халық. Сондықтан, ең бірінші елге еңбек ете берсең, абырой да, атақ та, бедел де өзі келеді. Мақтауыңды асыратындар да табылады.
– Әңгімеңізге рахмет. Жаңару жолындағы жолымыз жарқын болғай!
Сұхбаттасқан:
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА.
25 қараша 2017 ж. 2 081 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930