Ел ардақтысына айналған ақын
Биыл ауданымызда Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, талантты ақын Жетіскен Мәкеналының 65 жылдығы жыл басынан бері аталып өтуде. Осыған орай мәдениет ошақтары мен білім шаңырақтарында түрлі мазмұндағы рухани шаралар ұйымдастырылды. Оның өмірі мен шығармашылық жолы кітап сүйер оқырман қауым мен жалпы жұртшылыққа жан-жақты насихатталды.
Өткен жұма күні Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Тағдырмен тілдесу» атты кеш болып, көпшілік «Артында өлмейтұғын сөз қалдырған» қарымды қаламгерді тағы да еске алды.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Мұрат Ергешбаев жерлес журналист-жазушы, ақын Жетіскен Мәкеналының еңбек жолы мен елдің қоғамдық-саяси тірлігіне қосқан үлестерін тілге тиек етті.
Тарих беттерін парақтасақ, Балқы Базар, Тұрмағамбет, Нұртуған, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары секілді жүрегіне жыр жауһарын жинаған Сыр шайырлары бірінен соң бірі тізбектеліп кете береді. Осындай таланттар мен дарындарға қасиетті Қазалы топырағы да кенде емес. Арқалы ақындар мен жазушылардың арасынан сырлы жырларымен оқырманының сүйіктісіне айналған Жетіскен Мәкеналыны бөліп айтуға болады. Ол ауданның ғана емес, Сыр өңірінің рухани-мәдени және қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік дара қолтаңбасы қалған тұлға болатын. Жетіскен ағамызды ел-жұрт бүкіл саналы ғұмырын мәдениет пен әдебиетке арнаған, қарапайымдылығы және әділдігімен танылған айтулы да бетке ұстар ірі азамат ретінде жақсы біледі.
Еңбек жолын медицина саласынан бас¬тап, «Ленин туы» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Ғани Мұратбаевтың тарихи-мемориалдық музейінің директоры, аудандық «Қазалы» газетінің директоры, бөлімше жетекшісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған оның еңбегі – баршамыз үшін әркез үлгі, өнеге.
Жетіскен Мәкеналы ауданның мәдениет саласын да басқарғанын білеміз. Мәдениет үшін ең қиын жылдар – сындарлы кезең Жетіскен ағаның басшылығымен өтті. Бұл қызметте іскер басшы, табанды тұлға болып қана қоймай, қарбаласы мол жұмыстың ұйымдастырушысы ретінде танылды.
Жетіскен Мәкеналы, сондай-ақ өлке тарихын зерттеуде де көп еңбек етті. Ел мен жер тарихы жайлы «Ортаймаған қазаны – Қасиетті Қазалы», «Асандар көтерілісі», «Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы», «Ғани тағылымы» жинақтарын құрастырды. «Нұрбай би», «Ел мен Ер» прозалық кітаптары мен «ХХІ ғасырға аманат», «Тағдырмен тілдесу» атты жыр жинақтарын жарыққа шығарды. Ал бүгінгі күні оның шығармалары өскелең ұрпаққа тағылымы мол мұра болып қалды, – деді аудан басшысы.
Мінбер төріне көтерілген Жалаңтөс баһадүр атындағы республикалық қордың президенті, Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы Нажмадин Мұсабаев: «Әрбір жердің қадірлі перзенттері болады. Жетіскен де Қазалының ардақты азаматтарының бірі. Оның басқалардан ерекшелігі – туабітті дарынды ақын еді. Жәкеңнің сөзіне жазылған «Қазалы вальсі» әні бүгіндері туған өлкесінің гимніне айналған.
1995 жылы Қазалы ауданының әкімі лауазымына келгенімде ауданның құрылуының 70 жылдығына байланысты «Ортаймаған қазаны – қасиетті Қазалы» кітабының шығуына қажымай-талмай қаламгерлік қуатын жұмсады. Үш мың тиражбен жарық көрген бұл дүние қазірде оқырман қауымның қымбат қазынасы саналады», – деп жүрекжарды лебізін ақтарыла жеткізді.
Бұдан соң «Қазақстан РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Жағыппар Қарабала, ақын-режиссер Оңталап Нұрмаханов, Арал қаласындағы «Сыдықовтар» ансамблінің жетекшілері Мұрат пен Базаркүл Сыдықовтар, ақын Толыбай Абылаев ыстық ықылас, ақ пейілдерін білдірді. Өнер айдынында қатар жүрген замандастар орталарынан алыстаған аяулы жанның жақсы қасиеттерін сағынышпен еске түсірді. Адамгершілік болмысы туралы бүкпесіз сыр шертті. Мұрат пен Базаркүл ақынның жары Марияш Марданқызының иығына камзол жауып, басына ақ орамал тағып, ізет көрсетті. О.Нұрмаханов пен Т.Абылаев арнау өлеңдерін оқыды.
Еңселі елі мен қасиетті туған жерінің ардақтысына айналған ақынға арналған кеш барысында оның жақында ғана Алматы қаласындағы «Арыс» бас¬пасынан шыққан «Нұрлы ғұмыр» атты кітабының тұсаукесері өткізілді. Айтулы туынды белгілі кәсіпкерлер Самұрат Имандосов пен Мінәжадин Өтеевтің демеушілігімен жарық көрді. Бір топ өлеңдері оқылып, оған арналған жыр шумақтары тыңдармандар жүрегін толқытты.
Сонымен бірге, аудандық мәдениет орталығы мен «Атамұра» халықтық ансамблінің мүшелері Ж.Мәкеналының сөзіне жазылған «Сағындым сені, Аранды», «Аралым – аяулым», «Ардагерлер», «Өмірімнің сенсің ыстық ұясы», «Қазалы вальсі» әндерін орындады. Аудандық орталық кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Жамылып жырдың шекпенін...» атты кітап көрмесі де келушілердің көңілінен шықты.
Еске алу кеші аясында өткізілген облыстық жазба ақындар мүшәйрасының бас жүлдесін аралдық Биболат Сәтжанов иемденді. Бірінші орынды Айғаным Құрмашева, екінші орынды Ұлықбек Тәңірбергенов, Бекжан Ержігіт, үшінші орында Айтмағанбет Темірханов, Айдар Сайлауов, Ақжол Түменбаев өзара бөлісті.
Сол күні Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр мешітінде ас беріліп, абзал азаматтың рухына құран бағышталды.
Сахи ҚАПАР.