Дін тұтастығы – тұрақтылық кепілі

Алқалы жиында облыстық “Ақмешіт-Сырдария” орталық мешітінің бас имамы Болатбек Абуов жастарды теріс ағым жетегінде кетпеу бағытында жұмыла жұмыс жасауға шақырды. Бұл ретте сала мамандары діни сауатын жан-жақты дамыту қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ арнайы шақыртылған Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Жалғас Сандыбаев баяндама жасады. Ол «БАҚ өкілінің діни сауатты болуы заман талабы» тақырыбында ой қозғады. Философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Садуахасұлы ғұлама әл-Фарабидің араб тілінде жазылған түпнұсқадағы жазбаларын аударған. Осы еңбегіндегі “Адам бақытқа жетелейтін ұстазға мұқтаж” және “Білімсізге көп нәрсе теріс” сөздері қай кезде де өміршең екендігін атап көрсетті.
– Ертеректе даналар “Мен күнде жеңіліп шығамын” деп іштей қынжылады екен. Себебі білімсізді жеңу мүмкін емес. Оған ілімді жеткізу үшін оның көзі ашық болуы тиіс. Сондықтан да әрбір адамға бағыт-бағдар беретін ұстаз қажет. Соңғы уақыттары саляфизмнің белең алу себебі олар әлеуметтік желіні ұдайы қолданады. Осыған орай біз де дін саласындағы мамандарға әлеуметтік желіде насихат жүргізуді тапсырдық. Бұл халықтың теріс ағымның жетегінде кетпей, діни сауатын ашуға бірден-бір көмек, – деді Ж.Сандыбаев.
Маңызды басқосуда «Kazislam» ақпараттық-ағартушылық интернет порталының бас редакторы Саясат Қабдрахманов «Дін мәселелері тақырыбында БАҚ-та ақпарат жариялау этикасы» жайлы мол мағлұмат берді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА