Бала қыранның ерлігі
Атам бір ертегі бастады. Бәріміз ұйып тыңдадық. Бүгінгі айтқан ертегісі бала қыран туралы еді. Қолға үйретілген бала қыран аң аулап, бір елді асыраған мергеннің сенімді серігі, айнымас досындай болып, оны қаншама қауіп-қатерден құтқарады.
— Баяғы өткен заманда топан су қаптап жаһанға, қауіп төнген адамға. Қызыл су көбейген үстіне көбейіп, қара жердің бәрі су астына кетеді. Алақандай ғана шағын ауылдың адамдары бір биік таудың басына шығып, аман қалады. Топан судан қашқан жабайы аң-құстар да, жыбырлаған құрт-шаяндар да өрмелеп тауға шығып алады. Күштілері әлсіздерін жолынан ығыстырып тау-тасқа, сөйтіп басына сауға іздеп бір-бірлерімен айқасқа түседі. Қаншама аң мерт болады, бір-біріне жем болады. Осындай айқастардың бірінде азулы қасқырдың қаншығынан мерт болған қыранның шың басындағы ұясында балапаны жетім қалған еді. Әлі қанаттана қоймаған бала қыранның анасын іздеп шаңқылдағанын естіген Құлан деген жас бала оны аяп кетеді. Сөйтіп балапанды құтқармақ болып шың басына шықпақшы болады. Әкесінен мұраға қалған мүйіз сапты кездігін беліне байлап, мойнына дорбасын іліп, құз басына қарай өрмелейді.
Ойдан-қырдан, шөлден, даладан бас сауғалап қашып келген қоян, түлкі, күзен сияқты ұсақ аңдар да құздың басына қарай өрмелеп шығып кеткен екен. Олар тіпті Құланның аяғына оратылып, жол беретін емес. Адамнан қорқып, қашпайды да. Бала қыранды аздап азықтандырып алайын деп ойлаған Құлан бір қоянды ұстап алады. Бір кезде шың басындағы ұяға да жетті-ау ақыры. Әлі қанаты қатаймаса да, бала қыран адамға кәдімгідей айбат көрсетіп, жолатар емес. Құлан қоянның етінен кездігімен кесіп, екі-үш кесегін аузына тосып еді, қылғытып-қылғытып жұтып алады. Әбден ашығып қалған екен. Бала қыран енді біршама жуасиын деді. Құлан да балапанды қолымен сипалап, өзіне жақындатып үйрете бастайды. Қоянның етінен тағы да кесіп береді. Осылайша біршама уақыт отырады. Сосын балапанды дорбасына салып, аузын байлайды. Құлан дорбаны иығына асып, төмен түсуге бекінеді. Баланың бағана шыңның басына шығуы оңай болған сияқты еді, енді түсуі тіпті қиындап кеткендей. Балапанның да әжептеуір салмағы бар екен. Күн батып, айнала төңіректі қараңғылық басқан кезде, ауыл адамдары паналап отырған тас үңгірге әрең жетеді.
Құланның кешіккеніне анасы да алаңдап, уайымдап отыр екен.
— Әй, құлыным-ай, адамдар қайтсек жанымыз аман қалады деп бастары қатып отырса, сен болсаң қайдағы бір тағы құсқа араша түсіп, сол үшін өз басыңды қауіпке тігіп жүрсің. Соншама азаптанып алып келген құсың ертең қанаты қатса, «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп ұшады да кетеді ғой. Сенің жасаған бұл жақсылығыңды дала тағысы қайдан түсінеді дейсің, — деп кейіген болды.
— Апа, мұны да Алла жаратты ғой. Әлі сарыезу балапан аштан өлсе, обал емес пе?
— Мен де обал-сауапты білемін ғой, ұлым. Ал егер де сен құздың басынан ұшып мерт болсаң, обалың кімге болатынын ойладың ба?
— Мен аман-сау оралдым ғой. Әлі-ақ бұл бала қыран бізді асырайтын болады, апа. Тауда жабайы аң-құстар көп, аш қалмас-пыз, — деп жұбатты Құлан анасын.
Уақыт өтіп жатты. Тау-тастағы ауыр тұрмыс адамдардың жандарына әбден батты. Бүкіл жер бетіндегі тіршілік иелерінің өмірлеріне қауіп төндірген топан су да бірте-бірте қайта бастады. Бала қыран болса өсіп, екі жаста — қантүбіт, үш жаста — тірнек, төрт жаста — тастүлек болып, ал бес жасында нағыз мұзбалаққа айналады. Құлан оны алғашқы кездерде қоян, қырғауыл сияқты ұсақ аң-құстарға салып жүріп әбден баптайды. Бір күнде бірнеше қояннан алатын болады. Құсы алған аң-құстардың бәрін Құлан ауылдастарына үлестіріп береді. Қыранның шеңгеліне кей күн-дері елік, тау ешкілері де ілініп қалады. Әйтеуір ауыл адамдары ашықпай өмір сүріп жатты.
Арада айлар аунап, жылдар жылжып өтіп жатты. Қызыл су кейін қайтып, жер кеңиді. Осы уақытқа дейін таудың басында адамдармен қатар өмір сүріп келген жабайы хайуандар да жан-жаққа тарап, өздерінің үйреншікті мекендеріне қайтады. Құланның ауылдастары да атақоныстарына көшеді. Топан судың астында қалып бүлінген үйлерінің орындарына жаңадан баспаналар тұрғызады. Сөйтіп жаңа өмір басталады. Құлан өсіп, зіңгіттей жігіт болады. Ол садағымен ұшқан құсты, қашқан аңды құтқармайтын сұрмерген атанады. Бала қыраны да Құланға ұқсаған нағыз сұңғылаға айналады. Елі болса қашан малданып, ауыздары аққа жетіп әлденгенше Құлан мергеннің садағының жебесі мен қыранының шеңгеліне тәуелді еді. Өйткені сұрмергеннің қанжығасы майланбай қайтқан күн болған емес.
Бірде Құлан әдеттегідей Жебе деген құмай тазысын ілестіріп, Сүлікқара деген атына мініп, аңға шыққан еді. Жерде қырбақ қар бар. Бала қыраны Құланның иығында отырған. Бұлар ауыл сыртындағы жотадан асып түскенде алдарынан бір топ арқар қаша жөнеледі. Басқа жақтан ауып келген сияқты. Құлан иығында отырған қыраны қанатын қомдап, мазасыздана берген соң оның балақ жібін шешіп алып, томағасын сыпырады. Шырқау биікке көтеріліп алып, аққан жұлдыздай төмен сорғалап барып топ арқардың бірінің белінен қайырып, тыпырлатты да қойды. Құлан Сүлікқарасымен құйындатып жетіп барғанда арқар томардай мүйізді басын жерге соққылап жатыр екен. Тездетіп атынан секіріп түседі де, мүйіз сапты кездігімен арқардың кеңірдегін орып жіберіп, әлі бүлкілі басыла қоймаған арқардың жүрегін суы-рып алып, қыранына жұтқызады. Нән арқарды алдына өңгеріп, ауылға қайтқан Құланның алдынан бір топ қасқыр шыға келеді. Қашқан арқарлардың ізімен қуып келе жатқан болса керек. Тілдері салақтап, қарындары шұрқырап, ұзақ жортқан сияқты. Олар енді олжаларынан айырған аттылы адамды қоршауға алады. Сөйтіп айнала шоқиып-шоқиып отыра қалысады. Құлан да сасқан жоқ. Өйткені ол нағыз ержүрек батыр болатын. Алдына өңгеріп алған арқарды жерге, қардың үстіне тастай салады. Сөйтіп қасқырлармен айқасқа сайланады. Иығындағы садағына қорамсағындағы жебесінің бірін салып, топтан шеттеу отырған арланды нысанаға алып, шірене тартып қалады. Оқтай зулаған жебе көкжалдың дәл жүрегіне барып қадалады. Арс етіп аспанға секіріп барып, топ етіп жерге қайта құлаған арлан қасқыр азуын ақситып жебені қауып алғанда, жартысын сындырып жібереді. Ұшына жыланның уы жағылған жебе өз міндетін мүлтіксіз атқарады. Арлан лезде-ақ жантәсілім етеді. Өзге қасқырлар болса түкке түсінбегендей, әлгінің жанына үймелеп қалады. Осы сәтті оңтайлы пайдаланып, Құлан жылдамдатып тағы екі-үш мәрте садақ тартып, бірнеше қасқырды топалаң асырады. Қасқырлар да адамға қарсы шабады. Жебе тазы да бір қасқырмен арпалысып жатыр. Ат үстіндегі адамға қарай атылған көкжал қасқырдың тұмсығына сойыл тигенде қан бұрқ ете қалады. Сүлікқара кісінеп, аспанға секіріп тулайды. Садақ атамын деп тізгінді уысынан шығарып алған Құлан атынан ауып құлайды. Бала қыранды да босатып жібергенін енді ғана аңғарады. Екі қасқыр қар үстінде жатқан арқарды ашқарақтана жәукемдеуге кіріссе, екі қасқыр Сүлікқараны қуып кетеді. Сүлікқара қырдан асып, ауылға қарай төтелей тартады.
Бір қолында кездігі, бір қолында шоқпары бар Құлан қасқырлардың ортасында қалады. Ешқайсысын өзіне жақындатар емес. Бір кезде қасқырлардың біреуі шаңқ ете қалады. Құлан жалт қарайды. Бала қыран түскен екен. Қасқыр төбесінен түскен тажалды аңғармай қалса керек. Қайқаң етіп құлап, тыпырлауға шамасы жетпей қалады. Құлан жетіп барып, қасқырдың басынан шоқпарымен аямай соғып жібереді. Қыранын көтеріп алып, аспанға қарай ұшырып жібереді. Осы кезде бір қасқыр келіп, Құланның балағынан қабады. Қонышы қалың былғары етігі дала тағысының қанды азуынан сақтап қалады. Құлан қолындағы шоқпарын да, кездігін де жауына қатар сілтейді. Қаңқ деген ащы дауысы шыққан қаншық қасқыр қар үстінде тыпырлап қалады. Құлан оны тағы да шоқпарымен аямай соққылайды. Біржола үні өшеді қасқырдың. Өзінен бірнеше қадамдай жерде Жебе тазысымен арпалысып жатқан қасқырдың күш алып бара жатқанын аңғарған Құлан оған да шоқпарын жақсылап бір сілтеп үлгереді. Қаңқ деп аунап түскен қасқырды Жебе енді астына басып алып, тамағын езгілеуге кіріседі. Қасқырлардың қан көрсе, одан сайын еліретіні бар. Енді олар бірін-бірі талауға түсті. Әлі де бір-екеуі Құланды қамалап, қалар емес. Бір кезде аспаннан сорғалап ағып келе жатқан Бала қыранның шаңқ еткен ащы дауысы естілген еді. Құлан шалқалай аспанға қараймын дегенше-ақ өзіне қарай ұмтылған екі қасқырдың біреуі арс ете қалады. Көзді ашып-жұмғанынша қыран мен қасқыр ұмар-жұмар арпалысып жатты. Жан беру оңай дейсің бе? Қаншық қасқыр аштығы бар, ашуы бар, амалын тауып, қыранды бір қауып үлгерсе керек, ол шаңқ ете қалады. Құлан құсына болысуға үлгермей қалады. Өйткені жаңа әлгінде Сүлікқараның соңынан қуып кеткен екі қасқыр тілдері салақтап, қайтып оралған еді. Енді олар үшеу болып, Құланға ауыз салмақшы. Қасқырлар тағы бір айлаға көшті: үшеуі адамды қоршап, артқы аяқтарымен қар шаша бастайды. Ақ түтек боран борап, көзді аштыратын емес. Осы кезде ата жауын о дүниеге аттандырған Жебе тазы да иесінің қасына жетіп келген еді. Қасқырлар — үшеу, бұлар екеу болып, өмір үшін айқаспақшы. Азуы әбден қанға боялған құмай тазы тіпті күшейіп алғандай, арс-арс етіп топ қасқырға қаймықпай ұмтылуда. Осылайша біршама уақыт өтеді. Құлан жаңа әлгінде былғары етігінің сыртынан ба-лағын қаптырғаны болмаса, әзірге өзіне қасқырлардың азуын тигізбей жүр. Бір кезде қыр жақтан иттердің шабалана үрген дауыстары естіледі. Артынша адамдардың да айқай-шулары шығады. Сүлікқара кісінеп, ауылға жетісімен-ақ ауылдастары көмекке суыт аттанған екен. Айқай-шудан жасқанған үш қасқыр желе жортып жөнеледі.
Құлан қыранына қарай ұмтылады. Қасқырдың беломыртқа-сын сындыра шаншылған шеңгелі сіресіп қатып қалған Бала қыранның өзі де мерт болған екен. Қасқыр да өліп жатыр. Құлан қыранын құшақтап, өкіріп жылап жібереді.
— Қайран, қыраным-ай! Сұңғыла қырағым-ай! Теңеуі жоқ, тең емес айқаста иеңді тура келген ажалдан арашалаймын деп мерт болдың-ау! — деп тебіренеді ол.
Құлан мүйіз сапты кездігімен бетін қар басып, тоң болып қатып қалған қара жерді шұқылап, қаза бастайды. Ұзақ қазады жерді. Ақыры тізеден келетін шұңқыр қазып, қыранын көмеді. Үйілген ылғал топырақтың үстіне кездігін шаншып қояды.
Бала қыранның көзсіз ерлігі туралы ел арасына аңыз тарайды. Міне, балалар, сол аңыз туралы мен енді сендерге әңгімелеп бердім. Естеріңде сақтаңдар мұны.
bilim-all.kz