Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылды аштықтан құтқарған қыран

Ауылды аштықтан құтқарған қыран

Алтайдың өріндегі Өрмегейті асуы­нан асқан соң жалғызаяқ соқпақ жол ылдилап барып Құрымтыға құлайды. Бұл табиғаты әсем өлке. Сонау шығыс-солтүстікте мұнартып тұрған қасқа шыңның оң қапталын жанай созылған қарағайлы алқапты біздің ел «Жолты жайлауы» дейді. Жайлаудың күнгей бетіндегі ескі сүрлеуді қуалап барып, мәңгі мұздақтың төменгі етегін сүре өрлейтін қия жол Қобда бетіне асатын жалғыз сорап. Сүрлеу-сорапты қыста қалың қар басып қалады. Тек жаздың үш айында ғана қатынас бар.
Жолты жайлауына түнеген қос салт атты таң бозымен жол­ға шығып, Қозы көлдің сыр­тын­дағы Бүркіт тауы­на қарай ылдилап келеді. Жолау­шылардың үлкені сақал-мұр­тын қырау шалған жасамыс адам да, қасындағысы түбіт мұрты енді-енді тебіндеп келе жатқан бозбала. Бұлар күн арқан бойы көтерілгенше көлдің қысқа мойнын айналып өтіп, Сарымсақтыға тұяқ іліктірді. Алда Көкмойнақ ке­зеңі. Аттылар сылбыр аяңмен кезеңге шыққанша күн бесінге аунады. Кезең үсті теп-тегіс құй­қалы-шүйгін алқап екен. Жолау­шылар әдеттегідей ат шалдырды. Жасамыс жігіт ағасы үстін­дегі қоңыр барқыт шапанын шешіп, құлақ түбі тершіген қара­гердің шап айылын сәл босатып, ауыздығын алды да, отқа қоя берді. Шапанын жайып жіберіп сапар намазын өтеп, серігін қасына шақырды. Түбіт мұртқа сонау күн астындағы бұлт ішінен бұлдырап көрінген биік құзды нұсқап: «Бұл атақты Қыран шыңы. Осы шыңның көлеңке түсіп тұрған ана бір биігінде таудың қозыбас малта тасынан үйіп жасаған үлкен оба бар. Оны ел «Бүркіт оба» деп атайды. Бала кезімде әкем мені обаға ертіп барып, тарихын айтып еді...» деді. Жігіт ағасы шығысқа қарай жөң­кіле көшкен қою бұлттың кірсіз шаңына шомылып, Ал­тай­дан аса соққан Қобданың қы­зыл желінің өтіне тұлабойын сүй­гізіп, ұшар биіктегі Бүркіт обаға ұз-а-қ қарады. Санасында сапырылысқан сан сұрақтың жауабындай жанарынан бір тамшы жас үзіліп түсті. Қасындағы түбіт мұрт бозбалаға бір қарады. Жонның сиыркөз шөбін бырт-­бырт жұлып жайылған қара­герге бір қарады. Қыран шы­ңы­ның мұз дуылғалы ұшар басын­дағы күміс мұздақтан күнге шағылысып құлаған қарлы сағымға оранып манаураған «Бүркіт обаға» тағы бір қарап алып жітіт ағасы әңгімесін бас­тады. Осыдан екі ғасыр бұрын со­нау өте алыс жылдары Қара Ер­тіс­ке құятын Қырансудың тұйық басы Сенгір шатқалын қыс­тап шыққан ел жаз жайлауға кө­шеді. Жайлау Алтайдың теріс­кейі Мұзөзеннің үстіртіндегі Үсіген қырқасында. Көктемнің қар-суы кеппей төр жайлауға ерте шыққан ауылға бір топ орыс жиһанкездері келеді. Олар жер-су аттарын картаға түсі­ріп, жергілікті халықтың тұр­мыс-салтын зерттейді-мыс. Өздері сонау Петербор дей­тін үлкен шаһардағы ақ патшаның қызметкерлері екен. Саяхатшылар азық-түлігі тау­сыл­ған соң таудың қоңыр аңын аулайды. Жайлаудағы ауылда оларға сойып беретіндей қоңды мал да жоқ, көктемнің көкөзек ша­ғы. Бір күні таңертең ел оянса шолғыншы жиһанкездер палаталарының маңында ауыз­дарынан ақ көбік ағып бірі қалмай өліп жатыр. Тегі олар ала қыстай інде жатып жаңа шыққан суырдың етін азық етсе керек. Қайдан білсін ұйқыдан тұрған аңның ауруы болатынын... Сұмдық көріністен шошын­ған ел ақсақалдары бір жігітті сай­лап, қос атпен екі күншілік жер Жайсан бекетіне шаптырады. Бекеттен бесатарын шошаңдатып казак-орыс жа­сағы келеді. Арасында қауға сақал доқтыры бар. Сөйтіп бір түнде ауылды әскер басып қа­лады. Солдаттар жайлаудағы бар малды етектегі елге қарай айдап тастайды да өлген адамдардың мүрдесін сол жерде өртейді. Ауыл­ды аса қатерлі індет-оба шықты деген желеумен қор­шайды. Жайлаудан адам тұрғай қия басып тышқан шықса ату­ға бұйрық беріледі. Бұл да бір Алланың сынағы деп түсін­ген жұрт сабыр сақтап, істің ақырын күтуге бел байлайды. Басқа қолдан келер қай­ран жоқ. Амалын тауып қашып шыққанның өзінде қайда бармақ. Шынымен оба жұқтырған болса ше... Қажет болса солдаттар елдің бәрін қы­рып сап ана жиһанкездер сияқ­ты өртеп жіберуге дайын... Ауылды солдат қоршаған күн­нің ертеңінде атақты Құ­сайын бүркітшінің баласы Құ­мар өткен қыста қосарлы сілеу­сін және бір ілбіске түсіп, ат аяғы жетер жердегі қазақты қай­ран қалдырған Құмайторы қыранын балақбауынан айырып ұшырып жіберген еді. Қыран иесінің білек-қарын солқ еткізіп бір тепті де, керме иығын жа­й­ып көкке көтерілді, пышақ шал­­ғысын ысқыртып ауылдың үс­тін бір айналып ұшып, қайқаң етіп Үсігенді асып кетті. Бұл бүр­кіт түзтағысы емес ұядан алған қолбала болатын. Бірнеше жылдың алдын­да Құсайын бүркітші Марқа­көл жақтағы нағашысына ағайын­шылып барып, қонақ болып жата­ды. Кешке жақын үлкен нағашысы атақты Жалманбет бидің тұқымы Түзелбай ақсақал жалшылықта жүрген қойшы балаға қамшы үйіріп ұрсып жатқанын көріп қалады. Себебін сұраса қойшы екі күннің бірінде мал жоғалтады. Онымен қоймай жоғалған тоқты-торымды бүр­кіт алып кетті деп өтірік айтады... Құсайын бүркітші қойшы баладан «шын айтып тұрсың ба?» деп сұраса анау «рас айтам» деп зарлайды. Құсекең жеті атасынан бүркітші, бірақ тоқты көтеріп кеткен бүркіт жайлы естімепті. Сол түні құсбегі көз ілмей таң атырады. Ертеңінде қойшыға ілесіп жайылымға шығады. Ол күні бүркіт келген жоқ. Үшінші күні түзтағысы көк­тен сорғалап түсті де, шетте жайылып жүрген ақ серкешті іліп алып, еш қиналмай қайта көтеріліп кетті. Құсайын құсбегі бүркіт көз ұшынан тайғанға дейін ұзақ қарады. Бұл жақын жердің құсы емес. Тіпті қанат қағысының өзі ерекше. Серкешті іліп әкеткенде шонтысы да майысқан жоқ, май сауытын жа­йып, көбе қауыр­сынын шашқан күйі екпін­дей қайта көтеріліп кетті... Арада ай өткен соң Құсайын құс­бегі баласы Құмарды және сыбызғышы жігіт Хамзаны ертіп құсты іздеп жолға шығады. Он­шақты күн жол жүріп, ана тұрған Қыран шыңның етегіне келіп тоқтайды. Аспанға қарап төрт күн жатады. Бесінші кү­ні биікте ұшып бара жатқан қыранды Құсайын бірден таниды. Бүркіт шыңды айналып көрінбей кетеді. Келесі күні бүркіт тағы көрінеді. Құсайын құсбегі бүр­кіт­тің бағытын анықтап алып, шыңның сыртын айналып барып, бұлт көмкерген құздағы құстың ұясын көреді. Өлдім-талдым дегенде жолдастарымен бірге тұяқ іліктірер түбір тастарға шалма тастап, өрмелеп ұяның дәл үстіне келеді. Ұяда жалғыз балапан отыр. «Нағыз қыран жалқы туады да, қатты аязға жұмыртқасын тастап қоя­ды. Жұмыртқа жарылмай нау­рызшуаққа жетсе басады. Жұмыртқа аязға шыдамай жарылса сары уыз күйінде қарлы шыңда мәңгіге қалады» дегенді қарт құсбегінің бала кезде үлкендерден естігені бар еді... Мынау сол жүз жылда бір туатын нағыз қыран болмасын. Ақырында үш арқанды бір-біріне жалғап сыбызғышы Хам­заны төмен түсіреді. Хамза балапанға жете алмай ұзын сырықпен оны шошытып ұя­сынан құлатады. Үріккен балапан далпылдап ұшып аңғарға түскенде төменде аңдып отыр­ған Құмар ұстап алады. Құсайын балапанды баласы Құмарға сыйлап, Хамзаға астындағы торы жорғасын мінгізеді. Ай өткен соң қоршаудағы ха­лық қолдағы азын-аулақ сүрі­сін жеп бітірген ашыға бастайды. Сырттан қатынас жоқ, күзет қатты. Ел ашығып жатқанда Құмардың бүркіті қалықтай ұшып келіп өзінің көнетоз қайың тұғырына қонады. Құ­мар­ды сырқат меңдеп жатқан. Екі ­баласы мен әйелі аштықтан бет-аузы көгеріп, ісіп кеткен. Қыран піштақтап жанарынан от шаша дүр етіп көкке кө­теріледі. Әп-сәтте семіз ор қоян­ды көтеріп әкеліп ауылдың ортасына тастайды. Ашыққан жұрт шулап келіп қоянның сорпасын ішіп әл жинайды. Осылай күн құрғатпай қамаудағы елге бүркіт тамақ тасиды. Ұстаған жануарларына өзі тұмсығын да тигізбей қоршаудағы жұртқа жеткізеді. Құмайторы ұшып келгенде, яки ұшып кеткенде күндегі әдеті қоңыр төбенің үстінен қалықтап өтеді. Төбенің үстінде тұрған солдаттар сеңсең папахаларын қолдарына ұстап бүркітке иіліп құрмет көрсетеді. Күндегі әдет осы. Екі айдан соң қоршаудағы адамдар бостандыққа шығады. Бір қауым жұртты аштықтан аман алып қалған бүркіт содан кейін көрінбей кетеді. Құмар құсбегі дүниеден өтерінде артында қалған 14 жасар ұлы Байжігітке «Құмайторы әбден қартайғанда өзінің ұясына бір соғады, ана тұрған Қыран шыңынан көз жазбай дүркін-дүркін қарап жүр» деп аманаттайды. Байжігіт әке аманатын ұмытпайды. Бір күні Қыран шыңның үстінде қалықтап бара жатқан кәрі бүркітті көреді. Бұл Құмайторы болатын. Таңертең ерте атқа қонған Бай­жігіт көп кешікпей қара жартасқа жемсауымен соғылып, төс сүйегі қақ айырылып өліп жатқан қыранның үстінен түседі. Әкесінің «нағыз қыран қартайғанда құзға құлап мерт қылады» дегені есіне түсіп көзіне жас алады. Қос қанатын керіп, бес шалғысымен жер сыпыра жайылып жатқан құсты жерден көтеріп алады да адам сияқты таудың басына жерлеп, үстіне малта тастан үйіп оба тұрғызады. Ана тұрған «Бүркіт обаның» тарихы осылай қарағым, обаны тұрғызған адам Байжігіт менің атам еді, деп сөзін аяқтады жасамыс жігіт.
12 ақпан 2018 ж. 1 807 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 76

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 71

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930