Таудай қарыздан құтылуға көмектесетін дұғалар
Ислам дінінде көп жағдайда дұға айтып, Алладан көмек сұрауға болады. Адам басына қиындық түскенде, не қорыққанда, пана сұрағанда дұғалар оқу арқылы жеңілдік алуына мүмкіндік бар.
Әлиден (р.а.) жеткен риуаятта:«Бірде Әлиге құлдықтан біржола құтылу үшін қожайынына белгілі мөлшерде төлемақы төлейтін болып келісімшартқа отырған бір құл келіп: «Келісімшарттағы қарызымды өтей алмай жатырмын. Маған қолұшын берсеңіз», – деп өтініш айтады, деп жазады islam.kz.
Сонда Әли оған: «Алла елшісінің (с.а.у.) маған үйреткен дұғасын саған да үйретейін бе? (Бұл дұғаның қасиеті): мойныңда таудай қарыз болса дағы Алла тағала одан құтылуыңа жәрдем береді. Ендеше: «Аллаһуммә икфини бихаләликә ан харамикә, уә ағнини бифадликә аммән сиуәкә» (Уа, Алла тағалам! Харам (арам) еткендеріңнен тыйылу үшін маған жеткілікті мөлшерде халал (адал) ризығыңнан нәсіп еткейсің! Шексіз рақымыңмен мені Өзіңнен басқа ешкімге кіріптар ете көрме!) – деп дұға ет», – деп айтты» – делінген.
Хафса (р.а.) айтады: “Расулаллаһ (с.а.у.) төсекте жатқанда: “Я, Алла тағала! Жер мен аспанның, ұлы ғаршының, біздің және барлық нәрсенің Раббысы. Дәнді бөлуші, Тәурат, Інжіл және Құранды түсіруші! Мен Өзінен барлық жамандық иесінің зиянынан пана тілеймін. Сен барлық жаратылыстың жамандығынан сақтаушысың. Сен әуелгісің, Сенен әуелгі ешнәрсе жоқ. Сен ақырғысың, Сенен ақырғы ешнәрсе жоқ. Сен жоғары мәртебелісің. Сенен жоғары ешнәрсе жоқ. Сен барлық нәрсені Көрушісің. Сенен басқа барлық нәрсені Көруші жоқ. Бізге қарызымызды өтеуімізді нәсіп етіп, жоқшылықтан сақтай гөр!”, деп айтатын”.
Дұғаның оқылуы: “Аллаһумма, Роббәс-самауати уа Роббәл-арди, уә Роббәл-ъаршил-ъасзыым, Роббәна уә Робба күлли шайин, фалиқұл хубби уән-науа, Мүнәззилүт-Таурати уәл Инжили уәл-Қуран, әъүзү бикә мин шарри күлли зи шаррин, әнтә аахизун бинасыятиһи, әнтәл-әууәлү фа ләйса қоблакә шайун, уә әнтал аахиру фа ләйса баъдакә шайун, уа әнтал-батыну фа ләйса дунәкә шайун, иқды ъаннад-дайнә, уа ағнина минәл-фақр”.
Әнас ибн Мәлик (р.а.) айтады: “Мен Расулаллаһтың (с.а.у.) көбінесе: “Я, Тәңірім! Күйзеліс, қайғы, әлсіздік, жалқаулық, сараңдық, қарызға бату мен адамдардың ашуынан Өзіңнен пана тілеймін”, – деп дұға ететінін еститінмін”.
Дұғаның оқылуы: “Аллаһумма инни аъузу бикә минәл-һамми, уәл-хәзәни, уәл-ъәжзи, уәл-кәсәли, уәл-бухли, уә даләъид-дәйни, уа қаһрир-рижәәәл”.
stan.kz