Мұса пайғамбар және бедеу әйел
Мұса Кәлимуллаға (ғалейһиссәләм) бір әйел келіп: Мен үшін Аллаға дұға етіңізші: маған ұрпақ нәсіп етсін» - деп өтініш білдіріпті. Мұса пайғамбар әйелдің өтініші бойынша Аллаға жалбарынып, әйелге перзент сыйлауын Алладан сұрайды.
Алла Тағала болса сүйікті пайғамбарына: «Уа, Мұса! Мен ол әйелге бедеулікті жазып қойғанмын» деп жауап береді.
Әйел жауабын білейін деп келгенде, Мұса (ғалейһиссәләм) оған: «Мен Алладан сұрадым. Жаратушы Иеміз маған: «Уа, Мұса! Мен ол әйелге бедеулікті жазып қойғанмын» деді» дейді.
Бір жыл өткеннен кейін әлгі әйел тағы келеді. Тағы да Мұса пайғамбардан Алладан ол үшін перзент сұрауын өтінеді.
Мұса пайғамбар қайта Аллаға қол қусырып әлгі әйелге ұрпақ сыйлауын сұрап, жалбарынады. Алайда, Алла Тағаладан тағы да сондай жауап келеді: «Ей, Мұса! Мен ол әйелге бедеулікті жазып қойғанмын».
Содан біраз уақыт өткеннен кейін баяғы бедеу әйел қайта келеді. Бірақ, бұл жолы қолында құндақталған бала бар екен.
Мұса ғалейһиссәләм қолындағы сәбиді көріп:
- Мына бала сенде қайдан жүр» деп сұрайды.
- Ол – Алланың маған сыйлаған перзенті, - деп жауап береді әйел.
Мұса пайғамбар таңданып Алла Тағаладан : «Уа, Раббым, Сен ол әйелге бедеулікті жазып қойған едің. Неге перзент сыйладың?» деп сұрапты, себебін білгісі келіп. Сонда Алла Тағала сүйікті пайғамбарына оның себебін былай деп баяндап беріпті:
«Мен оған бедеулікті жазған сайын, ол «Йә Рахиму! (уа рахым Алла)» деді. Мен оған бедеулікті жазған сайын ол "Йә Рахиму!" деді. Осылайша менің рахымым, менің құдіреттілігімді озып кетіп, мен оны перзентпен ризықтандырдым» деген екен.
Дұға:
Йә Рахиму! Урзуқнә әз-Зурриятәс Салиха әл-Муъафа.
Уә, Рахым Алла! Бізді сау-саламатты, салиқалы ұрпақпен ризықтандыр (нәсіп ет)!
Йә Рахиму! Урзуқнә әз-Зурриятәс Салиха әл-Муъафа.
Уә, Рахым Алла! Бізді сау-саламатты, салиқалы ұрпақпен ризықтандыр (нәсіп ет)!
Йә Рахиму! Урзуқнә әз-Зурриятәс Салиха әл-Муъафа.
Уә, Рахым Алла! Бізді сау-саламатты, салиқалы ұрпақпен ризықтандыр (нәсіп ет)!
islam.kz