Қайтер едік өмірге келмегенде?!
Алматыдан Рүстем Жанай ағамыздың қызы Элмира хабарласып: «Аға биыл әкем 75 жасқа толды. Тірі болғанда ортамызда алшаңдап басып, ақылын айтып, шығармашылығымен айналысып жүрер ме еді?! Алланың жазуына пенде көнеді. Дегенмен, елге барып, еске алып, сыйлас болған аға-інілерін, туыстарды жинап құран бағыштасақ деген жоспарымыз бар. Әкемнің шығармашылығынан бір дүние жасасам ба деген ойым бар», – деді.
Рүстем ағам жайлы ойланып, бірге өткізген күндер, айтқан ақыл-кеңестері еске оралып, бір нәрсе айтайын деп отырып, қуақылана жымиып, сені барлай қарап алатыны еске түсіп, аға жөнінде қалам тербесем бе екен деп архивімді қарап шықтым. Осыдан бес жыл бұрын Рекең жөнінде жазған естелігім қолға ілікті. Қайта оқып көрдім де өңдеп, жариялағанды жөн көрдім.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали: «Қайтер едік өмірге келмегенде, Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде, Төземіз ғой, қайтеміз төзбегенде, Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде. Өлі балық жолығар өлмегенге, Өлмегенге не жетсін, өлмегенге! Өмір деген осылай жаным менің, Қайтер едік өмірге келмегенде» деп әлемге жар сала жырлағанда бұл өмірдің тәттілігін паш еткен. Өмірге келген соң әр адам өз орнын табуға талпынады, соған барын сала ұмтылады. Өмірге кірпіш болып қалануға ата-ананың, мектептегі ұстаздардың, аралас-құралас ортаның тигізер әсері мол. Оған табиғат берген дарын қосылса, оны өз орнымен пайдалана білсе, әр адамның өмірден өзіне лайықты орын табары сөзсіз.
Рүстем Жанай Ідірұлын мектепте оқушы кезімізден біліп өстік. Өмір жолын ұстаздықтан бастаған Рекең комсомол, кеңес, партия қызметтерінде жүрді. Бала күнімізде «осы ағаларымызға ұқсап шаш қойсақ, киінсек, осылардай болсақ» деп армандайтын едік. Алла бұйыртып аудандық газетке қызметке араласып, жазу-сызуға жақындадық. Жұмыс бабындағы таныстығымыз ағалы-інілікке ұласып, тонның ішкі бауындай араласып кеттік.
Қандай кез болмасын көпті көргендік, үлкендік, ағалық ақылын, қамқорлығын аяған жоқ. Жетіскен екеумізге «бала» деп іш тартып, сөз бастайтын.Үш-төрт күн хабарласпай қалсақ: «Әй, балалар, осы сендер елде барсыңдар ма? Хабарсыз қалдыңдар ғой», – деп ағалық наздық жасап отыратын.
Рүстем Жанай – ақын. Ақын болғанда да базбіреулер сезе білмейтін, өзгелер көре білмейтін құбылыстарды жүрегімен сезіп, ой елегінен өткізіп, өрнектеп, өлең етіп оқырман қауымға жеткізе білген, артында өшпестей із қалдырған белгілі ақын.
Рүстем Жанайдың қалам сілтесі көп торының ортасында төбелдідей, көп биіктің ортасында төбесіндей боп көзге түсетін. Қаламды енді қолға алған жастық шағында еліктеу салқыны Рекеңде де болған шығар. Одан ерте арылып, өлең әлемінен өз орнын тапқан ақын. Сұлу сезіммен ұшқыр ой үйлесімін тапқанда жыр арғымағы суырылып алға жосылып сала береді. Ондай жырмен сусындап, жан ләззатын аласың.
Рекеңнің әр жылдары баспасөздерде топ-тобымен жарияланған жырларының ой-сезімге құрылған нәзіктікті берік ұстанғанын, өз сезімі арқылы жырдан арқау құрып өзгелерді де қуантып, көздеген мақсатына жете білгені көрініп тұрғанын байқауға болады. Оқырманға айтар ойы тереңірек жету үшін шумақтарды тарқатып берген. Ақын қалыптасқан ұйқасты қанағат ете бермей, ойын терең жеткізуге, мән-мағынасын арттырып отыруға, жаңашыл ізденіс жасауға бой алдырған.
Ешқандай талас тудырмас, бұлжымас шындық Рекеңнің өмірі де, өлеңі де туған жердің табиғаты, адамдары, тыныс-тіршілігі мен әрбір құбылысының тығыз байланыстылығында.
Рүстем ағаның жан досы, өзіне өлеңнен «Құлпытас» орнатып кеткен ақын Жарасхан Әбдірашев айтқандай «Соғыс көрген әкелерден жаралып, соғыс көрген аналарды емген», соғыстан соң дүниеге келген буынның өкілі. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, ауыр жағдайын, соғыс салған жараның ауырлығын жырына арқау еткен.
Сондай-ақ, бала күнгі көз алдында сақталып қалған өмір суреттерін жыр етіп төгеді.
Бар мен жоқтың сезінген жарасымын,
Ерте тартқан еңбектің дана сырын.
Отан үшін шайқасқан ақсақ шалдың,
Тұңғышымын, тентектеу баласымын.
Үлкендерге еліктеп көзі қанық,
Іске мығым, сөйлесе сөзі анық.
Есеюді үйренгем ауылымнан:
Өлең жазып,
Шөп тасып,
Қозы бағып.
Соғыстан соңғы елдің ауыр күні, азапты тіршілігі, елге оралған жаралы солдат пен қарттардың ауыр еңбегі өлеңге айналғанын көреміз. Қаршадайынан таң атпастан тұрып, өріске мал өргізген баланың жүрегіне байланған шемен жылдар өте келе ауыл жырлары болып төгілген.
Рекең өмірде өзі қандай сырбаз болса, өлеңдері де сондай, жүрек түбінен шыққан сұлу сезіммен өрнектейтін талғампаз ақын еді. Оның мөлдіреп аққан таза бұлақтай туындылары жырдан шөлдеген жанның мейірін қандырып, әрдайым өз оқырманымен тез табысатын. Ақынның нәзік те сезімтал жүрегі әсем өрнекті сұлулықты сезініп, содан соң оны жыр етіп жеткізуді меңгерген. Бірде оттай жанып жаныңды лапылдататын, бірде мұздай қарып қаныңды салқындататын махаббат тақырыбындағы туындыларына тоқтап өткен жөн.
Ұлы Абай айтқан «махаббатсыз дүние бос» деген күй жұмыр басты пенденің қай-қайсысының басынан өтпеді?! Әсіресе ақындар осы бір текті сезімнің тұнық бастауын айналып өтпегені ақиқат.
Ақын «Сылаңда» деген өлеңінде:
Сылаңда,
Тағы сылаңда.
Май құйып,
Жанған құмарға.
Сылаңдап асыл мойныма,
Айналып,
Алтын тұмарға, – деп жырлаған.
Рекеңнің махаббатқа май құйған мұндай өлеңдері көп. «Әйелдердің жүрегімен ойнама» атты кітабы махаббат тақырыбына арналған. Қызу көңілді, қызығы жалын атқан оттай, шоқтай қарыған «көз жұмулы, көңіл мас» күй кешіретін шумақтар сезім қызуын барынша көтереді. Оны еш өлшеммен шамалау мүмкін емес. Махаббат жырларының өлшемі – сүйген жүрек пен ынтызар сезім десек еш қателеспейміз. Адам баласының баршасына тән ынтық, іңкәр көңілдің ыстық сезімін суытпай шынайы да буырқанған қалпында бере білу үлкен шеберлік, қиыннан қиыстыру – өнер.
Рекеңнің «Әйелдердің жүрегімен ойнама» кітабы жарық көріп, бір-бір кітаптан қолтаңба жазып, інілеріне арнайы табыстады. Оның шығуын «атап та» өттік. Кітапты жұмыс үстелімнің үстіне қойып, жұмыстан қолым қалт еткенде «өзім» деген жігіттерге махаббат жөніндегі бойға қан жүгіртетін жырларын оқып беріп жүргенмін. Сол кітап көп уақыт өтпей қолды болды. Араға күндер салып Жетіскен екеуміз Рекеңе сәлем беруге бардық. Рекең көңілді екен. «Балдар, келдіңдер ме, төрлетіңдер» деп бәйек болып жатыр. Күләш жеңгеміздің қою күрең шайын ішіп отырып төртеуміз біршама әңгіменің басын қайырдық. Рекең «жүріңдер» деп жұмыс бөлмесіндегі кітапханасына бастады. Үйінің бір бөлмесінің үш қабырғасы еденнен төбеге дейін кітап болатын. Сиясы кеппеген жырларын оқыды. Тыңдадық. Пікірімізді қостық. Бір кезде Рекең бізге қарап «балдар, осымен мен махаббат жайлы өлең жазуды доғардым» деді. Жәкең екеуміз шу ете қалдық: «Реке, неге?». Ол: «Жас болса алпыстан асты. Ойда жүрген дүниелер бар. Соларды жазып үлгеріп, жарыққа шығарсам деген ой мазалап жүр. Ол да көп нәрсе» деді.
Рекеңнің үйіне бара жатып Жәкең екеуміз бір-бір кітап сұрап алуға келіскен едік. Кітап сұраудың реті әлі келмей тұр. Елу шақты кітап жинаулы тұр екен. Арасында Жәкеңе ымдап «кітап бар екен» деп қоямын. Рекеңмен кездескен әрбір отырыс көңілді, жыр кеші болатын. Бұл жолы да солай болды.
Қайтуға жиналдық. Кітапты қалай сұрарымыздың ретін таппай, айналшықтап тұрмыз. Рекең сезімтал жан ғой. Маған сұраулы жүзбен қарады. Мен турасына көшіп: «Өткенде қолтаңба жазып берген кітабыңызды ұрлатып алдым. Жәкең екеумізге бір-бір кітап берсеңіз», – дедім. Мырс етіп бір күліп алды да, екі кітапқа қолтаңба жазып, қолымызға ұстатты. Кітап алғанымызға қуанып біз үйге қайттық. Үйге келген соң бірінші бетін ашып қарасам «Қасқырбектің ұрлатып алған кітабының өтеуіне» деп қолтаңба жазыпты. Неліктен екенін түсінбедім, бетім ду ете қалды. Кітабын жоғалтып алғаныма қысылған болуым керек.
Рекең ағамыздың жырларын оқып отырып, оның жүрегін тебірентпеген тақырыптың кемде-кем екеніне көзің жетеді. Өлеңдері адам жанының нәзік пернелерін дөп басып, біресе сырға, біресе мұңға батыратын тұстарымен қатар исі бұрқыраған кең даланы, түтіні түзу ұшқан ауылды, батыры мен биін, тарихы мен тағылымын, салты мен дәстүрін, еншісі бөлінбеген Қазалы, Арал аудандарының аузын ашса жүрегі көрінетін ақжарма көңілді адамдарын, үзіп алмай өмір жібін иірген бәйбішелерінің сан қырынан толғаған тұстары мол кездеседі. Қайсыбірін алып қарасаң да түйген ойлары, айтары анық, бояуы қанық жырлар.
Рүстем Жанай ақындығымен қатар өмірден көргені мен түйгені мол парасатты жан еді. Рекеңнің негізгі мамандығы ұстаз – адам жанының тәрбиешісі екені қай кезде де көрініп тұратын. Ізіне ерген інілеріне ақылын айтатын, көмегін беретін, дұрыс жол сілтейтін. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегенді даналар Рекеңе арнап айтқандай көрініп тұрады. Ағамыздың айтқан ақылдарының бірін бағалап, бірін бағалай білмегенімізге өкінемін. Ел болған соң, оның арасында түрлі адамдардың, тентегі мен телісінің болатыны айдан анық. Біреулердің қисық ісіне өкпелегенде: «Әлі көресіні осыдан көресіңдер, елді бүлдіретін осылар болады, оны мен көрмеймін, сендер көресіңдер», – деп отыратын. Ақын жаны сезімтал ғой. Айтқандары айна қатесіз алдымыздан шықты.
Рүстем Жанай жайлы айтатын әңгіме бір мақала аясына сыймайтыны анық. «Сегіз қырлы, бір сырлы» Рекеңнің бір қырының бір бұрышынан келе алсам оған да тәубе. Талай рет күрең қою шайын беріп, қазы-қартасын ұсынған Күләш жеңгем: «Елге барып ағаңның 75 жылдығына орай, еске алып қайтсақ деген жоспар бар», – деді. Өте орынды іс. Өлең өлкесіне өзіндік соқа салған ақынның туындыларын жас өркендер талдап, жарыққа шығаратынына сенім мол. Әлі талай салмақты сөз, толыққанды пікірлер айтылар. Енді алда Рекеңді мәңгі есте қалдыру үшін шаралар ұйымдастыру, көше, оқу орындарына атын беру рәсімдерін атқару міндеттері тұр. Көңіл төріндегі ағаның алдағы ғұмыры ұзақ болғай. Алла сол күндермен жолықтыруға жазғай.
Қасқырбек МӘМБЕТЖАН,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
ҚР Мәдениет саласының үздігі