Жетістік сырын ұқтырған жүздесу

Кештің басты мақсаты – қоғамға оң үлес қосып жүрген шығармашыл жандармен жүздесіп, олардың жүріп өткен жолы мен жетістіктерін жастарға үлгі ету, армандар мен мақсаттарға жетудің маңызын ұғындыру болатын.
Кеш қонақтары – көпшілікке кеңінен танылмағанымен, қазақ эстрадасына жүрекке жететін, сырлы әндер сыйлаған Серік Төлеу және адамның жан дүниесіне терең үңіліп, өмірлік бағыт-бағдар беріп жүрген тәжірибелі психолог, халықаралық деңгейдегі медиа-тренер, кеңесші, «KAUSSAR KOLDAU» мекемесінің жетекшісі әрі «Психолог мекені» клубының негізін қалаушы Жания Жоямергенқызы болды.
Кеш барысында Рамазан Айқожаұлы мен Дулат Бұрханадин көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлап, өз өнерлерін көрсетті. Ал қонақтар өз кезегінде өмір жолындағы қиындықтар, күрес, арманға адалдық пен жетістікке жетудегі жанкешті еңбектері туралы ой бөлісті. Жания Жоямергенқызы ішкі жан дүниені реттеу, адам психологиясындағы арман мен сенімнің рөлі жөнінде терең талдау жасап, тыңдарманға өмірлік кеңестер ұсынды.
Серік Төлеу де шығармашылық шабыттың қайнар көзі, ән жазудағы шынайылық пен эмоцияның маңызы туралы әңгімелеп, ел ішінде әлі де насихаты кем болған туындылары туралы бөлісті. Кеш соңында Ғасырбек Аралхан Серік Төлеудің жүрекке жылы тиетін «Жан досым» әнін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Шуақты шара ясында қатысушылар армандар орындалатынына тағы бір мәрте көз жеткізді. Өмірде өз орнын табуға ұмтылған әр жан үшін бұл кездесудің маңызы зор болды. Рухани кеш жиналған қауымға жігер беріп, алға қадам басуға ынталандырғаны сөзсіз.
А.ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ