Еңбекке бейім болсаң, қатарыңнан кейін болмайсың

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан отандық теміржолды қолдау мен дамытуда оның тиімді тетіктерін табуға ерекше назар аударуда. Ел экономикасының күретамыры көлік кешенінің жетекші саласы екендігін ұғындыруда. Қазалы теміржолы – еліміздегі ең байырғы теміржолдардың бірі. Шығыс пен Батысты жалғаған шежірелі шахарға отарбаның жетуі мәдениеттер мен өркениеттер тоғысуы, өркендеу мен тұрмыстық ахуалдың артуына өз ықпалын тигізген. Сол кезеңнен бері қанша тепловоздың тұраламай жүруіне, қанша буын теміржолшыны шарболатша шыңдап, ел дамуы, халық игілігі жолында жұмылуына мүдде тоғыстырған Қазалы локомотив жөндеу зауыты еліміз ғана емес, көршілес ТМД мемлекеттеріне даңқы жеткен, табысты ұжым. Біз іздеген теміржолшы келіншекті дәл осы орыннан таптық.
Құрметті теміржолшы, тәжірибелі ұйымдастырушы Нұрлан Әлмағамбетов басқаратын өндіріс ошағынан «Еңбегіне қарай табысы, Ерлігіне қарай дабысы» деген тәмсілді терең ұғына түстік. Дамылдау, бір сәт әңгіме айтып, шер тарқасу деген ұғымның бұл жерде орайы қисынсыз. Цехтардағы арнайы киім үлгісі, қауіпсіздік бас киімдерін киген жандардың ер, не әйел екенін ажырату мүмкін емес. Мақсатымызды айтып, түскі үзіліс уақытын күттік. Алғашында сұхбаттасудан бас тартқан жаннан өзі туралы мәлімет алу да оңайға соқпады. Оған жылтыр дүние, мақтау-марапаттан гөрі, жүктелген жұмысын тез, уақытында бітіруі маңызды.
Жанар – қоғамдық маңызы зор жауапты жұмыста біліктілігі мен сүбелі үлестерін қосқан теміржолшыра әулетінің өкілі. Орынбай-Қатира Мәтеновтер отбасында дүниеге келген қыз мамандық таңдарда тосылмай, өзін дәл осы бағыттан көргісі келетінін жеткізеді. Ата-аналары Жанар жұмыс істейтін локомотив зауытында жарты ғасырға жуық тер төккен, еңбек ардагерлері.
«Ұстазым – анам болды», – деп бастады әңгімесін. Он жылға жуық бірге жұмыс істеген бір үйдегі әріптестердің үлкені үлгісін көрсетіп, дағдыларын меңгертсе, кішісі сенімді ақтап, жұмысты меңгеруге барын салады. Көпбалалы отбасының ұзамай тағы қос қызы да осы жолды таңдайды. Бүгінде Гүлфизат – инженер-паспорттаушы болса, Гүлбаршын – теміржол вокзалында жауапты қызметкер, інісі Азамат та бір кезде тепловоз машинисі болып, темір тұлпарды тізгіндеген.
2005 жылы жұмысқа орналасқан бойжеткен өмірлік жарын да темір жол бойынан табады. Бір жылдан соң Тұрсынбек Назарбаев есімді жігітке тұрмысқа шығады. Бұл әулет те таңдаған мамандығына адал теміржолшылар отбасы болады. Қайын атасы Жаңабай Назарбаев саналы ғұмырын теміржол саласында өткізсе, ұлы Тұрсынбек те «Қамқор вагон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өмірінің соңына дейін газ электр дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Барлығының еңбек өтілін қосқанда, бірнеше ғасырға жалғасқандығын аңғарасың.
20 жылдық ғұмырында доңғалақ жөндеу цехына табан аудармай жұмыс істеген Жанар Өмірбекқызының айтуынша доңғалақ – тепловоздың маңызды бөлшегі. Оның жай-күйін терең ұғынатын кәсіп иелері тетігін тауып қана қоймай, талапқа сай жөнделуіне күш жұмылдырады. Сапалы жұмысқа сұраныс қашан да табылады. Қазақстанның «Қазақстантеміржолы» ұлттық компаниясынан бастап, алпауыт, жетекші кәсіпорындар, көршілес Ресей федерациясы, Әзербайдан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдерден де тұрақты тапсырысқа келісімшарт жасалады. Өндірістік өзгерістерге иек артқан ұжым жаңашылдықты жұмыстарына енгізіп, мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударады. Цех тепловоздар мен вагондардың доңғалақ жұптарына күрделі, ағымдық, жай жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Аға шебер Жеңісбек Кәликов, Асан Бәкубаевтар цехында қос ауысымда түрлі жұмысшылар еңбек етеді. Жанар сынды нәзік жанды арулар тепловоз доңғалағы мен рамасын тазалап, қалыпты күйіне келтіреді. Айтуға жеңіл көрінгенімен, өзіндік тәртібі бар алып көліктің қосалқы бөлшегін белгіленген уақытта талапқа сай тазаланбауы жұмыс жүйесін кідіртіп, тексерісте қиындыққа тап келтіруі мүмкін. Мұнда доңғалақ жұптарына қызмет көрсету үдерістерін жетілдіруге белсенді қатысып, цехтардың түрлі температурасында бөгелмей, ықтимал қауіптерді ескеру де маңызды.
Қазалылық зауыт – доңғалақ жұптарын күрделі жөндеуден өткізудің толық циклын жүзеге асыратын тәжірибелі шеберхана. Өндірістік қуаттылығы жыл санап артуда. Техникалық сипатта жұмыс істеп жатқан орыннан шыққан доңғалақтарға кепілдік берілетінін білдік.
«Жұмыста ер, әйел деген ұғым жоқ. Өз таңдауыңа, атқарған ісіңе орай айлық жалақы, кейде қосымша ақыға да ие болып жатамыз. Зауыт қақпасынан кіргенде, күнделікті күйбең тірлік пен әйелдік әлсіздігіңді ұмытасың. Маңыздысы, ісіңді білу. Темірдей тәртіпке құрылған өмір сүру дағдысы бізді ширатты. Әйелге табиғат нәзіктікпен бірге қайсырлықты да берген. Ел өркендеуінің өрістеуінде өз шеберлігі, жанкешті еңбегімен үлес қосып жүрген миллиондаған адамның үлесі бар. Олар бақытын бағытынан тапқандар. Жұмысшы мамандықтар – кез келген мемлекеттің дамуының негізі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауы осының құрметі, жастарды ынталандырудың алғышарты деп білемін», – дейді ол.
«Жұмыссыз жүрген жастарға тағы қандай қолдау керек?» деген көкейде көлкіген сұрақты қойдық.
«Қазір мүмкіндіктер кезеңі. Масылдық, бос сылтау іздеу ақылсыз немесе санасында ақау бар адамға ғана тән. Өмірдің өзі білім мен еңбектің шыңға шығаратынын көрсетіп келеді. Сондықтан ақпарат дамыған тұста бірнеше мамандықты қатар иегеруге, ізденген адамға, мүмкіндік мол. «Кейде әйелге мынандай ауыр жұмыстың не керегі бар?» дейтіндер бар. Мен өз ісімді жақсы көремін. Ұжымда – жұмысшы, отбасында мейірімді анамын. Осы арқылы ұл-қызымның жағдайын жасап, дұрыс тәрбие алуына үлгі болып отырмын деген ойдамын», – дейді сенімді көзқараспен.
Сұлулыққа қалай уақыт табатынын да сұрадық.
«Салон ба?» – деп күліп алып, ойын жалғады: «Өзім аса ықыласты емеспін. Бос уақытым болса, балаларымның жаны, жылы ұяма асығамын. Бір сөзбен айтқанда, салонсыз сұлулармыз. Бірақ ол нәзіктіктен ажырап қалды дегенді ұғындырмайды. Әрқашан сәнді киінуге, қонақ шақыруға, өзге қыз-келіншектер сынды, мүмкіндігінше, бет күтімін жасауға тырысамын», – дейді.
«...Жылы ұяма асығамын» деген сөзі жанды елжіретіп, барлық мейірімді жүрегіне сыйдырған қазақ әйелінің бейнесін ойға оралтты. Шаңырағының отын сөндірмей, Бегімана, Дариға, Ақжүрек сынды үш перзентке ана мен әкелік қамқорлықты бірдей беріп отыр.
«Көрікті келіншексіз. Еңбек адамы болғаныңызға өкінген кездеріңіз болды ма?» болды соңғы сауалымыз.
«Өкінуге себеп те болмаған шығар. Ол туралы ойлап көрмеппін. «Еңбекке бейім болсаң, Қатарыңнан кейін болмайсың» дейтін үлкендер. Мен де сол ұстанымдамын», – деп жауап берді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА