Қоғамдық тәртіп – қатаң бақылауда
Мемлекет тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты міндеттердің бірі санайды. Бұл бағытта құқық қорғау органдары тарапынан жыл сайын түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі – 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміз бойынша бастау алған «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы. Аталған бастама құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, есепте тұрған тұлғаларды бақылау және халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды мақсат етеді.
Аудандық полиция бөліміне қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің №11 әкімшілік аймағының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Аққасынов Нұрдос Күмісбайұлы осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуде. Іс-шара аясында аймақтағы тұрғын үй-жайлар араланып, халықпен бетпе-бет кездесу ұйымдастырылуда. Учаскелік инспекторлар азаматтарға жеке визитка карточкаларын таратып, байланыс құралдарын қолжетімді етуде. Бұл – кез келген тұрғын өз учаскелік полицейіне тікелей жүгініп, өз сұрағын немесе өтінішін жедел түрде жеткізе алуы үшін жасалған қадам.
Шара барысында ішкі істер органдарында есепте тұрған тұлғалар, атап айтқанда, пробация бақылауындағылар мен учаскелік тіркеуде тұрған қару иелері де тексерілуде. Бұл тексерулер алдын алу сипатында жүргізіліп, қандай да бір заңбұзушылықтардың болмауына көз жеткізу мақсатын көздейді. Сонымен бірге учаскелік полиция инспекторлары тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын да қатар жүргізуде
Қараша айының басына дейін жалғасатын «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы – полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтудың, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі. Әр тұрғын өз учаскелік полицейін біліп, байланыс орнатса, ортақ тыныштық пен тәртіпті сақтау жолындағы қадам да нық болмақ.
Арайлым ЖҮСІПОВА