Синоптиктер болжамы: биыл күзде ауа райы қандай болады?
Жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде жылдағы нормада болады. Тек орталықта, оңтүстікте және шығыста нормадан төмен болуы ықтимал.

Күз – суық, жиі жауын-шашын, үсік және тұман болатын жылдың ең құбылмалы уақыттарының бірі. "Қазгидромет" синоптиктері биылғы күзге арналған маусымдық болжамды жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мамандардың мәліметінше, елімізде қыркүйек салыстырмалы түрде жылы болады. Қазан айында үсік жүріп, қараша айы әдеттегіден жылы болуы ықтимал.
Маусымдық консультативтік болжамға сәйкес, қыркүйек айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы бірқалыпты болады. Республиканың батыс өңірлерінде және елдің солтүстік-батысының жекелеген аудандарында – нормадан 1° жоғары, ал елдің солтүстік-шығысында, шығысында және оңтүстік-шығысында – нормадан 1° төмен (норма: ҚР басым бөлігінде +10+16°С, елдің оңтүстік жартысында +17+21°С, республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысындағы таулы аудандарда +4+9°С) болады деп күтіледі.
Қазан айында үсік жүруі ықтималдығы артады. Орташа айлық ауа температурасы республика аумағының басым бөлігінде норма шамасында, елдің батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында нормадан 1° жоғары болады деп болжанып отыр (норма: ҚР басым бөлігінде +3+9°С, елдің оңтүстігінде, оңтүстік-батысында +10+14°С, республиканың оңтүстік-шығысы мен шығысындағы таулы аудандарда -1+2°С).
Қараша айында республика аумағының басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2° жоғары, тек елдің қиыр оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында норма шамасында (норма: ҚР басым бөлігінде -7+1°С, елдің оңтүстігінде +2+7°С) болады.
Жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде жылдағы нормада болады. Тек орталықта, оңтүстікте және шығыста нормадан төмен болуы ықтимал.