Міндетті төлем – ортақ мүдде
Мемлекеттік органдар тарапынан салық тәртібін сақтау және заңсыз кәсіпкерлікпен күресу бағытында жүргізілетін шаралар ел экономикасының тұрақтылығына негіз болары сөзсіз. Осыған орай Қазалы ауданында тиісті құрылымдар бірігіп, тұрғындар арасында салықтық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті заңдастыру бойынша түсіндірме жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Жуырда Әйтеке би кентінде Мемлекеттік кірістер басқармасы, аудандық полиция бөлімі және кент әкімі аппаратының мамандарынан құралған арнайы жұмысшы топ көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтарды анықтап, тиісті шаралар қабылдау мақсатында рейд ұйымдастырды. Рейд барысында заңға сәйкес көлік иелерінен салықтық міндеттемелерін өтеу талап етілді. Сонымен қатар жүк көліктерін иеленіп, кәсіпкерлікпен айналысып отырған азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 79-бабына сәйкес, жеке практикамен немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалар өз қызметін заңдастырып, салық органдарына тіркелуі қажет. Бұл талаптар салықтан жалтаруға жол бермей, көлеңкелі экономиканың алдын алуға бағытталған.
Түсіндірме барысында мамандар тіркелу жолдарын, салық төлеу тәртібін, мемлекеттік қолдау түрлерін де кеңінен баяндап берді. Аудан тұрғындары рейдке түсіністікпен қарап, заң аясында әрекет етуге дайын екендіктерін білдірді.
Мұндай шаралар халық арасында салықтық міндеттердің маңыздылығын арттырып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысудың алдын алуға ықпал етеді. Тиісті органдар тарапынан мұндай түсіндірмелік және бақылау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Арайлым ЖҮСІПОВА