Санамдағы сағыныш

Студент кезімізде театрға жиі бармасақ та, анда-санда спектакль тамашалауға асығып тұратынбыз. Әуелі бәрі түсініксіз, күрделі көрінетін. Алайда уақыт өте келе актерлердің әр қимылы, дауыс ырғағы, тіпті үні мен үзілісі де терең әсер беретін болды. Бастапқыда жай ғана қойылым көреміз десек, кейін сахнадағы оқиға жүрекке әсер ететін тағдырға айналып, әр кейіпкердің қуанышына бірге шаттанып, мұңына үнсіз ортақтасатын болдық.
Антракт кезінде өзара болжам жасап:
– Соңында не болады екен?
– Мына кейіпкер тірі қалар ма екен?..– деп толқып кететін едік.
Солардың ішінде мені ерекше есеңгіреткен бір спектакль болды. Құрбымның досы драма театрда жұмыс істейтін, жаңа премьераға шақырғаны есімде. Қойылымнан шыққан соң біразға дейін өз-өзіме келе алмай, үнсіз жылап отырдым. Бұл театрдың құдіреті шығар…
Ал ең алғаш рет 2010 жылы Орал қаласында «Островский» атындағы драма театрда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін көрдім. Бәрімізге таныс жыр, қазақтың мөлдір махаббатынан сыр шертетін қойылым деп күткенбіз. Бірақ сахнаға шыққан әртістер орыс ұлтынан екенін көргенде абдырап қалдым. Қазақтың ұлттық болмысы мен сезімі басқаша еді ғой... Қозы мен Баянды орыс тілінде, өзге реңкте қабылдау қиын болды. Біртүрлі ішкі үйлесім таба алмадым. Сол сәтте сахнаның ұлтқа тән табиғаты, образдың ұлттық коды, тілдің бояуы аса маңызды екенін алғаш сезіндім.
Театрдағы сол кештен соң ойым сан-саққа жүгірді. Бір сәт: «Қазақтың болмысын, қазақтың жан дүниесін, ішкі қайшылығын дәл өзінен артық ешкім бейнелей алмайды» деген ой жанымды жегідей жеп, ішімнен үнсіз айғайлап отырғанымды өзім де байқамаппын. Оның үстіне, бұл – орыс тілді театр, ол туралы тіпті хабарым да болмаған еді. Бастапқыда түсінбей отырғам. Бірақ...
– Қойылым біткен сәтте айнала қол соғып, дуылдаса көтерілген қошемет мені де селт еткізді. Жанымда отырған бір апай:
– «Осы жолы ерекше алып шықты!» – деп шын ықыласымен шапалақтап жатыр.
– «Әдемі ойнады...» – дедім мен де жымиып.
Осыдан соң, театрға деген көзқарасым өзгерді. Алғашқы әсер сенімсіздікпен басталса да, соңғысы құрметпен аяқталды. Рас, күн сайын барып жүрмесек те, кезі келгенде баруға себеп табылып тұрды. Білесіз бе, театр деген – адамның ішкі әлемін түгел үгітіп шығатын орын екен. Сахнадағы әрбір сөз, әрбір қимыл кейде адам жүрегінің тереңіне бойлап, көкейдегі күпті ойды жұбатып, сезімнің мұзын жібітіп жібереді. Бұрын дәл солай сезінетінмін. Қойылым біткен соң орнымнан қозғала алмай отырып қалатын сәттерім де болған. Бір қарапайым реплика, бір кейіпкердің үнсіздігі талай ойға жетелейтін. Ал қазір... театрға аяқ баспағалы көп болыпты. Күнделікті күйбең тірлік рухани кеңістікті шектеп тастағандай. Сағынасың... Ішкі әлемің тыныштық іздеп, сезімдерің тап бір шөлдеген гүлдей су сұрап тұрғандай күй кешесің.
Аудандағы қойылымдарға бірнеше рет барып көрдім. Бірақ көңілде толыққанды қанағат жоқ. Режиссура ма, актерлік шеберлік пе, әйтеуір бірдеңе жетпей тұратындай. Жан-дүниеңді дір еткізер әсер, жүрекке қозғау салатын бір дүние жетіспейді. Мүмкін бұл көптің ішіндегі жалғыз менің ғана күйім емес шығар. Осындай сәттерде студенттік шақты аңсайсың. Сахна төріндегі спектакльдерге уақыт табуға тырысатын едік. Ал қазір ондай мүмкіндіктің өзі сирек. Қарасаң, жанымыздағы адамдар да рухани жұтап бара жатқандай. Әдебиеттен алыстап, өнерден суынып, тек қарапайым тіршіліктің қамын күйттеген күйге түсіп барамыз.
Кейде ойлайсың... Жан-дүниені шайып өтетін бір спектакль керек шығар. Рухани жаңғыру бір өнермен басталса деп армандайсың. Шөліркеген жанға саф ауадай серпін беретін, ішкі әлеміңмен үндесе алатын өнер туындысы қойылса... Бәлкім, жақын күнде сондай туынды туып та қалар. Күтіп жүрмін...
Арайлым ЖҮСІПОВА