Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кейуананың өсиеті

Кейуананың өсиеті

Осыдан үш жыл бұрын әлеуметтік желіден “Қазығұрт ауданында 107 жастағы кейуана сайлау учаскесіне бірінші болып барып, дауыс берді” дегенді көзіміз шалып таңданғанбыз. Сонда “Біздің ауданда да ұзақ жасаған әжейлер бар ма екен?” деген ой келген. Сөйтсек, көп болмаса да жасы 90-нан асып, 100-ге таяған жандар ел арасында кездеседі екен.

Соның бірі қилы заманның куәгері, туған-туысына сыйлы Қанбибі Ілияшқызы биыл 93 жасқа толады. Осы күнге аман-есен жеткендігіне шүкірлік айтуды әдетке айналдырған кейуана бүгінде өзін тың ұстайды. Тек соңғы кездері көз жанары әлсірегендіктен құдайжолы мен той-томалақтарға абысын-келіндерімен еріп баруға мәжбүр. Жоқшылық пен аштықты бас­тан өткерген ол қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды көр­геніне тәубе етеді.

Бір ғасырға жуықтаған әжейдің айтуынша, 10 жасқа келгенінде туған жылын кемітіп жазудың арқасында мектепке қабылданады. Сол кезеңдегі балалар білім алуға, оқып үйренуге ерекше құштарлық танытып, ұстаздың айтқанын мүлтіксіз санасына түйіп алатын көрінеді.

– Ата-анам Арал ауданындағы Көзжетпес деген жерден болады. Ашаршылық жылдары әкем мен бауырларым аштықтан көз жұмған соң, анам аман қалған ағам мен мені Қазалыдағы егіншілікпен айналысатын туысына Жаңаталап колхозына жеткізеді. Анам үйге жүгері, бидай дәнін әкеліп, соны талғажау ететінбіз. Сабақтан кейін бала демей, белі қатаймаған бізді ересектермен қатар жұмысқа салатын. Масақ теріп, арық қаздық. Су кешіп жүріп салының отағын отадық. Соғыстың басталған кезінде “Туыстарың сау келсін десеңдер, бір талы жерде қалмасын” деген ұранмен масақты бір-бірлеп теретінбіз. Кітап жетіспейді, мұғалімнің тапсырмасын есте сақтап, егістіктен келе сала қамыс жағып соның жарығымен жазу жазатын едік. Жаңадан келген мұғалімдерді біртіндеп соғысқа әкететін. Сөйтіп жүріп 7 кластық білім алып шықтым. Сол жылы 9 мамырда Жеңіс күнін тойладық, – деп жастық шағын еске алған кейуана терең күрсініп алды.

Қанбибі Дәрменова 9 құрсақ көтерген. Оның төртеуі жастай шетінеп, 3 ер бала мен 2 қызды тәрбиелеп өсірген. Қазір олардан 24 немере мен 30 шөбере сүйіп отыр. Ұзақ өмір сүрудің құпиясын сұрағанымызда сәл кідіріп:

“Құдайдың берген өмірі шығар. Дегенмен сол уақытта үлкенге қызмет жасаудан жалықпадым. Олар “Көп жаса!”, “Өркенің өссін!” деген тілекті жиі айтатын. Батаның құдіреті болар, періштелер қабыл еткен шығар. Қазір байқаймын үлкендер көбіне “Бақытты бол” деумен шектеледі”, – деді кейуана.

Құдай қосқан қосағы Жанұзақ Дәрменұлы 26 жыл бұрын марқұм болса да, жылы естелігімен бөлісті. Ол бозбала шағында 18 жасында соғысқа аттанып, Жапонияға дейін барып, аман-есен елге оралған. Бірде ол ата-анасына хат жазғанында Кеңес әскері басып алған қалаларда тұтқындардың үйіне кіріп, жанындағы қаруластары асыл бұйым мен алтын әшекейлер алатындығын айтқан екен. Келесі жолы әкесінен: “Балам, бүлінгеннен бүлдіргі алма!” деген жауап келіпті. Үлкеннің айтқанын жерге тастамай, ештеңеге қол тигізбеген отағасы тек ас-ауқатын ішумен шектелген екен. “Содан да болар болашақ жарым қиянкескі ұрыстан сау келген. Ал қаңырап қалған үйден зат алғандардың ешқайсысы аман қалмапты” деген кейуананың өсиеті терең ойға қалдырды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

07 наурыз 2019 ж. 1 555 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930