Баспана һәм байыпты бастама
«Қайран, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп қара шаңырағында көсіліп жатуды кім армандамайды дейсіз?! Қазір әрбір отбасының мәселесіне айналған баспана жайының өзектілігі күшейді. Елде түрлі тұрғын үй бағдарламасын бекітудегі мақсат та халықтың баспаналы болсам деген арманын ақиқатқа айналдыру емес пе?Бүгінде аймақта құрылыс саласында толымды тірлік бар. Оның ішінде ауданда өткен жылы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2 пәтерлік 74 тұрғын үй салынып, 148 пәтер табысталды. Биыл тағы да 2 пәтерлік 50 тұрғын үйдің құрылысы басталып, 100 отбасыға жаңа баспана берілмек.
Жалпы Қызылорда облысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамуы қарыштап келеді. Биыл ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елі астанасы болғанының 100 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Мерейлі жыл аясында аймақта сәулеті келіскен, әсем де замануи ғимараттар бой көтеріп келеді. Тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды ірі инфрақұрылымдық жобалар бар. Облыс бойынша 96 жобаның құрылысы жүруде. Cоңғы үш жылда облысыта қаржыландырудың барлық көздерінен 2 миллион 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 5 мыңнан аса пәтер сатып алынып, 25 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлады. Барлық аудан орталықтарында жаңадан салынған 1500-ға жуық пәтер иелеріне табысталды. Биыл тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан 3 800 дайын пәтерді сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді. Қаржыландырудың барлық көздерінен 870 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі. Қызылорда қаласының өзінде соңғы үш жылда тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға 64 миллиард 97 миллион теңге қаралып, 5 600 пәтер жерлестерімізге табысталған. Биыл жыл соңына дейін 3 мыңға жуық пәтер беру көзделіп отыр.
Айта кететін жайт, елде заңда белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан мұқтаж азаматтарға төменгі пайызбен тұрғын үй беріледі. Мұндай баспана ҰОС ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары (мүгедектігі бар азаматтар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер, қандастар т.б.), мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым жұмысшылары, жалғыз тұрғын үйі апатты азаматтарға беріледі. Ал бұл санатқа жатпайтын, бірақ баспанаға мұқтаж азаматтар төменде тізімде көрсетілген бағдарламалар арқылы баспана сатып ала алады. Олар «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер», «Менің үйім», «Көпір несиесі», «5-10-20» Шаңырақ, «Елорда жастары», «Жас отбасы», «9-20-25» және «7-20-25» бағдарламасы. Бұлардың әрқайсысының өз шарты бар. Екінші реттік тұрғын үй үшін ипотека барын да естен шығармаған абзал.
«Өз үйі, өлең төсегі» болуы бүгінгі қазақ үшін әлеуметтік жағдайдың, қоғамдағы рөлінің, материалдық-қаржылық ахуалының белгісі, айнасы. Ешқандай санатқа жатпайтын жандар өзі тірнектеп, қам жасаса игі. Әйтпегенде «Үй кезегіне» не «жер кезегінде» қашан тұрдың деп сұрасаң, «10 жылдан асты ғой» деп күрсінетіндердің саны аз емес. «Үйсіздер» кезегі аталғанмен, анығында, бұл – мемлекеттен үй алуға дәмелі жандардың, үкімет қолдауынан үмітті азаматтардың тізімі. Ендігі 90-жылдардың аяғынан – 2000-жылдардың басынан бері кезек күтіп, екі көзі төрт болғандардың үміті жанданса дейміз.
Айнұр ӘЛИ














