Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» Ұрпаққа жалғасқан достық

Ұрпаққа жалғасқан достық

Ол маған кездескенінде: «Әбеке, бәріміз де ата-анамызға қарыздармыз. Тіршілікте соларға тағзым етіп, перзенттік парызымызды сәл де болса өтемейміз бе? Құдай қаласа, әкемді ұлықтауды қолға аламын», – деді. Әкемнің жан досы, адал інісі болған белгілі азамат Шамау Ибрашевтың ұлы Мейрамбек Шамауұлының бұл сөздері онсыз да алыстарға қанат қаққысы келіп тұрған іңкәр сезімдерімді оятып, қолыма қалам алғызды.
***
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарын­дағы жаз айының жайма-шуақ күні еді. Ол кезде біз оқушы баламыз. Каникулдың мезгілі болатын. Теңіздің әлі шалқып тұрған кезі. Әкем Төлебай Орынбаев ауылдағы атағы жер жарған Бөген балық аулау базасының бас инженері. Біздер – балалар ауланың ішінде шешемізге қолғабыс жасап жүргенбіз. Кенет «Сәуле қайда?» деген дауысқа жалт бұрылдым. Орынбасар көкем екен. Асығыс басып шарбақтан кіріп келеді. Алдынан шешем шығып сәлем берді. «Қайсы қойды соя­тын едік, Сәуле» – деді көкем үйден өзіне қажетті пышақ пен қайрақты алып жатып. Тағы да бір үлкен қонақ келетін болды ғой дедім мен іштей.
Мал сойылды. Қазанға ет салынды. Міндетті жұмыстың бірі самаурын қайнатуға кірістік. Бұл жолы қызмет көрсетуге екі самаурын шығарылды. Жай күндері бір самаурын, қонақ көп келетін күндері 4-5 самаурынға кетіп қалатын. Күн тас төбеге көтерілген. Соны күтіп тұрғандай ауылдың ортасындағы Мәскеу Кремліндегідей уақытты білдіретін трестегі коңыраудың үш рет соғылған үні естілді. Бұл сағат түскі 12 болғанын білдіреді. Іле-шала шарбақтан бір топ кісі сау етіп үйге кіріп келе жатты. Алдарынан жүгіре шығып, шүпірлеп сәлем беріп жатырмыз. Ішінде тек бір адам ғана таныс емес. Қара торы, бойшаң, жүзі күлімдеген аға. Ол сәлемімізді алып жатып: «Төке, мынаның бәрі сіздің балаларыңыз ба?» – дейді. Сіз деген сөз көптен құлаққа естілмегендіктен бе жаңалық сияқты көрінді маған. Мәдениетті де сыпайы екендігі байқалды. Біздің ауылда барлығы бір үйдің баласы секілді бір-біріне бауыр басып кеткендіктен бе, көбіне «сенмен» сөйлесіп жатады. Осы кезде менің әкем әдеттегі аңқылдаған көңілімен «Сәуле, ай Сәуле, Шам келе жатыр, Шам келе жатыр» деп жаңағы кісінің қолынан қысып ұстап киіз үйге қарай беттей берді. Дастарқан мәзірімен жүрген менің шешем үйден шығып сәлем берді. Ал, Шам ағамыз болса «Сәулежан, барлық жаңалығың құтты болсын, тілек, ниет бәрі де дұрыс» деп сыпайылықпен сәлемін алды. Қонақтардың қолдарына су құйып шықтым. Төрде Шам, (Шамау) ағам жайғасқан. Одан соң местком Іззат Құрманалиев, парторг Молдажан Жаппасбаев тағы-тағы басқа­лары тамақ келгенше әңгімелерін жалғас­тыруда. Әкеммен ойын-қалжыңы жарасатын Іззат құрдасы «Төке, досыңды неге Шамау емес Шам деп атадың, бұлай деуіңнің бір мәні бар шығар» дейді қуақыланып. «Сұрағыңды дұрыс қойып отырсың, бала» – дейді, әкем де оған күлімдей қарап.
«Біз екеуміздің сонау Ресейдің Краснодар өлкесінің Қара теңіз жағасында орналасқан Анапа қаласында балық шаруашылығының төрағаларын дайындайтын арнайы оқуды бірге оқып, бітіргенімізді білесіңдер. 1953 жылы жолдамамен Аралдан барған екеуміз ғана. Бұл саладағы дипломды мамандар жоқтың қасы. Елдің атына кір келтірмеуіміз керек дейміз жолда. Барған соң да емтиханға біраз дайындалдық. Берілген уақыт тығыз. Менің білімім бар болғаны жеті кластық. Барлық пәндерден жақсы білгенмен орыс тілінің грамматикасы, стилистикасы едәуір қиындық тудырды. Бес жылым әскерде, үш жылым өндірісте өтіп, білімнен қол үзіңкіреп кеткеннің әсері шығар. Абырой болып емтиханнан өттім-ау. Шамау досымның тілегін тіледім енді. Өйткені жан-жақтан келген жігіттердің бірқатары сынақтан сүрініп, елдеріне қайтып жатты. Ал, Шамауым болса барлық емтиханды 5-ке тапсырды. Алғыр, сауатты болып шықты. Жарайсың, дедім құшақтап. Енді сен Шамау емес мен үшін Шамсың дедім. Міне содан бері ол мен үшін арлы, адал достығымен де жарқыраған Шам болып келеді» – деді әкем әңгімесін аяқтап.
– Ту...у.. Төкеу-ау асыра мақтап жіберген жоқсыз ба? – деді осы кезде Шамау ағамыз қозғалақтап.
– Төкеңнің көңіліне барлық адам шам болып жанып тұрады, оған қысылма, Шәке – деді Молдажан ағамыз жымиып.
– Ай, осы отырғанда Төкең де Шәкең де (Шамау) екеуі де шам болып жанып отырған сияқты емес пе? – дейді Өтеулі ағамыз.
– Иә, иә солай! – деп бәрі бір рахаттана күлді.
Бұл Қазалы балық зауытының бас инженері Шамау Ибрашев ағамыздың жұмыс барысымен теңізге бара жатқан сапары екен. Бұдан кейін де үйімізде талай болды. Сексенінші жылдардың бір күнінде әкеміз үйге жұмыстан көңілсіздеу келді. Шам... Шамау досым «жүріп кетіпті» – деді ол анама. «Жақында жақсы деп келіп едің ғой» – деді шешем. «Иә, жақсы сияқты еді. Ажалға не дауа, өмір солай өте береді-ау, Қызылордаға жол жүруім керек», – деді күрсініп. Сонан соң бөлмесіне кіріп әкем ұзақ ойланып, папкілерін ашып, қолына қағаз бен қалам алды. Әкемнің өлең шығарудан хабары болатын.
Шамау ағамыз қайтқаннан кейін әкеміз араға сегіз жыл салып дүниеден өтті. Дүниеден өтерінде ол маған: «Айналайын балам, әкем түсіме кіріп мені шақырып жүр, аз болсын, көп болсын мен сүрген өміріме ризамын. Бір адам өмір сүрсе мендей сүрсін. Дос-жарымды, халқымды құрметтедім. Олар мені төбелеріне көтерді. Сол менің ең үлкен бір байлығым болды. Адамға байлық та, қызмет те керек, бірақ кеуіл байлығы одан да жоғарырақ болсын. Адамдардың кеуілімен өмір сүр. Достық пен қызметті байлыққа алмастырма» – деп біраз өсиетін айта келіп, «мыналар менің жазғандарым, айналайын, жарамды болса пайдаланарсың», – деп қолыма қалың папкіні ұстатты.
Мейрамбек Шамауұлы досымның әкесі Шамауға деген перзенттік борышын өтеу мақсатында және 90 жасқа толуына орай естелік кітап шығарып, әкесімен еңбек еткен әріптес, қызметтестердің, ағайындардың басын қосып, ас беремін дегені есіме түсіп, үйдегі көп кітап пен қағаздардың арасынан сол папкіні тауып алып, әкем жазған жазбаларды, сарғайған парақтарды іздей бас­тадым. Ойымда оның Шамау секілді досына бір өлең арнамауы мүмкін емес деген сәулелі үміт болатын. Ақыры таптым. Біраз замандас­тарына арнаған шумақтарының арасынан «Бір туған бауырдай, екі айырылмастай, яғни Шамау досымның қазасына» деген өлең жолдары былайша түйінделеді:
Бақұл бол, бол иманды, қайран інім,
Салдырмас өмір мәңгі сайран інім.
Көшсең де бұл өмірден қосыңды артып,
Желбірер ел-жұртыңмен байрағың мың.
Ой, шіркін-ай! Ой, дүние-ай дедім еріксіз күбірлеп. Дос болса осындай болсын, кеуіл болса осылардай болсын.

Ағыбай ОРЫНБАЕВ,
Қызылорда қаласы
---
21 сәуір 2018 ж. 1 538 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 73

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 68

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930