Қазақпыз – ұлы халықпыз!
Алыппыз.
Уызға ерте жарыппыз.
Алтыннан киім кигізіп,
Атасын көмген халықпыз.
Сұлуын жырлап мақтаған.
Батырын сыйлап, баптаған.
Күмістен күптеп қылышын,
Алтынмен сабын аптаған.
Ақ киіз төсеп оюды.
Алаша-кілем көрім-ді.
Құбылып төсек, көрпелер,
Құс жастық жайлар төрімді.
Жасауы пай-пай дегізген,
Кенде емес мақтау-лебізден.
Он екі қанат ақ боз үй
Көзіңнің құртын жегізген.
Әсемдікті ерте таныппыз,
Тасқа да сурет салыппыз.
Айтып та айтпай не керек,
Он саусақтан өнері
Сорғалап тұрған халықпыз.
Қалықтап әні аспанда,
Күйлері көбік шашқанда.
Үлкендер ойға шомылып,
Қызығын қиған жастарға.
Өтпейтін күні сауықсыз,
Өтпейтін түні сауықсыз.
Жігіт пен қызы айтысып,
Қызыққа батқан халықпыз.
Қонақтың байлап атын біз,
Көршімен бауыр, жақынбыз.
Айтып та айпай не керек,
Туғаннан төкпе күйшіміз,
Туғаннан ақпа ақынбыз.
Сарнатып саба піскенбіз,
Кекіріп қымыз ішкенбіз.
Қызара бөртіп, қиқулап,
Күреске сонсоң түскенбіз.
Қосылар болса басымыз,
Тоқмейіл кәрі-жасымыз,
Сары ала қазы, сары жая
О бастан біздің асымыз.
Көршіге шауып барып біз,
Қонағын сұрап алыппыз.
Айтып та айтпай не керек,
Уызында жарыған,
Жаритын мәңгі халықпыз.
Төсеген мұзға жанбасын,
Келтірген жаудың тәубасын.
Бірлікке елді шақырып,
Жартасқа басқан таңбасын.
Елдікті ерте таныппыз,
Аруақтан бата алыппыз.
Бәтуа-бірлік байрағын,
Биікке таққан халықпыз.
Атылған көкке барыспыз,
Азулы алты қарыспыз.
Жанулы тұрған жігерміз,
Қайраулы тұрған намыспыз.
Бабалар солай салыпты із,
Мұрагер болып қалыппыз.
Кеудеңді көтер, ағайын,
Қазақпыз – ұлы халықпыз.
Айтып та айтпай не керек,
Қазақпыз – ұлы халықпыз!
Рүстем ЖАНАЙ