Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазыналы ғұмыр, тағылымды жол

Қазыналы ғұмыр, тағылымды жол

Халқымызда «үйдің жақсысы ағашынан, баланың жақсысы нағашыдан» деген сөз тегін айтылмаса керек. Себебі нағашы жақтан берілетін қасиет қайткен күнде баланың ой-талғамына әсер етпей қоймайды. Ер азаматтың арқа сүйер бір жұрты ретінде нағашының жолы үлкен. Өз балаларынан бөліп-жармай, қуансаң бірге қуанып, қайғырсаң қасыңнан табылып, әрқашан тілеуіңді тілеп отыратын нағашыдай қамқоршы жұрт бар ма екен десеңші. Біздің де осындай нар тұлғалы, өмірлік тәжірибесі ұрпаққа үлгі боларлық нағашымыз Малкайдар Дүйсенұлы туралы 75 ғұмырлы мерейтойында зор ықыласпен айта аламыз.
Нағашымыз Мәкеш ағам 1951 жылы 8 маусымда Қазалы ауданы, Майдакөл ауылында елдің ішінде «шаруаның ишаны» атанған Дүйсен көкеміз бен Күнбибі әжеміздің шаңырағында дүниеге келген. Отбасында Ақзия, Үкі, Өміркүл апаларының және Бақыт қарындасының бауырмалдық мейірім мен сыйластықта тәлім-тәрбие алған.
«Адамның асыл қасиеттерінің негізі – тәрбие» деген ойдың түбінде ата-ананың ғана емес, адамның өзін-өзі тәрбиелеуі де жатқан болуы керек.
Әке-шешенің өнегесі бала болмысының өзегін құрайды, ал қалған қасиетті саналы ғұмырында адам сол өзектің айналасында өзі қалыптастырады. Малкайдар Дүйсенұлы да ата-бабадан келе жатқан ұлы қасиеттерді өзіне дарытып, әрі қарай өз жолымен дамыта білген азамат.
Ағамыз мектеп бітірген соң, ата-анасы Матайұлы Мұстафа жездесі мен Дүйсенқызы Ақзия апасына тапсырып, болашағына жанашырлық танытып, бағдар берген нәтижесімен Алматы Зоотехникалық-малдәрігерлік институтының малдәрігері мамандығын алып, еңбек жолын Кәукей ауылында веттехник болып бастаған. Кеңес заманында Қазалы ауданындағы біршама қызмет жолдарын сатылап өтіп, адал еңбектің жемісін көрді. Октябрь совхозында бас малдәрігері, кәсіподақ комитетінің төрағасы, ферма меңгерушісі, партия комитетінің хатшысы, совхоз директоры қызметтерін абыроймен атқарып, ауылды көркету, экономикалық ахуалын тұрақты сақтауда үлкен жұмыстар жасады.
Ел егемендігін алған уақытта да елге қызметі үзілген емес, 1995-2000 жылдары аралығында Қазалы ауданы әкімінің бірінші орынбасары болып, ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік етті. 2000-2005 жылдары Азық-түлік келісім шарт корпорациясының №6 Астық базасының директоры, 2005-2010 жылдары аудандағы Пошта байланыс торабының басшысы, 2010-2012 жылдары Әйтеке би кентінің әкімі, 2012-2014 жылдары АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қазалы аудандық аумақтық инспекциясының басшысы, 2014-2024 жылдары аралығында Қазалы аудандық ветеринариялық станциясының директоры болып қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысқа шықты.
Елдің ық жағының қаласы, жел жағының панасы болған ерлердің ортасынан Мәкеш ағамның өз орны бар. Жалпы иісі қазаққа деген қамқорлығы, туған жеріне деген жанашырлығы бұл кісінің азаматтық келбетін аша түседі. Нағашымыз өзі көп жылдар басқарған Қазалы ауданындағы ауылшаруашылығы саласын қыр-сырын меңгерген мықты маман, өз қызметінің лайықты сый құрметін алған абыройы биік азамат. Президенттің Алғыс хатынан бастап, бірнеше медаль мен төсбелгі, облыс әкімінің алғыс хаттар марапаттары елеулі еңбектің жемістері. Елге адал қызметіне «Қазалы ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Мемлекеттік қызметте жүрсе де қоғамдық жұмыстардан қол үзген емес, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Алқа билер» тобының мүшесі, аудандық сот медиациясының мүшесі, Өнегелі қоғамдық қордың төрағасы болып белсене араласып жүрді. Зейнет жасына шыққан соң Қазалы аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып та қызмет жасады.
Ағамыздың қайсыбір қызметте болмасын тындырымдылық, қарапайымдылық қасиеттерімен ерекшеленіп, көп жылғы іс-тәжірибесінің арқасында кейінгілерге үлгі болып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қосқан үлесі зор екендігі көпке белгілі.Үлгі тұтарлық өмір жолдары бізге өнеге, үлкен тәлім-тәрбие мектебі.
«Балалық шағыңды сағынсаң – нағашыңа бар» деген аталы сөз нағашы жұрттың мейірімділігі мен бала кездегі қамсыз күндерді еске салатын терең мағыналы ой. Нағашылар туралы шуақты күндерді еске ала отырып, жиендеріңіз өзіңіз жайлы жылы естеліктерді тебірене қозғайды.
«Сол күндер есімізде жанымызға жақын сақталады. Мұстафа әкеміздің анасы Айша әжеміз қайтқаннан кейін, ата-анамыз жазда өздері демалысқа кеткенде, мені, Ғабит пен Ғалымжанды нағашыларым Дүйсен көкеміз бен Күнбибі әжеміздің Майдакөл ауылына бір айға жуық жіберетін. Көкеміз бен әжеміздің, Мәкеш аға мен Бақытжамал апаның, Бақыт апамыздың бізге деген ыстық ықыластары,қамқорлықтары,махаббаттары шексіз еді.
Ол кезде күннің шыжыған, шіліңгір шілде айы мезгілде Майдакөл ауылындағы әрбір күндегі тынымсыз тіршілік қаладан келген біз үшін өте қызық, нағашымыздың ауласында қазақы там, киіз үй, малқоралары болатын, кешкілік мал оралатын кезде азан-қазан басталатын.
Мәкеш ағамыздың жұмыстан мотоциклмен барып-келетінін асыға күтетін едік. Бахытжамал апаның күнделікті дайындайтын самаурында қайнатқан, ешкінің сүтін қатқан қою шәйі, табадан жаңа піскен, ыстық қазан жаппай наны, дәмі керемет қолдың майы, кешкі асқа балбырап піскен қуырдақ – барлығы балалық шақтағы нағашылар ауылынан ұмытылмас естелік болған, тіл үйірер дәм болып қалады.
Нағашыларымыз осылай бізді үлкен қонақтарды күткендей, күн мен шаңды тигізбей бір ай бағатын, қазақы тамға қалың төсек салып, үлкен бөлмеге тек үшеуміз рахаттанып жататынбыз, қолымыздан кітап түспейтін, ауылда ұйқымыз қанып оянып, тыңайып қалатынбыз» деп балалық шаққа сағынышпен Гүлнар Мұстафақызы еске алады.
Ғалымжан Мұстафаұлы өз кезегінде нағашылар туралы былай ой қозғайды: «Қазақта «нағашы жұрт – балаға ерекше мейірімді болады» деген сөз бар. Біз бұл сөздің мағынасын бала күнімізде Майдакөл ауылында жүріп толық сезіндік. Гүлнар әпкеміз ол күндерді өте әдемі суреттеп жазыпты. Мен сол естеліктерге толық қосыла отырып, өз атымнан бірнеше жылы ой қоссам деймін.
Жаздың аптап ыстық күндерінде бізді – кейде Гүлнар, Талғат үшеумізді, кейде Ғабит екеумізді – Қызылорда облысы, Қазалы ауданының Майдакөл ауылына жіберетін. Ол жаққа барған сәттен бастап өзімізді ерекше қадірлі қонақтай сезінетінбіз. Күнбибі әжеміздің мейірімге толы, сәл жасылдау әдемі көзқарасы әлі күнге дейін жадымда. Әжеміз әрдайым бізге дәмдінің бәрін ұсынуға тырысатын: ең жақсы жілік, жаңа піскен қаймақ, Бақытжамал апаның жаңа сауған сиыр сүті, ашытпа – бәрін алдымызға қойып, «жеп алыңдар, қарақтарым» деп отыратын.
Дүйсен көкем өте таза, ұқыпты, иманды кісі еді. Сақалы өзіне ерекше жарасып тұратын, күніне бес уақыт намазын қаза етпейтін жан болды. Бізді қасына шақырып алып, басымыздан сипап: «Төре-төре», «Алахай-ай, алақай!» деп еркелетіп, қайта-қайта маңдайымыздан сүйетін. Сол кісілердің шексіз мейірімі мен махабатын бала көңілімізбен анық сезінетінбіз.
Біз үшін ең үлкен қуаныштың бірі – балалары «Ақ Папа» деп атайтын Мәкеш ағаның жұмыстан келуі еді. Кешке қарай оны тағатсыздана күтетінбіз. Ол кісі тезірек тамағын ішіп алып, бізді мотоцикліне отырғызып ауылды аралататын немесе бұлаққа су алуға алып баратын. Біз үшін ол нағыз үлкен саяхаттай көрінетін. Бұлақтың суына шомылып алу – сол кездегі ыстықта теңізге барғаннан кем қуаныш емес еді.
Кешкісін нағашымыз бізді ауыл клубына кино көруге ертіп апаратын. Ол кезде теледидар шалғай ауылда үнемі көрсете бермейтін. Сондықтан таңертеңнен бастап клубта қандай кино болатынын сұрап біліп алып, кешті асыға күтетінбіз. «Транссібір экспресі»,«Калина красная» секілді фильмдерді көргеніміз әлі есімізде.
Сол бір балалық шақтың иісі аңқыған күндер қазір жүрекке ерекше жылы сезім сыйлайды. Майдакөлдегі қарапайым ауыл өмірі, Дүйсен көкем мен Күнбибі әженің мейірімі, Мәкеш ағаның қамқорлығы – бәрі біздің жадымызда мәңгі сақталып қалды. Тіпті кейінірек Мұстафа әкеміз кейде менің жүрісіме қарап: «Ғалымжанның жүрісі тура Дүйсен көкесіне ұқсайды екен» деп әзілдеп айтатын. Мұның өзі біз үшін үлкен мақтаныш болатын.
Осындай асыл жандардың тәрбиесін, мейірімін көріп өскеніміз – біздің өмірдегі үлкен бақытымыз».
Осындай ғибраты мен тағылымы мол естеліктерге жиендері Ботагөз, Ғабит пен Талғат та қосылып, нағашылар ауылындағы балалық шақтың жарқын күндерінің бір белгісін ұмытпақ емес.
Бүгінде Мәкеш ағамыз мәуелі бәйтеректей жайқалған үлкен отбасының тірегі, Бахытжамал жеңгемізбен бір ұл мен алты қызды тәрбиелеп, он төрт немере сүйіп отырған ардақты ата.
Дана халқымызда егде жасқа келсе де, қайратты мінезімен, келісті сұлбасымен, қажырлы ісімен елінің ықыласына бөленіп, тұғырынан таймай, жұртшылықты сүйсіндіріп жүрген жанды «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деп жататыны бар. Бүгінгі күні жетпіс бес деген қазыналы жастың төріне шыққан, адамгершілік, ізгілік, парасаттылық, адалдық сияқты қазақы тәрбиені бойына сіңірген Малкайдар Дүйсенұлы ағамыз да сүйегі асыл, ізгі мұратты, әділдікті ту етіп көтерген өресі биік тұлға дер едік.
Мұстафа Матайұлы - Ақзия Дүйсенқызы балалары.
Ғабит МҰСТАФАҰЛЫ,
саяси ғылымдар докторы
13 мамыр 2026 ж. 45 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031