Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлік пен еңбекте шыңдалған

Ерлік пен еңбекте шыңдалған

Жеңіс күні біздің әулет үшін кезекті мереке, атаулы кезең ғана емес, басты құндылық бастауы болған қастерлі ұғым. Оған майдангер ердің ұрпағы болуымыз себеп. Біз бұл өрлік пен елдік жолын жалаң ұран, құр мақтаныш етіп қоймай, абыроймен арқалап, келесі буынға жеткізуді азаматтық, адамдық борышымызға айналдырғанбыз.
Менің атам Мдуар Қарабалаев – үш соғыс ардагері.
1915 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген оның өмірі – ерлік пен еңбектің, Отанға деген шынайы адалдықтың жарқын үлгісі. Жасынан жұмысқа араласқан атамның жолы соғыс жылдарының ауыр сынақтарымен, кейін бейбіт еңбектің маңдай терімен өрілген.
1930 жылы, небәрі 15 жасында Қазалы каналын қазуға қатысқаны жеке дара тарих. Соғыс басталғанша Қазалы түрмесінде бақылаушы болып қызмет еткен жігіт аз уақытта өз міндетіне аса жауапкершілікпен қарағаны үшін әріптестері мен басшылары құрметіне бөленеді.
1939 жылы Финляндиямен соғыс өрті өршігенде жиырма екі жасар әскери қызметкер шайқас алаңына жөнелтіледі.
Соғыстың ең ауыр және шешуші бағытында финдердің негізгі қорғаныс шебі – Маннергейм сызығын бұзуға атсалысады.
Маңызды нүктелер Коллаа өзені маңындағы ұзақ қорғаныс шайқасы, Кухмо бағыты және Солтүстік Лапландиядағы шайқастарда алдыңғы шептегі жаяу әскер құрамында жаудың бетін қайтарады.
Мдуар Нұржанұлы бұл соғыста ұрыс алаңында жарақат алады. Ростов-на-Дону қаласындағы госпитальда емделіп, жазылып шыққан соң Екінші дүниежүзілік соғысқа алғашқылардың бірі болып аттанып, басынан-соңына дейін қатысады. Батыс майдандарда, неміс-фашист басқыншыларына қарсы шайқасып, соғысты Жапон империалистерін талқандаумен аяқтайды.
Оның жүріп өткен жолы бірнеше соғыстың отын кешкен майдангер ретінде еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жанын аямағандығын аңғартады.
Соғыстан соң Қарағандының екпінді шахтасында көмір өндірумен айналысады. 1952 жылға дейінгі ауыр еңбегінде күніне 60 тонна көмір өндіруде бригадасымен алдыңғы қатардан көрінеді. Ол күндерді: «Шахтаға маршпен кіріп, маршпен шығатынбыз», – деп еске алатын.
Елге оралған соң жары, Ұлбосын Қарабалаеваға қосылып, он баланы тәрбиелеп өсіреді. Балаларының әрқайсысы еңбекқорлық пен адалдықтың үлгісі болады. Марияш, Маржан, Мейрамбек – мұғалім, Бақыткүл, Сәуле – медицина қызметкерлері, Тәңірберген, Алтынбек – құрылысшы, Ғани, Мамай – күзетші, Айгүл – аспаз. Бүгінде Мдуар ата мен Ұлболсын әжеден тараған ұл-қыздардан бөлек, отыз үш немере, тоқсан сегіз шөбере, бір шөпшек өрісті жолды жалғастыруда.
Мдуар ақсақал ПМК-4 мекемесінде құрылыс бригадирі болып көп жыл бойы абыроймен еңбек еткен. Төккен тері мемлекет тарапынан жоғары бағаланған.
1964 жылы «Коммунистік еңбек екпіндісінің бригадасы» дипломын алса, 1970 жылы Лениннің 100 жылдық мерекелік медалін омырауына таққан. 1974 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісі және «Еңбек Қызыл Ту» орденін алса, 1977 жылы «Еңбек ардагері» медаліне ие болған.
Ұлы Жеңістің 20, 30, 40, 50 жылдық және Маршал Жуковтың 100 жылдық медалімен марапатталған.
1997 жылы 82 жасында қайтыс болды.
Атам – тек майдангер ғана емес, сонымен қатар бейбітшілік пен тыныштықтың, ел бірлігінің насихатшысы. «Соғыстың қасіретін көрген адам бейбіт күннің қадірін жақсы біледі», – деп жиі ескертетін.
Соғыстың да, одан кейінгі тұрмыстың түзелу кезеңіндегі ауыртпалықтарын бастан кешірсе де, ол кісі көп айта бермейтін. Ол өткенін тізбелеп шағынудан гөрі өмірдің қандай сынағы болса да, адамды шыңдайтынын үнсіз ғана ұқтырып отыратын. Ең басты ұстанымы – адал еңбек еді. «Еңбектің наны тәтті» деп жиі айтатын. Сол сөзді біз бала күнімізде толық түсінбесек те, уақыт өте келе оның шын мәнін ұғына бастадық. Ол кісі үшін адалдық пен маңдай тер – ең үлкен байлық болатын. Біреудің ала жібін аттамау, өз еңбегіңмен күн көру – оның өмірлік қағидасына айналған
Біз атамыздың әңгімелерінен көп нәрсе үйрендік. Ол көп сөйлемесе де, әр сөзі салмақты, әр ісі өнеге болатын. Қарапайым өмір сүріп, үлкен із қалдырған жан еді. Бүгінде оның айтқан нақылдары мен көрсеткен жолы біз үшін өмірлік бағдар болып қалды.
Эльвира ҚАРАБАЛАЕВА,
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің өндірістік оқу шебері,
майдангер ұрпағы
13 мамыр 2026 ж. 43 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031