Жұмыспен қамту – маңызды мәселе
Ел экономикасының қуаты – оның еңбек ресурсында. Бүгінгі таңда Қазалы ауданында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы аудан тынысына жаңа серпін беруде.Статистикалық мәліметке сәйкес, аудандағы жұмыссыздық деңгейі 2026 жылы 5 пайыз бекітілген. Биылғы жылдың алғашқы 3 айында аудандағы жұмыс күші – 31 962 адам. Оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 30 360 адам, жалдамалы жұмыскерлер саны – 14 466 адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығаны – 15 894 адам, жұмыссыздар саны – 1602 адамды құраған.
Gov.kz платформасындағы мәлімет бойынша, 2026 жылға Мансап орталығына 3341 адам жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан. Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы аясында жұмысқа орналастыру 3501-ге жоспарланған. Оның 712-сі жолданып, 20,3 пайызға орындалған. Бос жұмыс орындарына 1701 адам жоспарланса, 177-сі оның жолданып, 10,4 пайызға орындалыпты. Ұлттық жобалар бойынша 17 жобадан 167 жұмыс орындарын (тұрақты – 8, уақытша – 159) құру жоспарланып, 35 адам жұмыспен қамтылып, 21,0 пайызға орындалған. 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру бойынша 27 адам, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша 840 жоспар беріліп, 473 орынға орындалған (56,3 пайыз). Оның ішінде жастар тәжірибесіне 3 жас маман, күміс жас жобасына 29 адам, әлеуметтік жұмысқа 3 адам жолданды, қоғамдық жұмысқа 438 адам жолданыпты. Ал мемлекеттік қайтарымсыз грант бойынша 64 азаматқа жоспарлануда.
Аудан әкімдігі жанындағы консультациялық-кеңесші органының отырысы тұрақты өткізіліп тұрады. Облыс әкімдігінің «2026 жылға жұмыс орындарына квота белгілеу туралы» 2025 жылғы 1 желтоқсандағы №223 қаулысына сәйкес 3 пробация қызметі есебіндегі, 1 жазасын өтеп келген, барлығы 4 адамды жұмыспен қамту белгіленіп, бүгінгі күнге толық 2 адамға орындалған. Мансап орталығы арқылы 2026 жылдың 1 сәуіріне қабылданған қаулы негізінде пробация қызметі есебіндегі 2 адам жұмысшы болып жұмысқа орналасып, 2 адам квотадан тыс жұмыспен қамтылған. 2 адам Skills Enbek платформасында «Шаштараз» мамандығы бойынша онлайн курс оқыған.
Жергілікті атқарушы орган арқылы «Еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру және ұзарту мемлекеттік көрсетілетін қызметі» бойынша 26 адамға рұқсат беріліп, мемлекеттік қызмет көрсетілген. 2026 жылдың 1 сәуіріне тіркелген (ресми) жұмыссыздық деңгейі – 4,7. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құрапты.
Аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуде мемлекеттік жобалар негізгі тетікке айналды. Жастар мен жұмыссыз азаматтарға арналған қайтарымсыз гранттар, жеңілдетілген несиелер беру ісі жүйелі жолға қойылған. Бұл тек адамдарды жұмыспен қамтып қана қоймай, ауданның ішкі өнімін арттыратын шағын және орта бизнестің дамуына жол ашуда. Соңғы есепті кезеңде ауданда тұрақты жұмыс орындарына орналасу, қоғамдық жұмыс және жастар практикасы секілді уақытша жұмыс түрлері де өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Айта кеткен жөн, ауданда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Алдағы уақытта жалғасын да табады. Бұл – жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы алтын көпір.
Қазалы ауданында жұмыссыздықпен күресудің тағы бір басым бағыты – жастар саясаты. Жаңадан оқу бітірген мамандардың тәжірибе жинақтауы үшін «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында ондаған мекеме жас мамандарды қабылдауда. Бұл – ертеңгі білікті кадрлар корпусын қалыптастырудың төте жолы. Кәсіп бастаймын деушілерге көрсетілетін қолдау да аз емес. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа жобалар мен сервистік қызмет көрсету орталықтарының ашылуы ауылдық жердегі жұмыссыздық деңгейін едәуір төмендетті.
Әрине, жұмыссыздық мәселесін бір күнде шешу мүмкін емес. Дегенмен, аудандағы жүйелі жұмыс пен мемлекеттік бағдарламалардың ашықтығы бұл бағытта оң динамика бар екенін көрсетеді. Ең бастысы – адамның еңбек етуге деген құлшынысы мен мемлекет ұсынған мүмкіндіктердің ұштасуы.
Айнұр ӘЛИ,
Коллаж автордікі













