Мал саулығы – маңызды міндет
Қазақ «Қал-жағдайың қалай?» деп жай ғана сұрамайды, әуелі «Мал-жаның аман ба?» деп хал сұрасқан. Өйткені сайын дала төсіндегі көшпелі тіршілікте мал – ырыс пен берекенің қайнар көзі. Малың бүтін болса, жаның тыныш, көңілің тоқ деген түсінік содан тамыр тартқан.Бір үйдің малы жоғалса, бір ауылдың еңсесі түскендей болатын. Себебі бар тіршілік, бар күнкөріс сол төрт түлікке байланған еді. Ата кәсіптің алтын арқауына айналған малдың біздің өміріміздегі орны бөлек. Ал оның жұқпалы дертке шалдықпай, өнімді болуы – ең алдымен иесінің жауапкершілігі, сонымен қатар ветеринар дәрігердің білімі мен біліктілігіне тікелей қатысты.
Шын мәнінде, малдың саулығы – адам денсаулығының айнасы іспетті. Сондықтан бұл саладағы әрбір қадам асқан ұқыптылық пен зор жауапкершілікті талап етеді. Олай болса, ветеринариялық-санитариялық талаптарды бұлжытпай орындау, мал басын біріздендіріп, жүйелі дерекқор қалыптастыру, әр жануарға төлқұжат беру секілді ауқымды міндеттерді арқалаған аудандық ветеринария саласының бүгінгі тынысы қандай? Қандай жұмыстар атқарылуда? Сұрап білдік.
Аудандық ветеринариялық станция бүгінде Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңы аясында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Кәсіпорынның негізгі міндеті – аудан тұрғындарын жануарлар мен адамға ортақ аса қауіпті аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтау. Осы бағытта сала мамандары жыл он екі ай профилактикалық шараларды үздіксіз ұйымдастырып, төрт түліктің саулығы мен халық қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етуде.
Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, ветеринар мамандарының қызметі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Олар күннің ыстығы мен суығына қарамай, ауыл-аймақты аралап, қауіпті індеттердің алдын алу бағытындағы жұмыстарды тұрақты түрде атқарады. Мал саулығына деген жанашырлық пен мамандыққа адалдық – сала қызметкерлерінің басты ұстанымы.
Бүгінде кәсіпорында штаттық кестеге сәйкес 128 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 21 ветеринариялық пункт меңгерушісі, 2 ветеринар дәрігер, 41 ветеринар фельдшер, 46 ветеринар санитар, 9 әкімшілік және 9 қосалқы құрам қызметкері бар. Кәсіпорын қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, арнайы автокөліктермен қамтылған.
Қазіргі таңда мекеме теңгерімінде 21 ветеринариялық пункт жұмыс жасайды. Алайда олардың екеуі – Ғ.Мұратбаев және Өркендеу ауылдық округтеріндегі ветеринариялық пункттер апаттық жағдайда болған. Осы мәселені шешу мақсатында 2024 жылы кәсіпорынның үнемделген қаржысы есебінен Ғ.Мұратбаев ауылдық округінде жаңа модульдік ветеринариялық пункт бой көтерді. Құны 14 миллион теңгені құраған нысанның құрылысын жеңімпаз мердігер мекеме – «Сагатфарм» ЖШС жүргізіп, бүгінде ел игілігіне пайдалануға берілді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласындағы ветеринариялық пункттерге көгілдір отын қосылып, мамандарға қолайлы жағдай жасалды. Алдағы уақытта Сарыкөл, Басықара, Қарашеңгел және Көларық ауылдық округтеріндегі ветеринариялық пункттерді газдандыру жоспарланып отыр.
Соңғы жылдары кәсіпорын техника және заманауи құралдармен де айтарлықтай толықты. Атап айтқанда, 2022 жылы 21 компьютер толық жабдығымен, 21 термочемодан және 1 автокөлік алынса, 2023 жылы 4 автокөлік, 3 компьютер мен 3 термочемодан жаңартылды. 2024 жылы тағы 2 автокөлік пайдалануға берілсе, 2026 жылы 4 автокөлік жаңартылып, сала жұмысының жеделдігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік жасалды.
Мекеме басшысы Болат Әміреевтің айтуынша, биыл аудан көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында кездесетін 11 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы ветеринариялық-профилактикалық шаралар мен 2 түрлі ауру бойынша диагностикалық жұмыстар республикалық бюджет есебінен жүргізілуде. Бұл жұмыстар өңірдегі эпизоотиялық ахуалды тұрақты сақтап, мал басының амандығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жыл басынан бері ветеринар мамандары індеттің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, жоспарлы вакцинациялау науқанын жүйелі түрде жүзеге асыруда. Құтыру ауруына қарсы 2000 бас мүйізді ірі қара, 3000 бас уақ мал, 2000 бас жылқы, 500 бас түйе және 500 итке екпе салынды. Ал аса қауіпті аусыл дертіне қарсы 53 750 бас мүйізді ірі қара мен 96 250 бас уақ мал вакцинациядан өтті.
Соңғы жылдары жұртшылық алаңдаушылығын тудырып отырған сібір жарасының алдын алу шаралары да ерекше бақылауға алынған. Ветеринарлар ауру ошақтарын анықтап, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай кешенді жұмыстар жүргізуде. Бүгінде бұл індетке қарсы 22 мың бас мүйізді ірі қара, 60 мың бас уақ мал, 18 400 жылқы және 2 мың түйеге вакцина егілді.
Сонымен қатар эхинококкозға қарсы 200 етқоректі жануарға ветеринариялық препараттар беріліп, пастереллезге қарсы 20 мың бас уақ мал егілді. Вирусты диарея мен инфекциялық ринотрахеитке қарсы 10 мың бас мүйізді ірі қараға вакцина салынса, нодулярлы дерматитке қарсы да 10 мың бас ірі қара қамтылды. Қарасан ауруының алдын алу мақсатында 22 мың бас мүйізді ірі қара егілді. Ал туберкулезге қарсы 4 мың бас ірі қара аллергиялық тексеруден өткізілді.
Мұнымен қоса, аудан көлемінде ауыл шаруашылығы жануарлары арасында кездесетін алты түрлі энзоотиялық ауруға қарсы профилактикалық жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, тейлериоз, пироплазмоз, фасциолез, сақау, гастрофилез және трипаносомоз ауруларының алдын алу шаралары күн тәртібінен түскен емес.
Мал шаруашылығына елеулі қауіп төндіретін бруцеллез ауруының алдын алу бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Жоспарға сәйкес 32 500 бас мүйізді ірі қарадан, 70 мың бас уақ малдан және 5 мың түйеден қан сарысуы алынып, зертханалық сараптамаға жіберілген. Мамандардың мәліметінше, талдау нәтижелері ауру белгілерінің анықталмағанын көрсеткен.
Ауданда ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары да жүйелі жүзеге асуда. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүргізілуде.
Кәсіпорын басшысының мәліметінше, 2026 жылға арналған жоспар аясында төрт ай ішінде 8 мың бас мүйізді ірі қараны бірдейлендіру көзделсе, жоспар толық орындалған. Уақ мал бойынша жоспарланған 16 мың басқа қоса, нақтысында 16 625 бас сырғаланды. Сондай-ақ 6 мың жылқы мен 1 мың түйе толықтай бірдейлендіріліп, есепке алынған.
Ветеринариялық саладағы жұмыстар тек аурудың алдын алумен шектелмейді. Бүгінде аудан көлемінде статистикалық деректер мен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді сәйкестендіру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл мал басының нақты есебін қалыптастырып, ветеринариялық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы №7-1/453 бұйрығына сәйкес, ветеринариялық құжаттарды рәсімдеу жұмыстары да тұрақты атқарылуда. Жыл басынан бері мал иелерінің өтініштері негізінде ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдауға 1464 дана №1 форма және 12 дана №2 форма ветеринариялық анықтамалары берілген.
– Соңғы жылдары жануарларға ізгілікпен қарау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінуде. Осыған байланысты «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң күшіне енгеннен кейін, 2022 жылдың 2 наурызынан бастап кәсіпорынның қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау қызметі тоқтатылды. Сәйкесіенше 2026 жылға бұл бағыттағы жұмыстарға бюджеттен қаржы қаралмады, – дейді Болат Әміреев.
Ауданда мал өлекселерін залалсыз жоюға арналған инфрақұрылымдарды ретке келтіру бағытында да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Қазалы ауданы бойынша типтік жобада салынған 8 мал қорымы (биотермиялық шұңқыр) кәсіпорын теңгеріміне берілген. Олар Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Құмжиек, Сарыкөл, Көларық, Мұратбаев, Шәкен және Арықбалық ауылдық округтерінде орналасқан.
Сонымен қатар 2026-2027 жылдары республикалық бюджет есебінен тағы 14 елді мекенде жаңа типтік мал қорымдарын салу жөнінде ұсыныстар берілген. Аталған тізімге Әйтеке би кенті мен Майдакөл, Алға, Өркендеу, Қызылқұм, Тасарық, Бозкөл, Аранды, Сарыбұлақ, Майлыбас, Қарашеңгел, Бірлік және Ақжона ауылдық округтері енгізілген.
Мал тоғыту ванналарын күтіп ұстау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудан бойынша Шәкен, Аранды, Тасарық, Майлыбас, Құмжиек және Арықбалық ауылдық округтеріндегі мал тоғыту ванналарының есіктерін қайта жаңғырту, тазалық жұмыстарын ұйымдастыру және олардың қалыпты жұмысын сақтау жөнінде ауылдық округ әкімдіктеріне арнайы хаттар жолданған.
Мал арасында кездесетін эндо және эктопаразиттердің алдын алу шаралары да тұрақты жүргізілуде. Мал иелерінің өтініштері мен өз қаражаты есебінен 2300 бас мүйізді ірі қараға, 6900 бас уақ малға, 300 жылқыға және 150 түйеге «Айвен», Ивермектин, «Аверсект» секілді ветеринариялық препараттар егілген.
Аудан аумағында сібір жарасының 10 ошағы тіркелген. Бүгінде олардың барлығы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылғы 29 маусымдағы №7-1/587 бұйрығымен бекітілген талаптарға сәйкестендіріліп, арнайы қоршалып, ракушкамен өріліп, іші бетонмен бекітіліп, сырты сыланған. Бұл жұмыстар қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында жүргізілген.
Сонымен бірге тұрғындар арасында ауыл шаруашылығы жануарларынан адамға жұғуы мүмкін жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында тұрақты түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Ветеринар мамандары ауыл-аймақты аралап, сақтық шаралары мен санитарлық талаптардың маңызын түсіндіруде.
Жалпы, аудандық ветеринариялық станцияның атқарып отырған жұмыстары – өңірдің эпизоотиялық тұрақтылығын сақтаудағы маңызды тетік. Мал саулығы мен адам қауіпсіздігін қатар назарда ұстап отырған сала мамандары қауіпті індеттердің алдын алып қана қоймай, ауыл шаруашылығының дамуына да өзіндік үлес қосып келеді. Тынымсыз еңбек пен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгінде ауданда эпизоотиялық ахуал тұрақты сақталып отыр.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













