Жалқау ма, әлде өз құнын біле ме? Зумерлер жұмыс берушілер мен еңбек нарығын қалай өзгертіп жатыр?
"Біз зейнетке кетеміз, сонда бұл буын әлі талай сорларыңды қайнатады", - дейді олар туралы ересек қызметкерлер.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны
Зумерлерді көбінесе жалқау, тым сезімтал және "дұрыс жұмыс істей алмайды" деп есептейді. Жұмыс берушілер жас мамандардың артық жұмыс істегісі келмейтініне, жеке шекарасын қорғайтынын және алғашқы кикілжің туындағанда-ақ оңай жұмыстан шығып кететініне шағымданады.
Ал зумерлердің өзі жұмыс берушілер жастарды сынау арқылы өздерінің қыңыр мінез-құлқын, қызметкерлерді қанау, жалақыны аз төлеу және артық жұмыс істетуге деген ниетін жасырғысы келеді деп санайды.
Шынымен де Z буыны "жұмыс істегісі келмей ме"? Әлде еңбек нарығы алғаш рет ескі ережелермен өмір сүруге дайын емес адамдармен бетпе-бет келді ме? Tengrinews.kz зумерлер мен еңбек нарығы арасында не болып жатқанын түсіну үшін жұмыс берушілер, HR-маман, психолог, мәдениеттанушы және жастардың өздерімен сөйлесті. Сондай-ақ, неге біреулер жастарды нашар жұмысшы деп санайтынын, ал басқалары, керісінше, олардың көзқарасы кез келген жастағы қызметкерге жақсы жағдайға қол жеткізуге көмектесетініне сенімді екенін анықтауға тырысты.
Анықтама: буындар теориясы - бұл танымал, бірақ даулы тұжырымдама. Оған сәйкес адамдар есею кезеңіндегі тарихи контекстке байланысты ортақ құндылықтары мен мінез-құлық ерекшеліктері бар жас топтарына бөлінеді. Z буынына немесе зумерлерге әдетте шамамен 1997-2012 жылдар аралығында туғандар жатады. Миллениалдарға - шамамен 1981-1996 жылдары туғандар. Олардың алдында X буыны (шамамен 1965–1980 жж.), ал одан да бұрын соғыстан кейінгі бэби-бумерлер буыны (шамамен 1946–1964 жж.) келеді. Бірақ топтардың шекарасы дереккөзге байланысты өзгеруі мүмкін, ал теорияның өзі жиі сынға ұшырайды: зерттеушілер оның адамдарды тым жалпылайтынын, буын ішіндегі айырмашылықтарды ескермейтінін және жас топтарына "буындық тәжірибемен" емес, табыс деңгейі, ел, орта және өмірлік кезеңмен түсіндірілуі мүмкін қасиеттерді таңатынын айтады. Даулы болғанына қарамастан, бұл теория ақпараттық кеңістігімізге берік енді - әлеуметтік желілер мен БАҚ-та күн сайын жастар мен олардың ата-аналарын салыстыратын контент пайда болады. Жұмыс берушілер де, HR-мамандар да еңбек нарығындағы өзгерістерді бағалауда осы категорияларды қолданады.
1. Жұмыс берушілер не нәрсеге наразы
"Түскі асқа кетіп, қайта келмеді". Жауапсыздық
Зумер буынының қызметкерлеріне қандай айып тағылып отыр? Бірінші және ең бастысы, жұмысқа тым жеңіл қарау мен жауапсыздық. Жас үміткерлердің бір бөлігі алғашқы жұмыс күні-ақ іріктеуден өте алмайтыны белгілі болды. Дәлірек айтсақ, тіпті тал түсте де.
"Түскі асқа кетіп, қайта клемеді" - бұл сөзді зумер-қызметкерлер туралы сөйлескен әртүрлі компанияның бірнеше иесі қайталады. Бақытқа орай, бұл жерде ешқандай қайғылы жағдай немесе төтенше оқиға туралы сөз болып тұрған жоқ. Жай ғана жас қызметкер алғашқы жұмыс күні түскі үзіліске шығып, жұмыс өзіне сәйкес келмейтінін іштей шешіп, біржола жоқ болып кетеді. Ешқандай жанжал, түсініктемесіз және көбінесе жұмыс берушіге тіпті хабарлама да қалдырмайтын көрінеді.












