Елдің жартысына дауылды ескерту жарияланды: үсік, шаңды дауыл мен найзағай күтіледі
Marek Piwnicki / pexels.com 13 мамырдың ауа райы жарияланды. SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Қазгидромет» 13 мамырға арналған ауқымды дауылды ескерту жариялады.
Синоптиктердің болжамынша, елдің бірқатар өңірінде найзағай ойнап, екпінді жел соғады, ал кей аймақтарда үсік пен шаңды дауыл болады.
Жетісу облысының таулы аумақтарында түнде және таңертең тұман түседі. Облыстың шығысында желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Сонымен қатар өңірдің оңтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Ұлытау облысында жоғары өрт қаупі әлі де сейілмеген. Дәл осындай жағдай Жезқазған қаласында да болжанып отыр.
Қарағанды облысының солтүстігінде 13 мамыр күні таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай күтіледі. Түнде шығыс бөлікте 2 градусқа дейін үсік жүреді.
Өңірдің батысы, солтүстігі және оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Ақтөбе облысында оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні күндіз 15-18 м/с-қа жетеді.
Ал облыстың оңтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде қалады.
Маңғыстау облысында күндіз жаңбыр мен найзағай болжанған. Өңірдің бірнеше ауданында шаңды дауыл тұрып, желдің екпіні кей сәтте 23 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақтауда да қатты жел күтіледі.
Атырау облысында да шаңды дауыл болады. Синоптиктердің мәліметінше, облыстың батысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Атырау қаласында да шаңды дауыл болжанып отыр. Астанада 13 мамырда жаңбыр мен найзағай болып, желдің екпіні 15-18 м/с-қа дейін күшеймек.
Шығыс Қазақстан облысында түнде жауын-шашын аралас қар түрінде түсуі мүмкін. Кей жерлерде 1-6 градус аралығында үсік жүреді.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Түнде және таңертең тұман түсіп, желдің екпіні 20 м/с-қа дейін барады. Облыстың шығысында 1 градус үсік жүруі ықтимал. Батыс Қазақстан облысында күндіз жаңбыр мен найзағай болжанған. Желдің екпіні 15-20 м/с болады.
Абай облысының кей аумақтарында тұман түсіп, түнде 3 градусқа дейін үсік жүреді. Өңірдің шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман күтіледі. Кей аумақта желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Қызылорда облысында шаңды дауыл тұрып, желдің жылдамдығы 20 м/с-қа дейін күшейеді. Өңірдің бірқатар бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр. Түркістан облысының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр мен найзағай болады. Желдің екпіні 23 м/с-қа дейін күшейеді.
Шымкент пен Түркістан қалаларында да қатты жел күтіледі. Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр мен найзағай болжанса, Ақмола облысында да найзағайлы жаңбыр мен екпінді жел күтіледі.
Алматы облысының батысы мен орталығында жоғары өрт қаупі сақталып отыр. Сонымен қатар Алматы және Жетісу облыстарының кей бөліктерінде түнде үсік жүреді.
Бұдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысында 11-13 мамыр аралығында өзендердегі су деңгейі көтерілуі мүмкін екені ескертілді. Бұл таудағы қар мен нөсер жауынға байланысты.












