Кәсіби медбике – сапалы қызмет кепілі
Бүгінгі таңда Қазақстанның мемлекеттік саясатында денсаулық сақтау саласын дамыту – ең басты басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлт саулығы – қуатты мемлекеттің негізі. Денсаулық сақтау саласы – қоғамның ең маңызды тірегі, ал онда қызмет ету – ізгі әрі жауапты миссия.«Менің балаларымының бәрі батыр, бәрі қайсар» дейді ол. Расында да, дүние есігін ашқан әр нәрестенің жолы бірдей болмай, кейде босану процесі ауыр қиындықтармен өткенде дәрігер мен мейіркештің кәсіби шеберлігі, мейірімі мен тәжірибесі адам тағдырына тікелей әсер етеді. Осындай жауапкершілігі мол қызметке қырық жылға жуық уақытын арнаған денсаулық сақтау саласының маманы Сарқыт Қарабала.
Қазалы ауданында дүниеге келген кейіпкеріміз орта мектепті бітірген жылы Қызылорда қаласындағы медицина училищесіне түсіп, 1986 жылы аяқтайды.
Еңбек жолын 1986-1987 жылдары аудандық емханада мейіркеш болып бастаған ол 1987 жылдың желтоқсан айынан бастап айына 150-200 балаға дейін күтім жасайтын аудандық перзентхана бөлімінде балалар мейіркеші қызметін атқарып келеді.
1987 жылы Перуза Бағланова, Ғалия Айекешова сынды мақтаулы мамандардан тәлім алған Сарқыт бүгінде өзі де нағыз ұстазға айналған. Бөлімдегі он екі әріптесіне өнеге болып, білім мен тәжірибесін аямай беруде. Эльмира Сембаева мен Мөлдір Ізекенова сияқты мамандар: «Сарқыт Махамбетиярқызы – өз саласын терең меңгерген жан. Білімі мен бай білігін басқалардан аямайды. Әсіресе «ақырын жүріп, анық басатын» сабырлығы мен жауапкершілігі көпті тәнті етеді. Жаңа босанған аналар мен оның туыстары да бұл кісінің еңбегіне әрдайым ризашылық білдіреді», – дейді.
Медицина саласы тек білім мен біліктіліктің ғана емес, үлкен жүректілік пен төзімділіктің мекені. Қазір ол аналарға босанғаннан бастап үйіне шыққанға дейін жанашырлықпен қарайды. Ана мен бала арасындағы алғашқы байланысты ояту, сәбиді табиғи тамақтандырудың артықшылықтарын түсіндіру, күтім дағдыларын үйрету, келесі жүктілікті дұрыс жоспарлау жолдарын меңгерту – оның күнделікті жұмысының маңызды бөлігі. Аналарға психологиялық қолдау көрсету ісінде де тәжірибесі мол.
«Апай, сіз менің «кіндік шешемсіз»» деп құрмет көрсетіп, ықылас танытып жатқан балалардың азамат болғанын көргенде, өмірлік бағытымды дұрыс таңдағаныма қуанамын. Ең үлкен жетістік – еңбегіңнің жемісін көру», – дейді бізбен әңгімесінде.
Еліміздегі медицина саласына оң бетбұрыс жыл санап аясын кеңейтіп келеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау саласында айтарлықтай оң өзгерістер бар. Мамандар жаңашыл, уақыт талабына сай үздіксіз білім алып, инновациялық әдістерді меңгеріп келеді. Өзі қызмет ететін орындағы жабдықтар жаңарып, халықаралық стандарттар енгізіліп, кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше мән берілуі Сарқыт Махамбетиярқызын қуантады. Жаңшылдық пен ілгері өзгерістер арқасында қиын жағдайдағы босанулардың сәтті аяқталуы артып, аналар мен балалардың денсаулығына деген қамқорлық биік деңгейге көтерілгенін айтады.
Сарқыт Қарабала – берекелі отбасының отанасы. Жолдасы Сайлаубай Оразалиев Ақтөбе мұнай-газ мекемесінде гидрогеолог болып қызмет етеді. Бес баласынан тараған он немерелері – көз қуаныштары. Алғаш «әже», «ата» атандырған Тимур Сайлаубаев – теннис спортынан көптеген жетістікке жеткен жас спортшы.
«Дұрыс үлестірілген жұмыс пен кәсіби шеберлік – адам өміріне тікелей әсер етеді» деген қағиданы ұстанған Мұндай мамандардың халық денсаулығын нығайтудағы еңбегі ауданның табысты дамуы мен өркендеуінің кепілі.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА












