Жұма күні қазақ әйелі не істеуі керек?!
Кеңестер Одағындағы елдер өздерінің үйренген бір күн мейрамдарын демалыс күні қылып отыр. Біздің Қазақстанның демалыс күні – жұма. Мұны біздің үкіметіміз тағайындап, бекітіп, мекемелерде, қара жұмыста, дүкендерде болатын қызметтің бəрін тоқтатып, қызмет адамдарын демалысқа босатып отыр. Қызметтегі адамдар жұманың алдында бейсенбі күні күндегісінше жарты сағат бұрын шығып, өз бастарының шаруасын басқарады.
Əйелдер бейсенбі күні бала-шағасы, өздері жуынып, тазарып, жыртық –тесігін жамап, үйлерін, кірлерін жуып, ертеңгі жұма күнді таза демалысқа қояды.
Ең алдымен ерте тұрып, қазанға су ысытып, бала-шағаның кір киімін, жастық тыстарын, орамал-дастарқанын – бəрін жиып алып, жуу;
Үй ішіндегі төсеніштерді – киіз, алаша, кілемді, қыс болсын, жаз болсын, далаға шығарып жайып, жел қақтырып, қағып, сілкіп, кіргізу; көрпе – жастық, құс төсек, текеметтерді де далаға жайып, қағып, сілкіп ал;
Нəрсе – қараң далада жаюлы тұрғанда – ағаштың басына жалбыратып жөке байлап, болмаса шөп байлап, үйдің ішкі төбесі мен қабырғасын сыпырып тазалап, есікті ашып таста, үйдің ішін жел қақсын. Сонда үй дымқыл тартпайды, дымықпайды. Үйдің қабырғасының балшығы түсіп, пештің бұзылып күйеленген жері болса, бір шылапшынға лай жасап жіберіп, сылапқой. Бір бұзылса, бұзыла береді. Сонан соң үйіңнің іші көз аштырмайтын түтін болады. Балаларға түтін залал;
Үйдің асты тақтай болса, боялмаған болса, темірмен қырып отырып, жөкемен не ескі қаптың жыртығымен ысып-ысып жуып алып, құрғатып сүрт. Бояулы болса қырмай-ақ жуып ал. Тақтайсыз жер болса сулы сыпырғышпен сыпырып ал;
Далаға жайған төсек-орынды қағып, сілкіп, үйге кіргізіп, үйіңнің ішін жиып ал;
Үйдің ішін жиып алған соң, кірді шала кептіріп жиып қойып, аяқ-табақ жағыңа кел. Шидің ішінде ыстық суға жуылмаған ыдыс қалмасын, ыдысты жуғанда ас астауы сияқты кең ыдысқа салып, ыстық сумен жөкелеп ысып жу. Күйе болған ыдыстарды күлмен ысып, жуып ал, жез шəйнек, самауыр сияқты нəрселерді бəрінің артынан таза күлмен ысып жарқыратып, жуып ал; Жуған кіріңді өтекте, жыртығы болса жама, түймелерін, бауларын қада. Тығыз болса бөліп алып қойып, кешке ел орынға отырғанда жама;
Əдейі бір қазан су жылытып, үй ішің болып жуыныңдар. Жуынғанда таза тараған жөкемен болмаса таза шүберекпен сабындап, денеңді ысып жу.
Алдымен балаларыңды шомылдыр. Жуынғанның артынан жуылған кірсіз киім киіңдер. Жуынып, тазарудың шарты сонда ғана орындалмақ. Осы үй ішінің тазалығынан артылған уақытың болса – қора-қопсы, мал шаруаңа жұмса. Бейсенбі сайын осы айтылған жеті міндетіңді ерінбей орындап əдет қылсаң, бит, бүрге, шаң, кір деген дерттің тумаларынан анық таза боласың. Олай болса, үй ішің, шаруаңа да береке кіреді.