Сапырған сары ожаумен сары қымыз...
Біздің халқымызда “Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды” деген жақсы сөз бар. Осыны ойына мықтап тоқыған адам, аштан өлмейді. Мысал керек пе? Онда бүгінгі кейіпкеріміздің қам-қарекетімен таныс болыңыз.
Әйтеке би кентінің іргесіндегі Ғ.Мұратбаев ауылында тұратын Сұлтан Айтуған жеке шарбақта жылқы ұстап, саумал, қымыз сатады. Қымыздың барлық талабын сақтап баптағандықтан дәмі бөлек, бағасы да қолжетімді. Өзгелердің өнімінен артықшылығын байқаған ауыл жұртшылығы қымызды сарқып сатып әкетеді.
Бүгінгі таңда бұл үйдің ауласында бес бие байлаулы тұр. Сұлтанның сөзінше, биеден алғаш сауылып алынған сүт – бойында бүкіл дәрумендерін, табиғи құрамын, тағамдық құндылығын жоймағандықтан саумал деп аталады. Одан кейін барып ол сүтке айналады. Арада біршама уақыт өткеннен кейін ғана ашып, қымыз болады. Әрине, қарап тұрып ашыған сүт пен пісіп, табиғи технология арқылы күбіде қозғалыста ашыған сүттің арасы жер мен көктей. Сондықтан сапалы қымыз болу үшін әлсін-әлсін пісіп отырамыз.
– Кейде осынау ұлттық сусынды «Сары қымыз – ауруға дәрі қымыз» деп мақтауын асырып жатамыз. Алайда жұрт оның шын мәнінде де шипалы екендігін енді ұғына бастағандай. Әсіресе бие сүтін жаңа сауған саумал күйінде ем үшін пайдалану жаппай үрдіске айнала бастады. Өзімнің тұрақты тұтынушыларым бар. Аудан орталығынан тапсырыстар түсіп жатса, тез арада тегін жеткізіп беріп отырамын. Ол үшін көк мотоциклім пайдама жарап тұр. Бағасы да тым қымбат емес, саумалдың да, қымыздың да бір литрі 500 теңгеден, – дейді жас кәсіпкер.
Жақында жеке кәсіпкер Сұлтан Айтуған «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Амандық болса, мемлекеттік грант аясында берілетін қаржыға қымыз пісетін аппарат сатып алмақшы. Электр қуатымен жұмыс істейтін аппаратты сатып алған уақытта бұрын қолмен атқарылатын көп жұмыстардың жеңілдейтініне кәсіпкер қуанышты. Сұлтанның жағдайын бұрыннан бие сауып, қымыз пісетін шаруалар жақсы біледі деп ойлаймыз.
Қымыз адамның физикалық жағдайын да күшейтумен бірге, тәбет ашып, ас қорытуды жақсартуға ықпал етеді екен. Мұны әңгіме арасында бізге бие сауып, ұдайы қымыз ішетін Сұлтан айтып берді.
– Қымызды ішудің де өз тәртібі бар. Асты қорыту үшін ащы қымыз ішкен пайдалы. Ал асқазаны ауыратын адамдарға ащы қымыз жақпайды. Оларға тұщы немесе саумал ішу керек. Сондай-ақ, қымызды ішкенде 100-200 грамм ғана ішіп, ағзаны соған үйрету керек. Егер көп мөлшерде ішсеңіз, ішкі құрылысыңызға зиян болады. Ал қымыздың емдік қасиетін айтар болсақ, ол адамның күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырдың жұмысын реттейді. Қан тамырларын тазалайды. Жүйкені тыныштандырады, – дейді шаруа.
«Сапырған сары ожаумен сары қымыз, ысталған сары местен дәрі қымыз…» дегендей, дәмі тіл үйірген балдай қымыз іздегендер Ғани Мұратбаев ауылындағы жас кәсіпкер Сұлтанға хабарласса болады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ