Жанкент қалашығы
Ауылымның жан-жағындағы әр ауылдың есімі бір тарих екендігіне бүгін тағы көз жеткіздім. Ұстазым Роза Жұмағазиевамен бірге зерттеуге алған ғылыми жобамның тақырыбы Жанкенттік ақын, зейнеткер ұстаз Ғалия Орынбасарованың шығармашылығы аясында болғандықтан, онымен сұхбаттасуға алғаш рет Жанкент ауылына бардық.
Ғалия апайдың өмірбаяны мен қызықты әңгімелері және шығарған кітаптары мені таңқалдырды. Ақынның қызы Қару Нұрзатпен бірге шығарған «Жанкенттің жетпіс әулиесі», өз қаламынан туындаған «Қазалылық Алашордашылар», «Рәһилә ахун», «Қазалы – жүрегімнің астанасы», «Ізіне ізгіліктің дәнін сепкен», «Жалындап өткен ғұмыр» кітаптары өлеңмен жазылған шежіре десем артық айтқандық емес.
Ақынның өзі келін болып түскен Жанкент ауылынан шыққан елге белгілі адамдар туралы жазған «Жанкенттің жетпіс әулиесі» кітабы мені одан әрі жетеледі. Осы кітапты жазуда ақынның көп ізденгенін, көнекөз қариялардың әңгімелерін тыңдағанын, сол өңірдегі атақты адамдардың ұрпақтарын іздеп, дерек жинағанын әңгімеледі. Мен оқыған аңыздарда Жанкентті билеген Санжар хан әулие Қара бура Әзімнің қаһарына ұшыраған екен. Ханның қарамағындағы қала халқымен қоса опат болған деседі.
Осы саяхатымның ең керемет тұсы – ұстаздарыммен сол көне Жанкент қалашығына баруым өте әсерлі болды. Көне қала V-ХV ғасырларда өмір сүрген. Жер астынан бастап қаланған қабырғалар, елін жаудан қорғау үшін салынған биік-биік қорғандардың көрінісі ежелгі өмірді елестетеді. Сонымен қатар, сол кездегі өмір сүрген адамдар бейнесімен орнатылған қазан-ошағының орны. Әке мен ананың, баланың келбеті, нан салатын ошақтары мен құмыралары өткен ғасырлардан сыр шертеді.
Ғалия Орынбасарова әңгімелеген жетпіс әулие маған осы қалашықта әлі де өмір сүріп жүргендей болды. Қала қазірдің өзінде зерттелу үстінде екен. Жыл сайын жазда археологтар келіп, қазба жұмыстарын жүргізетінін білдім. Ендігі мақсатым, археологтар келген кезде тағы қандай құндылықтар шығатынын көзбен көруді ойлап қайттым. Зерттеген жобаммен «Зерде» аудандық ғылыми жобалар байқауынан үшінші орын алдым. Бұл бастамама алған бағам мен үшін үлкен жетістік болды.
Зинадин ФАРХАД,
Ы. Алтынсарин атындағы
№204 мектептің оқушысы