Құрт ауруын жойған Жұбаныш сұпы жайлы не білеміз?
Сыр бойының Арал, Қазалы өңіріне белгілі, тіпті Қарақалпақ, Өзбек, Түркімен еліне аты мәлім болған халық емшісі әулие Жұбаныш Игісінұлы 1870 жылы бұрынғы Сырдария облысы, Қазалы уезі №8 ауылға қараған өңірде дүниеге келген. 1956 жылы 86 жасында Қазалы ауданының Андреев атындағы ұжымшарында қайтыс болып, сол аумақтағы «Ақ төбе» деген төбеге жерленген. Жұбанышты білетін, оның құдыретін көрген адамдар зиратына барып тәу етіп, Құран оқып қайтады.
Жұбаныш сұпы – Қаракесектің Есенгелді аталығынан тарайтын Байыстың алтыншы ұрпағы. Әкесі Игісін – он саусағынан өнер тамған шебер, темірден түйін түйген ұста, жеті атадан келе жатқан шеберхана (қара дүкен) ұстаған өзіндік құпиясы бар зергер. Сонымен қатар, жер жағдайын жақсы білетін аңшы, құралайды көзге атқан мерген болған. Тарихымызда орын алған ұлт-азаттық күресі кезінде Жанқожа мен Ақтан батырлардың атқосшысы әрі серіктес сарбаздарының бірі болып, қатар жүріп, жаугершілік жорықтарға қатынасқан (Ә.Оспанов, «Жанқожа батыр» Алматы. 1992 ж.). Оның есімімен аталатын Бектау өңіріндегі Бесөзектің арқа бетінде «Игісін» деп аталатын жер бар. Шешесі Алшоңбоз Жетірудың Керейт (қожа) руынан. Сол маңайда «Алшоңбоздың белгісі» деген де жер аты бар көрінеді.
Жұбаныштың жастық шағын, өмірінің біраз бөлігін өткізген жері – Ұялы, Бектау, Маяқос, Қарабура, Сараман өңірі. Бұл кісінің есімімен аталатын Кәукей ауылына қараған өңірде алыс¬тан мұнартып көрінетін «Жұбаныш төбе» деген қара төбе бар. Жұбаныш ерте ер жетіп, сал-серілік құрып, өлең айтып, домбыра тартып, ауылды аралап жүретін өте келбетті, сұлу жігіт болған. Тәуір әнші әрі домбырашы екен. Сөйтіп жүріп ауруға душар болып, үш жыл төсек тартып жатып қалады. Аурудың тілін білетін ғұламаға емделіп, Қазан, Бұқара, Хиуада оқып, медресе тауысқан Ноғай молдадан араб, парсы, түркіше оқып, шариғат тәлімдеріннен дәріс алады. Дертінен сауығып, емшілік жолға біржолата түседі.
Көз көргендердің айтуынша, Жұбаныш әуелі ауырған адамның тамырын ұстап, көзіне, тіліне, тырнағына, терісіне қарап ауруын біліп, ем жасайды екен. Далалық жерлерде, су жағасына, тоғай арасына қона жатып, емдік қасиеті бар шөптерді жинап, тамырынан, сабағынан, гүлі мен шырынынан дәрі жасап пайдаланған. Емдік қасиеті бар шөптерге, ешкінің және басқа да аңдардың майын, алмас пен сынап қосып уыттап, мысқалдап қолдан құмалақ дәрі жасайтын болған. Ол көбіне екінің бірінің қолынан келе бермейтін күрделі құрт ауруы, жылан көз, бетеке, сүйек тасу, таз, қотырларды емдеген.
Көңіл жықпайтын Жұбаныш сұпыны елдің ерекше ардақтап қадірлейтіні – қылтамақ ауруын емдеп жазған құдыретті емшілігі. Ежелгі ғұламалардан, Ибн Сина ілімдерінен хабары болған дейді көзін көргендер. Сонымен қатар, келе жатқан адамдарды күн ілгері аян алып, біліп отыратын киелі қасиеті бар екен.
Ләззат ӘБДІХАЛЫҚОВА,
Қарасақал Ерімбет атындағы
№96 мектептің мұғалімі.