Шүлен таратуды ұмыттық па?
Қазақ салт-дәстүрге бай халық. Әрбірінің астары ақыл-ойдың теңізі, үлгі-өнегесі мейірім-шапағаттың мұхитына пара-пар. Тым әріге бармай-ақ, соңғы екі-үш ғасырдың бедерінде ғұмыр кешкен аталарымыздың өмір салты мен тіршілік нәрінің өзі көп нәрсеге көзқарасымызды түзеп, саналыны жағымсыз әдет, әрекеттерден тыйып, әдепке қарай бағыттады. Осы орында қазақты қайырымдылыққа үндейтін шүлен тарату дәстүрі туралы әңгіме өрбітейік.
Тарих тереңіне үңілсек, шүлен тарату дегеніміз көшпелі қазақ халқының байлары, билер мен батырларының кедейлерді жинап оларға материалдық жағынан көмек көрсетуі. Бұл дәстүр көбіне қыстың алдында өткізілген. Анығында шүлен тарату мейірімділік көрсету үшін жасалған.
Бұрынырақта, Жәңгір есімді төренің төрт мың жылқысы болыпты. ХІХ ғасырдың ортасында мұндай жылқы екінің бірінде болады, арасында он мыңнан артық жылқы біткен Сапақ, Бапақ, Азынабай деген байлар да бар. Күндердің күнінде ел ақсақалдары кеңес берді ме, әлде өзі елдің батасын алғысы келді ме, шүлен бермек болады. Елдің үлкендерімен ақылдаса келе, әр он жылқының біреуін кедей-кепшікке, құдайы жолаушыға таратамын, Алланың алдында сұраусыз деп уағда қылады. Белгіленген күні «шүленге қатысамыз» деп маңайдағы ел түгел Жәңгірдің жайлаудағы ауылына жиналады. Шүлен тарту да ас беру сынды дастарқансыз болмайды. Арнайы осы істің басы-қасында болып, батаға аламыз деп алыстан келген жақсыларды ауыл болып күтеді.
Жәңгірдің белгі беруімен жылқышылар жылқыны он-оннан топтап, жиналған елдің алдынан айдап өтеді. Әр оныншы жылқыны кезегі келген адамға беріп жатады. Осындай ондықтардың бірінде Жәңгірдің үлкен баласының тақымына басқан бәйге аты оныншы болып шүленге түсіпті. Жылқышылар бұғалықтап ұстап кезегі келген адамға беріп жатқанда, баласы әкесіне: «менің еншіме біткен малдан бір үйір жылқы алсын, мына бәйге атым өзімде қалсын» деп жалынды дейді. Жәңгір төре: «жоқ, Құдай тағала сенің бәйге атыңды мына бейшараға бұйыртып тұр, бір айтқан сөзімнен қайта алмаймын» деп тұлпарды шүлен тартуда кезегі келген адамға береді. Осы шүлен тартқан оқиғадан кейін Жәңгір «шүлеңгір бай» атанған екен.
Ертеде жылқылы байлардың ішінде шүленді әр бес жылқыдан біреу деп тартатындар да болады. Сонымен бірге шүлен тарту үшін төрт мың жылқы айдаудың да қажеті жоқ. Қазақ байлық бітсе, өрісі малға толса, оны Алланың елге берген құты деп түсінеді. Сол себепті оны дос-жаранмен, жарлы-жақыбаймен, аш-арықпен бөлісу – ұлттық дәстүрге айналған.
«Мәңгілік байлық та, кедейшілік те жоқ. Бәрі өткінші, бүгін бар, ертең жоқ жалған дүние, о дүниеге малыңды айдап, дүниеңді көтеріп алып кетпейсің. Балалардың өз ризығы бар, әкенің малы балаға мал болмайды. Көзің тірі тұрғанда жұртпен бөліс, жағдайы болмай жүрген елдің батасын ал». Міне, ауылда көбіне көнекөз қариялардан еститін осы сөздер шүлен тартудағы негізгі қазақы ұстаным болғанға ұқсайды.
А.БАҚЫТҰЛЫ