Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қара қазанның қасиеті

Қара қазанның қасиеті

Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүр мен ырым-тыйымның мүлт кетпейтіндігі белгілі. Ендеше “Елден қазан кетсе, қазақтан ырыс кетеді” дегенді естіген шығарсыз.
Халқымыз қара қазанды көнеден қасиет тұтып, ерекше қастерлеген. Қазаны оттан түспейтін әрбір шаңырақ мүшесі оны қуат көзіне балаған. Елді аштықтан аман алып қалған да қадірлі ыдыс құдіреті. Жаугершілік заманда қазан астына жасырынып қанша бала тірі қалды. Дастарқан мәзіріндегі тағамның барлығы дерлік осы ыдыста дайындалады. Құрт қайнату, бауырсақ пісіру, ірімшік жасау, ет асу тағы басқалары қара қазан арқылы дайындалады. Қазанды үш аяқты ошақ немесе жер ошаққа қояды. Тұрғылықты жерде қазандыққа орнатады. Көшпелі елде ол қирамас үшін қалың кенеп киізден арнаулы қазанғап әзірленген.
Жалпы көне таным түсінікке сай қазан тоқшылық пен бейбітшіліктің, ырыс-несібенің белгісі. Сондықтан қазанды себепсіз сындырмаған және төңкермеген. Оны сындыру – отбасын ойрандау саналса, төңкеру – аштық пен жоқшылық нышаны деп қабылданған. Ал рухани жаңғыруымыздың қайнар көзіне айналып, береке-бірліктің ұйытқысы болған қасиетті дүниені қадірлей білу, оның басқа заттарға қарағанда ұлт өмірі мен мәдениетінде алатын орны ерек екендігін кейінгі буынға аса құнды мұра ретінде жеткізу парыз. “Жеті жарғыда” өлім жазасына кесілген жан жеті айып төлеп құтыла алады. Оның біріншісі – қара қазан беру.
Абылай хан Көкшетаудан көшкенде Бекболат бидің артынан келетінін біліп, қара қазанын жұртына тастап кетуінде үлкен философиялық толғам жатыр. Оны зерделі би Бекболат дәл шешіп ат басын тартқан екен.
Бағзыдан айтылып келе жатқан «қара қазан, сары баланың қамы» деген атау бар. «Қазан шайқалса, ырыс шамданады» дегеннің астарында үлкен ой жатыр. Аталы сөздің түп-төркіні ырыстың қадірін біліп, астамшылдық пен ысырапқа жол бермеудің үлгісін көрсеткендігі ойландырады.
Аталарымыз қазанды тiршiлiктiң қайнар көзi, үйдiң берекесі деп санаған. Қандай қиын-қыстау күнде де, қара қазанын ескi жұртқа тастамаған. Оны алып жүру мүмкiн болмағанда өзiнiң ырымын жасап көмiп кетiп отырған. Ондағы мақсаты үйден қазан кетсе, “ырыс-несiбемiз, құтымыз кетедi” деп санаған. Бойжеткен тұрмысқа шыққанда, ата-анасы барлық дүние-мүлiктi берсе де, қара қазанды бермеген. Қазақ ешқашан да қазанды сыйға тартпаған. Көршi-көлем той-садақа жасағанда қазанды уақытша пайдалануға болады, бiрақ қазанды пайдаланып болғасын оның түбiне дәм салып жiбередi.
Қара қазан өте қасиеттi дейтiнiмiз, сәби тiл-көз тиiп ауырып қалғанда, қазанның құлағынан қара күйе алып ұшықтағанда жазылып кететiнi және таңдай тісі шыққанда да оны саусақты күйелеп басады. Суға батып кеткен адамды қара қазанмен табады. Ол үшiн кеткен тұсына оны тастайды. Қазан су бетiнде ұзақ қалқып жүрiп адам жатқан жерге келгенде өз-өзiнен батып кетедi. Сөйтіп айдын астындағы мәйiттiң үстiне, не қасына түседi. Мұндайды көргенде таңғалмасыңа шара жоқ. Бұл ырымды теңiзшiлер өз өмірлерінде әлi күнге дейін қолданатын көрінеді.
Жылына бір рет ас пісіріп, қалың бұқараға дәм таттырту дәстүрі қазақ хандарының тұсында “шүлен тарату” деген атаумен тарихта қалған. “Шүлен” – мырзалықтың, берегендіктің баламасы. Қолы ашық, жүрегі кең адамды “өзі бір шүлен адам” екен дейді.
Ерекше жәдігерлері таптырмайтын құнды мұра болып табылатыны сөзсіз.
– Қазанның қақпағын жауып қояды. Ішін тазартып жуып болған соң суын сарқу үшін төңкеруге болмайды. Соңғы кездері жиі байқаймын. Көп үйлерде тіпті жасы егде тартқан әйелі бар шаңырақта да осылай ету үрдісі кең етек алуда. Бұл білместіктен жасалуы мүмкін. Бірақ қазанды төңкеру жаман ырымға баланады. Тұтастай бір отбасы қайғы жамылғанда, жаугершілік уақытта шаңырақтың түтінін түтететін жан қалмағанның белгісі ретінде қазанды төңкеріп кететін болған. Осындай ырым-тыйымдармен қорғалып келген қасиетті қара қазанға жұртшылық көп мән бере бермейді. Мына бір оқиға әлі де есімнен кетпейді. Сонау 90-шы жылдары ақша табу қиын болып, халық жаппай темір-терсек өткізіп, азық етіп жүрді. Сондай күнде бір танысымыз үйіндегі ескі қазанын бәрібір қолданып жүрген жоқпыз деп өткізіп ақша қылу үшін сындырып отырғанының үстінен түсіп, денем түршіккен. Ақыры көп ұзамай әйелімен ажырасып, уыздай ұйыған отбасы екіге бөлінді. Осының өзі аталардан келе жатқан ұлық үрдісті ұмытудың қасіреті деп ойлаймын”, – дейді ауыл тұрғыны.
Бүкіл ырым-тыйымдардың астарына мән берсек, бұрынғылар түсінуге келмейтін қауіптен сақтандырып кеткенін байқауға болады. Соның бірі – қайтыс болған адамның бейіті бұзылса, түске кіріп мазаласа, басына қазан апарып қойған. Марқұмның соңынан туыстары ауру-сырқаусыз, белгісіз себептермен көз жұмса, Құран оқытып, басына қазан төңкерткен.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
02 маусым 2020 ж. 9 067 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 43

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930