Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Таулар алыстаған сайын асқақтай түседі

Таулар алыстаған сайын асқақтай түседі

Өлең деп соққан жүректерге от берген, Отаным деп соққан көңілдерге қуат берген исі қазаққа танымал ардақты ақын, Сейіл Боранбайұлы – менің туған нағашым, аяулы анам Сәлия Боранбайқызының ізінен ерген бауыры еді.

Ағайынды Боранбаевтар төрт ағайынды болатын. Боранбай атамыздың үлкен ұлы Бұқарбай – Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейінгі жылдары ауылшаруашылығын қалпына келтіруге, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, бәтуәлі сөзімен көпшілікті аузына қаратқан, ел-жұрты сыйлаған қадірлі азамат. Одан кейінгі апамыз Балия мен менің анам Сәлия екеуі тете өскен. Сейіл ағам олардың кенже інілері. Анамның айтуынша, болашақ ақын қазіргі Аранды ауылдық округіне қарасты Сағындық ауылында дүниеге келеді. Балалық шағы талай талантты дүниеге әкелген, ақын ұл-қыздарының асқақ жырларына арқау болған Қазалы ауданындағы киелі мекен, атақты Аранды қырдың етегінде өтеді. Әкесі Боранбай ел-жұртына қадірлі, абыройлы болыпты. Сейіл ағам төрт жастан енді асқан шағында сұм ажал әкесінен айырады. Болашақ ақын 14-15 жасқа дейін Ұлбике, Ұшыға атты қос анасының тәрбиесін көреді. Аналары дүниеден қайтқасын Сейіл ағамның тәрбиесі үлкен нағашым Бұқарбайдың қолына көшеді. Жасынан өнер, білімге құштар болған ол мектепте де өз қатарластарының алды болған. Сонау отыз жетінші жылдардағы ел басына түскен нәубет пен Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау күндерін балалық жүрегімен терең сезініп өскен Сейіл ағам мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сөз өнеріне, әдебиет пен тарихты жақын тұтқан. Көкірек көзі ашық Бұқарбай көкем Сейіл ағама сол кездегі батырлар жырлары мен хиссаларды көптеп әкеліп береді. Оның зеректігі сонша ұзақ-ұзақ батырлар жырларын лезде жаттап алып, кешкілік отбасындағыларға айтады екен.

Сейіл ағам мектеп бітіргеннен кейін Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түседі. 1953 жылы институтты ойдағыдай бітірген соң арнайы жолдамамен Қостанай облысының Жанкелдин ауданына мұғалімдік қызметке жіберіледі. 1955 жылы туған елге өзі секілді жоғары білімді маман, жеңгеміз Нәзипамен екеу болып оралып, мұғалімдік қызметін жалғастырады. Ұзамай ерекше қабілетімен көзге түскен жас ұстаз сол кездегі аудандық «Социалистік жол» газетіне қызметке шақырылады. 1962 жылға дейін басылымда бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарады. Өлең өлкесіне шындап бет бұрған жылдары да осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. 1962-1963 жылдары облыстық «Ленин жолы» газетінде жауапты хатшы, насихат бөлімінің меңгерушісі, 1963 жылдан 1982 жылға дейін Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы, 1982-1990 жылдары облыстық «Ленин жолы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитеттің төрағасы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы болып істеді. 1959 жылдан Қазақстан Журналистер Одағының, 1986 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Сейіл ағамның «өлең-сөздің патшасын, сөз сарасын қиыннан қиыстыруы» кездейсоқтық емес деп ойлаймын. Көзкөргендердің айтуынша, нағашы ата-әжелерім де осал жандар болмағанға ұқсайды. Осындай асыл жандардың сарқытындай болған мен де бала күнімнен әдебиетті ұнаттым. Көркем шығармаларды, өлең-жырларды жата-жастана оқитынмын. Төртінші кластан бастап қолыма қалам ұстап, өлең, мақала жаздым. Қаламдас құрбы-құрдастарым Шамшия Жұбатова, Сахи Қапаров, Ермек Зәңгіров, Ақбала Айекеевалар секілді аудандық газет редакциясымен жиі байланыста болдым. Мақала, өлеңдерім республикалық газет, журналдарға жиі жарияланып тұрды. Менің жасымнан қаныма сіңген қасиетім біреуді жағалап, сағалағанды жек көретінмін. Сондықтан жолым түсіп редакцияға барғанда нағашымның кабинетіне жоламайтынмын. Қайта өзі көріп қалса шақырып алып, жай-жапсарымды, үй-іші амандығын сұрап бәйек болар еді. Сондайда «өлеңіңді оқып жүрмін, аяқ алысың жаман емес, жазғандарыңды әкеп көрсетіп тұр, бірақ сен менен бұрын ақын болдың ғой» деп күлетін. Бұл менің өлең жазуды төртінші кластан бастағанымды меңзегені болса керек. Ондайда бала көңілім біраз нәрсені бітіріп тастағандай марқайып қалады. Сейіл ағам жаны жомарт, жүрегі жұмсақ, аса қайырымды, қарапайым, парасат-пайымы жоғары, адамгершілігі мол, жалғандыққа жаны қас, әділетсіздікке төзбейтін. Әсіресе екіжүзді, жарамсақтарды өлердей жек көретін. Жақын-жуықтың қамқорын соғып, қолынан келгенінше көмектесіп жүретін. Жетім көрсе жебеп, маңдайынан сыйпайтын. Қиналған жанның қасынан табылатын. Өзіме емес, өзгеге болсын деген ақ ниетті адал жан-тын.

Мен бала күнімнен заңгер болсам деп армандадым. Мектеп бітірген соң Қазақ мемлекеттік университетінің заңгерлер дайындайтын бөліміне оқуға бармақшы болып жүрдім. Бір күні ойда жоқта редакциядан телефон шалып, «Сейіл ағаң шақыртып жатыр», – деді. Бардым. Мені көргесін мектепті бітіруіммен құттықтап, тілектестігін білдірді. Сөз арасында қандай оқуға баратынымды сұрады. Заңгер болмақ ниетімді жеткіздім. Төмен қарап сәл ойланып қалған нағашым:
– Айналайын, талабыңа нұр жаусын, бірақ сенің жазу жағына икемің мол екенін мойындап жүрмін. Сондықтан әлі де ойлан, журналистикаға барғаның жөн бе деп ойлаймын, – деді. Мен заңгер болғым келетінін қадап айттым. Сонымен әрі-сәрі күйде кеттім. Кейін жоғары оқу орнына құжат тапсырар алдында Сейіл ағамның кеңесі таразы басын басып, журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Кейін естідім, Сейіл ағаның сол жолы мені шақыруының өзіндік мәні болыпты. Үлкен нағашым Бұқарбайдың қызы Сәуле екеуміз қатар өстік. Мектепті де бір жылда бітірдік. Мектеп бітірер шақта менің заңгерлер дайындайтын оқу орнына барамын дегенімді естіп жүрген Сәуле үйіне барып: «Мен де Алмагүл баратын оқуға барамын», – деп қиғылық салған көрінеді. Ал әке-шешесі Сәуленің мұғалім болғанын қалайтын. Әке-шешеге айтқанын істететін ерке қыздың бетін қайтара алмаған Бұқарбай көкем інісінен көмек сұраған екен. Сөйтіп Сейіл ағам Сәуленің де, менің де мамандық таңдауыма себепкер болған.

Сейіл ағамның бойында туған жерге деген сүйіспеншілік ерекше еді. Өз шаруасынан бұрын елден келген әрбір ағайынның жұмысының бітуін назарында ұстайтын. Екі-үш адамның басы қосыла қалса Аранды қырды, атамекенін жыр ғып айтып отыратын. Туған жер туралы әңгіме қозғалғанда жүзі нұрланып, ерекше қуаттанып кететін.

Бірде шығармашылық іссапармен ауданға келгенінде қаламдас достары Қомшабай Сүйенішов, Айжарық Сәдібеков, Арзымбек Мәдединов, Өтеген Жаппарханов, Қайырбай Зәкіровпен бірге біздің үйде қонақта болғаны бар. Сөз арасында Сейіл аға «біздің Аранды қырда, біздің Аранды қыр» деген сөздерді жиі қыстыра берді. Сонда Қомшабай аға:
– Сәке, қоя қойшы, біздің бәріміздің де Аранды қырымыз бар, – деп қалды. Отырғандар жаппай күлісіп жатты. Сейіл аға үлкенмен де, кішімен де әдемі әзілдесетін. Әсіресе ақын Рүстем Жанаев ағамызбен араларындағы жас алшақтығына қарамай әңгімесі жақсы жарасатын. Олар өмірлерінің соңына дейін туғаннан артық ағалы-інілі, ажыраспас дос болып өтті. 2005 жылы шілде айында 75 жастан асқан шағында Сейіл Боранбайұлы өмірден өткенде Рекеңнің:
– Сыр бойы ғана емес, бүкіл Алаш жұрты елін емірене сүйген, асқақ ойлы, биік рухты абзал ақынынан айрылды, – деп аһ ұрған, өзекті өртер өкінішті сөзі құлағымда жаңғырып қалып қойды.

Ширек ғасырға жуық аудандық газетті басқарып, бүкіл ғұмырын журналистика мен бас­па ісіне арнаған ақын Сейіл Боранбаевтың аудан журналистикасының, әдебиеті мен мәдениетінің өркендеп, дамуына қосқан үлесі зор. 1966 жылы «Жазушы» баспасынан балаларға арналған «Ұстаз» атты әңгімелер, 1970 жылы «Жалын» баспасынан «Қалтқы» атты өлеңдер жинағы шықты. 1977 жылы жарық көрген «Қазақ Кеңес балалар поэзиясының антологиясында» бір топ өлеңдері жарияланды. Біраз өлеңдері қарақалпақ тіліндегі «Дала туысқандығы», латыш тілінде шыққан «Дала қызғалдақтары» кітаптарында жарық көрді. 1980 жылы «Табиғатқа тіл бітсе», 1985 жылы «Мырза маусым», 1989 жылы «Қайырлы таң», «Төрт түліктің төлдері»,1999 жылы «Тұмар» баспасынан «Халқым қалай күн көрер» атты жыр кітаптарын жарыққа шығарып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды.

Данышпан ақын, ұлы Абай «Әрбір ғұламаның басқан ізінде бір-бір медресе жатыр» деген екен. С.Боранбаев мектебінен тәлім-тәрбие алғандардың алды республика жұртшылығына жақсы танымал ақын, жазушылар, мемлекет қайраткерлері. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді халық даналығы. Өңірімізде мықты-мықты журналистердің қалыптасуына септігін тигізген, бүкіл ғұмырында адалдық пен адамдықты ту етіп, қарапайым, қанағатшыл қалпында, сабырлы да, байыпты мінезімен өзгелерге үлгі-өнеге болған, ойлы да өрелі жауһардай жасын жырларымен болашақ ұрпаққа өлмес мұра қалдырған С.Боранбаевтың ауданымыздың өсіп-өркендеу тарихында өзіндік қолтаңбасы бар екені даусыз. Биылғы 14 қаңтарда халқын қалтқысыз сүйіп, өмірінің соңына дейін Отанына, атамекен, туған жеріне деген перзенттік сезімін асқақ жырларына арқау еткен Сейіл Боранбаевтың туғанына 90 жыл, ал өмірден өткеніне 15 жыл толады.

Таулар алыстаған сайын асқақтай түседі. Ақын өмірден озғанымен артында мәңгі жасайтын жырлары, мол мұрасы қалды. Ел-жұртының мүддесін жеке шаруасынан жоғары қойған, өмірінің ақырына дейін адалдық пен адамгершілікті ту еткен, парасат-пайымы жоғары, абзал ақынның бағасын келешек беретініне сенім мол. Бүгінгі ұрпақтың қолынан келері – ақынды мәңгі есте қалдыру мақсатындағы іс-шараларды жүзеге асыру.

Алмагүл ҚАРЖАУБАЕВА,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
15 қаңтар 2020 ж. 1 866 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 71

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 66

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930