Жауһар жырдың жүйрігі
Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Алаштың анасы атанған Сыр елі – Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында халық ақыны Байназар Өтептің 115 жылдығына орай «Елім деп жыр төгілткен» атты аудандық жыршы-термешілер байқауы өтті. Ауылдық мәдениет үйі жанындағы Жәмет жырау атындағы жыр-терме үйірімесінің жұмысын жандандыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға он талапкер қатысты.
Байназар Өтепұлы 1903 жылы қаңтар айында қазіргі Қазалы ауданына қарасты «Сары төбе» атанған Аранды қырдың етегінде дүниеге келген. Ақын төрт ағайынды. Әкесі Егізек баласы Өтеп диқаншылықты кәсіп етіп, еліне қадірлі адам болған. Байназар ауыл молдасынан сауатын ашып, 1918 жылы он бес жасында Қазалы қаласындағы татар медресесінде бір жарым жыл оқып, әр түрлі пәндерден білім алған. 1920 жылы Қазалыдағы қазіргі орыс мектебі жанындағы мұғалімдер дайындайтын бір жылдық курс ашылып, сонда оқиды. Мұғалімдік курсты бітірген соң Майдакөл, Алға, Жалпақ мектептерінде ұстаздық етеді. 1925-1929 жылдары «Ақтөбе-Қостам» болысының жауапты хатшысы болады. 1929-1932 жылдары «Қаракөл» серіктестігі, Аралдағы «Мардыма» балық кооперативінің төрағасы қызметін атқарды. 1933-34 жылдары Қожабақы бастауыш мектебінің меңгерушісі және Сырдарияның сол жағалауындағы мектептерінде оқу бөлімінің испекторы болады. Байназар Өтепұлы Қожабақы ауылындағы №25 қазақ орта мектебінің негізін қалаған алғашқы мектеп меңгерушісі, әрі мұғалімі болған.
Оның артында өшпейтін мол мұрасы қалды. Міне, сол рухани қазынаны халық жадынан өшірмей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші жыршы-термешілер де сахнаның сәнін келтірді. Байқаудың талаптарына сай өнерпаздар бірінші кезекте халық ақыны Байназар Өтептің бір термесін, екінші бөлімде еркін тақырыптағы жыр-терме орындады.
Сайыс қорытындысында әділқазылар мүшесінің шешімімен бас жүлдені Айдос Тұрар жеңіп алды. Жанболат Өмірзаққа бірінші, Асылзат Әбілхан мен Ақнұр Жәметоваға екінші, Нұрым Базарбай мен Айда Елтайға үшінші орын бұйырды. Сонымен қатар, Мағжан Оңғаров «Мақам саз», Шарапат Еркін «Талапты», Едіге Айдаров «Жыр насихатшысы», Олжабай Балмағамбетов «Көрермен көзайымы» бағамдарын иеленді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА