Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн сауда орға жықпай ма?

Онлайн сауда орға жықпай ма?


Жаһандық технология дамыған тұста интернет-дүкеннің осыншалықты танымал болатынын ешкім ойламаған да болар. Ал қазір виртуалды сауда өміріміздің бір бөлігіне айналды. Әйтсе де арамызда онлайн арқылы қажетті тауарға тапсырыс беруге батылы жетпей, жүрексінетіндер баршылық. Себебі онлайн жүйеге сұраныс артқан сайын, сан мен сапаға қатысты айтылар сын көбейді. Содан да болар онлайн сауда-саттыққа сенімсіздік танытатындар артқан. Бұған соңғы уақытта интернет саудадағы алаяқтықтың жиі орын алып жатқандығы себеп. Бірақ солай бола тұра адамдар сындарлы сәттерде онлайн арқылы саудаға жүгініп жатады. Сол арқылы уақыт пен жұмсалар қаржыны үнемдейді. Осындай артықшылықтар онлайн сауданың біз білетін сауда-саттықтан алға шығуына серпін беруде. Дегенмен оның кемшін тұсы да жоқ емес. Олай болса, әлемдік экономикада трендке айналған онлайн сауданың артықшылығы мен кемшілігі туралы талдап, саралап көрсек
.

Онтайлы жүйе қолдануға оңай
Біздің өмірімізге интернет-дүкен өте тез және сенімді түрде енді деп айтуға толық негіз бар. Неге десеңіз, бүгінгі күні тұтынушылардың көбі сатып алудың осы әдісін құп көреді. Сатып алушылардың көбеюі осы тәсілмен жақсы табыс табуға болатын жаңа кеңістікке жол ашқандай. Әрине, бұл жаңашылдықтың жарқын үлгісі тек сатушылар үшін тиімді деу артық. Жаңа жүйенің жетістіктері тұрмысты жеңілдетіп қоймай, адамдарға уақытты ұтымды пайдалануды, қаржыны үнемдеуді үйретуде. Осы ретте онлайн сауданы оңтайлы ететін артықшылықтарға кеңірек тоқталсақ.
Әуелгі артықшылығы – бағасында. Мұнда халық үшін қолайлы баға қарастырылған. Біз білетін оффлайн сауда нүктелерінен баға әлдеқайда төмен болады. «Неге төмен? деген таңданыста болуыңыз әбден мүмкін. Мамандардың айтуына сенсек, мұнда сатушылар бөлшек сауда нүктесін, сондай-ақ бірнеше сатушы кеңесшілерді ұстауға ақша жұмсамайды, сондықтан қызықты әрі қолайлы бағаны ұсынатын көрінеді. Екіншісі – қолжетімділігі. Ғаламторға кіру мүмкіндігі бар гаджет пайдаланушысы тәуліктің кез-келген уақытында өзіне қажетті тауарды тауып, таңдай алады. Ол үшін үйден шығудың қажеттілігі жоқ. Баға салыстыру үшін уақыт жоғалтып, базар араламайсыз да. Оны алып кету үшін мекен-жайға барып сабылмауыңызға да болады. Өзі-ақ үйге келеді. Одан кейінгісі – ассортименттің көптігі. Қызығы, сіз өзіңіз іздеген затты базар сөрелерінен таппауыңыз мүмкін, ал бірақ интернет дүкенде сұрағаныңыз алдыңнан іздемей-ақ табыла кетеді. Тағы бір айта кететіні, сіз мұнда ішкі нарықта ғана сауда жасаумен шектеліп қоймайсыз, әлемнің кез-келген сауда дүкендерінен керегіңізді алдыра аласыз. Керек десеңіз, виза жасату, шекарадан өту, сапарға шығу, уақыт жұмсау, қарыжылық шығындар дегеннің бірде-бірі сізге керек емес. Интернет дүкеннен сауда жасайтын адам заттың сапасына алаңдауы мүмкін. Бірақ бұл орынсыз алаң. Өйткені, онлайн сөреден жоғары сапалы түпнұсқа өнімді табу оңай. Оны тікелей өндірушіден немесе компанияның интернет-дүкенінен тапсырыс беруге болады. Басқа жерлерде сатып алу кезінде тұтынушылардың пікірлері көмекке келеді, оның көмегімен сіз қызмет пен өнімдер деңгейін анықтай аласыз. Ал соңғысы – таңдау еркіндігі. Біз әдетте базарға барып, өзімізге қажетті сатушыдан сұрағанда ол өз тауарын өткізу үшін сенің таңдауыңды елеместен-ақ соны алуға мәжбүр ететін жағдайлар аз болмайды. Ал онлайн сауда жасағанда мұның бірі де болмайды. Мұнда өзің қалаған затыңды тауар сатушының ешқандай көзқарасынсыз-ақ еркін таңдауға мүмкіндік бар. Ешкім асықтырмайды да. Онлайнның оңтайлы тұсы осы болса керек.
– Өз басым онлайн сауданы қолдайтындардың қатарынанмын. Өзіме сонда сауда жасаған қолайлы. Қазір гаджетпен кез келген жерде отырып-ақ шаруаңды шешуге болады, сондықтан базарға барып, сабылудың жөні жоқ деп есептеймін. Керегімді үнемі тапсырыс беру арқылы алдыртамын, – дейді өмір сүрудің оңтайлы тетіктерін орайластырып, онлайнмен оңай сауда жасап жүрген қазалылық тұрғын Айгерім.

Базардың күні бата ма?
Сарапшылардың пайымдауынша, жақын арада адамдар интернет-дүкенге толығымен ауысады, ал кәдімгі дүкендер антикварлық салонға ұқсайтын сирек нәрсеге айналады. Расын айту керек, базарлардың күні батуға жақын ба деп қаласың. Неге дейсіз бе? Айталық, базарда сауда орындары баршылық, бірақ сөрелер бос. Оның үстіне қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрған шақта, бұрынғыдай базарға шығып, қамсыз сауда жасау жоқтың қасы. Қазір көпшілігі қолма-қол төлем жасап алатын сауда орындарына барғаннан гөрі интернет дүкенді жағалағанды дұрыс көреді. Содан да болар базардың баяғы дәурені қайта келмейді деген сарындағы пікірлердің жиі айтылатыны. Бұлай болуына түрлі себептердің бары айқын. Егер жоғарыда айтылған артықшылықтарға қолжетімділік болса, мұндай пікірлер болмас еді. Әрине, бұл біздің болжам ғана. Көшке ілесіп, жаңа тенденциядан қалмаған болса, базардағы бизнесті баянды етуге болар еді. Өкінішке қарай, бұл керісінше болып жатыр. Соның салдарынан сатып алушылар базардың емес, интернет дүкеннің тұрақты тұтынушысына айналуда. Өйткені олар интернет дүкен ұсынған жеңілдіктердің игілігін көріп жатыр. Бұл да дұрыс шығар. Бірақ саудаласуды сүннет деп санайтын халық үшін базардан басымызды ала қашуға тек сол қаржыны үнемдеу мен уақытты ұтымды пайдалану ғана себеп дегенге сену қиын. Оған басқа да факторлар әсер етсе керек. Мысалы, адамдардың қарбалас тіршіліктен кейінгі тыныштықты қалауы да себеп болуы әбден мүмкін. Қазіргідей қым-қуыт, күйбең тірліктен соң тыныштыққа бас ұратын жандар көп. Ал сол тыныштықты бұзбас үшін олар базарға барудан да бас тартады.
Психолог мамандардың айтуынша, қазір социападтық көңіл күй көпшіліктің бойында бар. Яғни, адамдардың адамдармен тікелей қарым-қатынастан қашуы белең алып барады. Бұл адамдардың виртуалдық қатынасқа әбден үйренгендігінің көрінісі. Бетбе-бет саудаласу тұрмақ, тікелей сөйлесуге жасқанады. Сондықтан адамдарға базарға барғаннан, қажет тауарын онлайн арқылы төлем жасап, сатып алған тиімді, – дейді мамандар.
Біз бағзы заманнан саудаласуды мәдениеттің бір бөлігі деп санаймыз. Бірақ бұл мәдениет те өз мәнін жоғалтып бара жатыр. Өйткені «бүгінгі базар – ақшалыға ғана базар, ақшасызға назар» болып тұр. Бұл тенденция жалғаса берсе, базардың келешектегі келбеті бүгінгісінен кемел болмасы анық. «Дамудың дәл жолы – базарда» екенін халық білмейді емес, біледі. Бірақ базардың бағын тайдырып жатқан өзіміз екендігін мойындағымыз келмейтіні несі екен?!

Интернет индустрия экономикаға серпін береді
Еліміз жаңа өркениетке қадам басқалы бері экономикамыз да өзгеше қарқын алып, дамып келеді. Бүгінде Қазақстанда бұрынғы экономикалық құндылықтарға деген дәстүрлі көзқарас өзгерді. Жұртшылық жаһандық технологияның жаңа мүмкіндіктерін жетік меңгеріп, сөздік қорларына «e-commerce», «e-trading» деген сынды терминдерді енгізді. Соның нәтижесінде экономикалық қатынастардың жаңа парадигмасы қалыптасты. Коммерция мен жалпы кәсіпкерлік ғаламторға көшті. Сөйтіп, әлеуметтік желілер, электронды сайттар, мессенджерлерді қолдана отырып халықтың күнделікті тұтынатын тауарларын сату көрсеткіші ұлғайды. Сандық көрсеткіштер де соны айқындатып тұрғандай. Мәселен, 2022 жылдың 9 айының қорытындысына көз жүгіртсек, Қазақстанда онлайн режимде 3,8 миллиаррд төлем транзакциясы жүзеге асырылған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 33,7%-ке артық. Сонымен қатар жалпы 2021 жылы 4 миллиардтан астам транзакция жүзеге асырылған. Онлайн төлемдер көлемі өз кезегінде осы кезеңде 44% өсіп, 59,2 триллион теңгені құрады, бұл 2021 жылдың жалпы көлемімен бірдей дерлік.
Интернеттегі төлемдердің бұл өсімі электронды сауданың күшті өсуімен қатар жүрді. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тауарлар мен қызметтерді онлайн сатып алған интернет пайдаланушылардың үлесі 2020 жылғы 17,7%-тен 2021 жылы 19,3%-ке дейін өсті. Яғни қазір әрбір бесінші адам онлайн арқылы сауда жасайды деген сөз. Бұл көрсеткіштердің бәрі дерлік жаһандық технолиялардың жемісі. Егер тұтынушыға бағдарланған дүниелер нарыққа енбесе, экономикамыз бұлай қарқын алмаған болар еді. Тіпті көпарналы бөлшек сауданың әлеуеті де бұлай жоғары көрсеткішке жетпес еді. Содан да болар заман талабына айналған онлайн сауданы бүгінде дамудың басты – драйвері деп санаймыз.
Онлайн сауда сан соқтырмасын десеңіз...
Жасыратыны жоқ, электронды коммерцияның дамуымен қатар интернет алаяқтық та белең ала бастады. Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдемесіне сенсек, бүгінгі таңда тұтынушылар өз құқықтарының бұзылғандығы туралы жиі өтініш білдіреді. Әсіресе, осы электрондық сауда саласында құқық бұзушылық фактілер жиі тіркелетін көрінеді. Олардың айтуынша, сатып алушылардың мұндай жағдайларға тап болуы көбіне «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларымен жеткілікті түрде таныс еместігімен байланысты екен.
– Соңғы уақытта интернет сауданың құрбаны болдым дегендер жиіледі. Мұндай фактілердің жиі орын алуы азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне салғырт қарауында, сондай-ақ тұтынушының құқықтық сауатының болмауында, – дейді сала мамандары.
Рас. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды өмір сүру тәртібімізге енгізгелі бері тауарларға тапсырыс беру кезінде көбінесе жедел төлем терминалы арқылы белгілі бір виртуалды әмиянға ақша салу арқылы алдын-ала төлем жасап жүрміз. Тауар ұсынған интернет дүкенді тексеріп жатпастан, ақшаны аударып жіберетініміз тағы бар.
Сарапшы мамандардың айтуынша, мұндай алдауға түсіп қалатындардың дені интернет дүкеннің төмен баға мен жедел жеткіземіз деген сөзіне иланғаннан болуда. Мамандар тұтынушылардың мұндай негізсіз төмен баға ұсынған интернет дүкендердің арбауына түспес үшін, «арзан» деп айқай салған жарнамалардан алыс болған абзал дейді.
– «Бағасы төмен деген соң тапсырыс берген едім» дегенді жиі естіп жүрміз. Бұл тіпті жиілеп барады. Бірақ халықтың ендігі көзін ашып, жан-жағында болып жатқан жағдайларды бағдарлап, солардан сабақ алатын уақыты жетті деп ойлаймын. Осы ретте тұтынушыларға мына нәрсені қаперіне салғымыз келеді. Сенімді интернет-дүкендер ешқашан сізден виртуалды әмиянға немесе ұялы телефон шотына ақша аударуды сұрамайды. Зат сатып аларда осыны естен шығармаған жөн. Сауда жасамас бұрын интернет желісінен дүкен туралы ақпаратты іздеп, оның нарықта қанша уақыт болғанын тексеріп, барлығымен танысып алғаныңыз дұрыс. Егер сіз ірі дүкендер желісі не өзіңіз білетін компанияның сайты арқылы тапсырыс бермек болсаңыз, браузердің мекенжай жолағында ресурстың мекенжайын дұрыс жазғаныңызға көз жеткізіңіз. Сондай-ақ, тауар сатып алмас бұрын, дүкен әкімшілігінен заңды тұлға туралы деректерді сұратып, алынған ақпаратты салық органдарының жалпыға қолжетімді дерекқорлары мен заңды тұлғалардың тізімін пайдаланып тексеруіңіз қажет, – дейді мамандар.
Арайлым ЖҮСІПОВА
02 желтоқсан 2023 ж. 879 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031