Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Молшылық маусымы басталды

Молшылық маусымы басталды

Ақтан батыр ауылында дәстүрлі «Дала күні» өтіп, еңбекші елдің басын қосты. Салтанатты шараға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Самұрат Имандосов, аудандық мәслихат депутаттары мен еңбек ардагерлері қатысты. «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» демекші, жаз бойы тынбай тер төгіп, егін алқабын баптаған шаруалар бұл күні ерекше көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Егін жинау науқанын бастаған «Сыр Маржаны» ЖШС диқандары межелі мерзімде өндірілген өнімді төкпей-шашпай қамбаға құятындарына сенімді.

Қатысушылар алдымен Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр кесенесі басында болып, батыр баба рухына құран бағыштады. Содан кейін Ақтан батыр ауылындағы егінжай басына жол тартты. Мұндағы егінжай төсінде шіліңгір шілденің аптап ыстығын артта қалдырып, үш ай бойы қар талдыра, маңдай терін төккен диқандар жұмысының жемісі – бадана дәнге толы күріш масағы самал желмен баяу ырғалады...
Сәуір айының орта тұсынан бастап жер бауыры босай бас­тайды. Әдеттегідей егіншілер күзгі ырыздығының қамына кіріседі. Осы кезден топырақтың жай-күйін анықтап, егіс егу жоспары бекітіліп, су көздерін ашып, атыздарды тазалайды. Дән себіліп, тұқым жерге түскеннен кейінгі бейнеті де жетіліп артылады.

Биыл да үйреншікті қарекет мінсіз атқарылғандығы байқалады. Күн сәулесімен жарқырап, жайқалып тұрған саф алтын түстес алқапты көргенде көңіл марқаяды. Арнайы маманадар науқан басталар алдында техникаларды тексерістен өткізіп, даярлап қойған. Жер емген елдің несібесін төкпей-шашпай, жауын астында, жел өтінде қалдырмай қоймаға таситын, күріш оруға арналған көліктер сақадай сай.
Егіс алқабына келген қонақтарды аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай жұмыс нәтижесімен таныстырып, егін орағына дайындық мәселелерін тілге тиек етті. Оның айтуынша, биыл ауданда ауыл шаруашылығы дақылдары барлығы 17508 гектарға егілген. Оның ішінде дәнді дақылдар көлемі 7093 гектарды құраса, майлы дақылдар 614 гектар, бақша өнімдері 2250 гектар, сондай-ақ мал азығы дақылдары 7551 гектарды қамтыды. Басты дақыл саналатын күріш 6225 гектарға егілген. Күріш сұрыптары бойынша: янтарь – 2580 гектар, лидер –1870 гектар, фаворит –1163 гектар, титан – 463 гектар, новатор –176 гектарға жеткізілген.
Шаруа қожалықтары күріштен бітік өнім алу жолында 4900 гектар жерге үстеп қоректендіру шараларын жасап, 5550 гектар аймақ арам шөпке қарсы химиялық өңдеуден өтті.

Күріш орағына биыл 308 ауыл шаруашылық техникасы тартылатын болады. Олардың ішінде 58 комбайн, 52 жатка, 138 трактор, 11 жүк көлігі жұмылдырылады. Машина-трактор паркі жаңа талапқа сәйкес келетін 25 дана техникамен толықтырылған.
Күріш орағына қатысатын көліктердің жүктемесі алдын ала есептеліп қорытынды жасалды. Күніне 320 гектар жерді орып алуға мүмкіндігі бар комбайндар бас-аяғы 25-30 күннің ішінде мақсат қылған мәреге жете алады.
Күзгі дала жұмыстарына аудан бойынша мемлекет тарапынан арзандатылған 405 тонна дизель отыны бөлінген.

«Сыр маржаны» ЖШС директоры, об­лыс­тық мәслихат депутаты Мінәжадин Өтеев жиналғандарға серіктестік ұжымының күзгі егін жинау науқанына дайындығы мен алдағы міндеттері туралы баяндады. Өз сөзін «Серіктестік көлеміндегі 2400 гектар күрішті диқандар қауымы жаз бойы аянбай баптады. Агротехникалық шараларды бұлжытпай орындауға назар аударылды. Бұрыннан алынып келген минералды тыңайтқыштан бөлек Түркия, Иран мемлекетінен әкелінген биопрепараттарды да пайдаландық. Осындай тынымсыз еңбекпен өнген егінді жинауға 3 «Macdon» комбайны, 4 «Енисей» жаткасы мен 4 «Енисей» комбайны, тағы басқа да техника түрлері жұмылдырылады», – деп түйіндеп, барша егінші-механизаторлардың молшылық маусымына кірісуіне сәт сапар тіледі.
Бұдан әрі «Дала күні» мерекесінің басталуына орай лента қию рәсімі орындалып, еңбек ардагері Сақыбай Нармағамбетов жиналғандарға ақ батасын берді.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
15 қыркүйек 2019 ж. 1 357 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 105

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930