Еңбек еленген күн
Күз келсе, даланың төсі ашылып, ел қамбасы астыққа толады. Егіншінің етегі – дән, малшының өрісі – төлге толған берекелі шақта Сыр елінде дәстүрлі «Алтын күз» мерекесі аталып өтті.Салтанатты жиында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев дала еңбеккерлерін егін жинау науқанының сәтті аяқталуымен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қызметкерлер мен ардагерлерді марапаттады.
Еңбегі еленген жандардың қатарында қазалылықтар еңбеккерлер де бар. Атап айтсақ, «Ақтілек» шаруа қожалығының шопаны Қалдыбек Махамбетияров 644 бас қойды қысы-жазы бағып, әр 100 аналықтан 96 қозы алып, мал басын 100 пайыз аман сақтағаны үшін «Озат шопан» атанды.
Сол сияқты Кеңес Серімов түйенің әр 100 аналығынан 42 бота алып, мал басын түгел сақтағаны үшін «Озат түйекеш» аталымына ие болды. Ал Аранды ауылдық ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Жангелді Мүбереков «Озат ветеринар» номинациясымен марапатталды.
Сондай-ақ «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас механигі Нұркен Әлиевке Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасын иеленді.
Иә, бұл күн – маңдай тер мен адал еңбектің ардақталған, еңбек адамының мерейі тасыған күн ретінде есте қалары сөзсіз.«Еңбек – ырыстың бастауы» дейді дана халқымыз. Ырыс пен берекені еселеген ауданның еңбекқор азаматтары – осы сөздің жарқын дәлелі.
А.ЖҮСІПОВА














