Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құлықсыз жасқа қарекет қажет

Құлықсыз жасқа қарекет қажет

Бір кезде құлаққа тосын естілген сөздердің уақыт өте келе үйреншікті қолданысқа айналғанын аңғармайтын болдық. Солардың бірі – «NEET». Бүгінде бұл термин жастар мәселесі сөз болғанда жиі аталады. NEET ұғымы білім алмайтын, жұмыс істемейтін әрі кәсіптік даярлықтан өтпейтін жастарға қатысты қолданылады.
Ағылшын тіліндегі Not in Education, Employment or Training тіркесінің қысқарған түрі саналатын бұл атау белгілі бір себептермен оқу мен еңбек үдерісінен тыс қалған жастар тобын білдіреді. Уақыт өте келе аталған ұғым әлеуметтік мәселелерді талқылауда орнығып, ресми қолданысқа да енді. Алайда осы санатқа енгендердің бәрін еңбекке құлықсыз деп қабылдау дұрыс па?
NEET санатында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар, үй шаруасымен отырған, еңбек өтілі жоқ жас аналар, жалғызбасты аналар, денсаулығында кінәраты бар жастар да бар. Өз күнін өзі көріп жүрген еркін жұмыскерлер мен жұмыс іздегенімен, мүмкіндігі болмай жүрген аз қамтылған отбасының балалары да осы есепке кіреді. Демек, бұл мәселенің бір ғана себебі жоқ. Біріне жұмыс керек, біріне кәсіптік білім қажет, енді біріне қоғамға қайта бейімделуге қолдау қажет болуы мүмкін.
Әрине, қандай жағдайда да адамның өз талпынысы маңызды. Мүмкіндікті іздеу, әрекет ету, өміріне жауапкершілікпен қарау – әркімнің өзіне байланысты міндет. Бірақ талаптың нәтижелі болуы үшін оған жол ашатын жағдай да қажет. Жас адамға тек «жұмыс істе» деп айту жеткіліксіз. Оның қандай жұмысқа қабілетті екенін анықтап, қайда жүгіну керегін түсіндіріп, нақты мүмкіндік ұсыну да маңызды. Мәселенің түйіні осында.
Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған шаралардың қолға алынуы да сондықтан. Бірнеше жыл бұрын жастар саясатын күшейту жөніндегі арнайы қаулы қабылданып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне білімі жоқ және жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, жастарды қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың орындалуын бақылау міндеттері жүктелген. Құжатта жастар еңбек жасақтарын құру мәселесі де қарастырылған.
Ал мұндай жұмыстар аудан көлемінде қалай жүзеге асып жатыр? Жастарға ұсынылып отырған мүмкіндіктер олардың өмірден өз орнын табуына қаншалықты көмектесуде? Осы сауалдарға жауап іздеп, аудандық Жастар ресурстық орталығына хабарластық.
Орталық мамандарының мәліметінше, бүгінде «Отбасылық цифрлық карта» базасында NEET санатындағы 80 жас тіркелген. Оның 57-сі Әйтеке би кентінде, үшеуі Қазалы қаласында тұрады. Алға ауылдық округінде – 2, Бозкөлде – 1, Ғ.Мұратбаевта – 1, Қызылқұмда – 1, Майдакөлде – 2, Майлыбаста – 1, Өркендеуде – 1 жас бар. Тағы 11 жастың мекенжайы жүйеде қате көрсетілген.
Бұл деректер аудандағы ахуалдың белгілі бір көрінісін береді. Дегенмен санның ар жағында әртүрлі жағдай тұрғанын ескерген жөн. Оның үстіне, 11 жастың мекенжайы қате көрсетілгені есептегі мәліметтерді нақтылаудың да маңызды екенін аңғартып отыр.
Орталық мамандарының сөзіне сенсек, бұл ретте әр жастың жағдайына қарай бағыт-бағдар көрсетуге басымдық беріліп отыр. Яғни, жастарға кеңес беріліп, жұмысқа орналасу жолдары түсіндіріліп, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсынылуда дейді олар.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының инс­пекторы Ербол Абдулхайырдың айтуынша, мамандар NEET санатындағы жастардың жағдайын жеке зерделеп, мекенжайларын нақтылау және жұмыспен қамту шараларына тарту үшін адрестік аралау жұмыстарын жүргізуде.
– Бүгінде орталық мамандары NEET санатындағы әрбір жастың жағдайын жеке зерделеп, тұрғылықты мекенжайын нақтылау және жұмыспен қамту шараларына тарту үшін адрестік аралау жүргізуде. Басты мақсатымыз – олардың әлеуметтік ахуалын біліп, еңбекке бейімдеу және қажетті қолдау көрсету, – дейді ол.
Жыл басынан бері ауданда 10 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 305 адам жұмыспен қамтылған. Жәрмеңкелерде жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алған, кәсіби оқыту курстарына жолдама алған.
Алдағы уақытта «Отбасылық цифрлық картадағы» мәліметтерді нақтылау, қате мекенжайларды түзету және әрбір жаспен жеке жұмыс жүргізу жалғаспақ. Сонымен қатар жауапты мекемелермен бірлесіп, жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру, кәсіптік білімге тарту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау көзделген.
Түйін: «NEET» санатындағы жастардың бәріне бірдей әрекетсіздікке бейім деп қарауға болмайды. Әрқайсының өз себебі, өмір жолында кездескен кедергілері бар. Дегенмен қандай қиындыққа тап болса да, өзіне сеніп, алға ұмтылудың маңызы зор. Қырандай қияға самғауға қабілетті қазақ жастарының қарым-қабілеті мен күш-жігері зая кетпей, ел игілігіне жұмсалса дейсің. Өйткені, елдің ертеңі бүгінгі буынның білімі мен еңбегіне байланысты. Сондықтан әр жастың қоғамнан өз орнын тауып, ел дамуына үлес қосуы қажет-ақ.
Мемлекет ұсынған қолдау мен мүмкіндіктер жастарға жаңа жол ашып, қанаттандыруға тиіс. Алайда сол мүмкіндікті кәдеге жаратып, алға қадам жасау әркімнің өзіне байланысты. Жастық шақтың қадірі – уақытты бос өткізбей, ізденіп, еңбектеніп, өзіңді дамытуда. Өйткені мүмкіндікке жол ашатын – талпыныс, ал талпынысты нәтижеге жеткізетін – табанды еңбек. Ендеше, жас буын бойкүйездікке бой алдырмай, қарекетке бейім болып, өз болашағы үшін де, ел келешегі үшін де әрекет ете білсе екен.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
24 қазан 2026 ж. 31 0

Дара таланттар додасы

24 қазан 2026 ж. 26

Ертеңі жақын еңселі ел

24 қазан 2026 ж. 32

Еңбек еленген күн

24 қазан 2026 ж. 32

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031