Төл мерекемен тұспа-тұс
Қазақ елі үшін айтулы күндердің бірі де бірегейі – 25 қазан Республика күні. Осыдан тура 36 жыл бұрын елдегі мемлекеттіліктің негізін қалаған егемендік туралы тарихи құжат қабылданды. Тарихи сәт бүгінде төл мерекеге айналды. Осы орайда газет бетінде 25 қазан күні өмірінде елеулі оқиға орын алған жандарды жариялауды жөн көрдік.
Елмен бірге есейдік
Алғашқы кейіпкерлеріміз 1990 жылы 25 қазанда шаңырақ көтерген Ақтан батыр ауылының тұрғындары Бауыржан Әлиев пен Айгүл Ерімбетова. Егемендікпен бірге өсіп-өркендеп келе жатқан бұл шаңырақта Ботакөз, Сағыныш, Исламжан атты ұл-қыз өмірге келді. Бауыржан Ақатайұлы талай жыл егін алқабында еңбек етті. Трактор айдады, механик болды. Маңдай тердің нәтижесінде бүгінде ауылға сыйлы азамат. Отанасы Айгүл Қолқанатқызы ауыл әкімшілігінде тазалықшы. Қыздары Ботакөзді қияға қондырып, жиендердің сүйікті ата-әжесі атанып отырған жайы бар. Ұлдың үлкені Сағыныш жуырда ғана Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, туған жерге оралды. Кенжесі Исламжан студент.
– Алғаш шаңырақ көтерген жылдары ел егемендік алып, енді-енді еңсені тіктеген уақыт қой. Көппен бірге көріп, жұрт қатарлы еңбек еттік. Шүкір, жаман болмадық. Қандай іске де білек сыбанып кірісіп кететінбіз. Жалғыз мен емес бүкіл ауыл тұрғыны тынбай тірлік етті. Тәуелсіз, бейбіт аспан астында балаларымыз өмірге келді. Елмен бірге өстік, өндік. Қазіргі таңда қалалар көркейіп, ауылдардың да ажары артып келеді. Бұның барлығы тәуелсіздіктің, дербестіктің арқасы деп білемін. Лайым тек жақсылық болсын, – дейді Бауыржан Әлиев.
Біз үшін ерекше күн
Осыдан жиырма бір жыл бұрын қазан айының 25 жұлдызында Қазалы қаласының тұрғындары Қайрат пен Жарқынгүлдің шаңырағын шаттыққа бөлеп, қыз бала жарық дүние есігін ашты. Жайна Қайратқызы отбасының тұңғышы. Есімін атасы Қани ақсақал: «Қызым, жайнап, жарқырап жүрсін» деген ниетпен қойған екен.
– Туған күнімнің Республика күнімен қатар екендігін бала кезімде аса сезінбедім. Ал өсе келе, осындай айтулы датада дүние есігін ашқанымды мақтанышпен айтамын. Тіпті кейде достарыма «Менің туған күнімді бүкіл Қазақстан тойлайды» деп әзілдеймін», – дейді Жайна Шамшаева.
Атасы мен әжесінің ерке немересі бүгінде бір отбасының ибалы келіні, жолдасының аяулы жары. Айтар кетер жайт, жолдасы Алтынбек Аралбайұлы Жайнаның туған күнінде үйлену тойларын өткізуді жоспарлапты. Алтынбектің айтуынша, адам өміріндегі ең маңызды сәт –жастардың бас құрап, жұбайлық өмірге қол ұстасып бірге аттануы. Осы ретте Алтынбек Аралбайұлы: «Жұбайымның әрбір күні ерекше өткенін қалаймын. Туған күнін тіпті керемет өткізуге тырысамын. Сол үшін үлкендермен ақылдаса келе той күнін 25 қазанға белгіледік. Бұл күн қазақ елі үшін де үлкен мереке. Еліміз тыныш, әр шаңырақта амандық болсын», – дейді ол.
Жақсылыққа балаймын
1995-1998 жылдары Ғани Мұратбаев атындағы мұражайда бақылаушы қызметін атқарып, еңбекқорлығы мен жауапкершілігін көрсетті.
1997 жылы өмірлік серігіАсқар Берікұлымен шаңырақ көтерді. Бүгінде бес ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген ардақты ана, «Күміс алқа» иегері. Балаларының болашағы мен отбасының амандығын өмірінің басты құндылығы санайды.
2013 жылдан бастап №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасында тәрбиеші көмекшісі болып еңбек етіп келеді. Балабақшадағы қызметі арқылы бүлдіршіндердің тәрбиесі мен күтіміне үлес қосып, әр баланың жайлы ортада өсіп-жетілуіне атсалысып жүр.
Ғалия Әбдіхалыққызының өмір жолы – адал еңбектің, отбасы құндылығына деген құрметтің және ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлестің жарқын үлгісі. Еңбек пен отбасыны қатар алып жүрген ардақты жанның өнегелі өмірі көпке үлгі болары сөзсіз.
– Менің туған күнімнің Республика күнімен тұспа-тұс келуі – мен үшін үлкен қуаныш әрі ерекше мақтаныш. Себебі бұл күн – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін айшықтайтын, халқымыз үшін маңызы зор мереке. Осындай айтулы күні дүниеге келгенімді әрдайым жақсылыққа балаймын. Еліміздің тыныштығы мен амандығын, халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеймін. Туған күнім мен үшін тек жеке мереке емес, еліміздің мерейі үстем болатын ерекше күн.
Әдетте туған күнімді отбасымның ортасында, балаларым мен жақындарымның жанында атап өтемін. Алты баламның қызығын көріп, немере-шөберелерімнің қуанышына бөлену – мен үшін ең үлкен бақыт. Жақындарымның жылы лебіздері мен ақ тілектері көңіліме қуаныш сыйлайды. Осы мереке күні отбасыммен бірге бас қосып, өткен жылға шүкіршілік айтып, алдағы күндерге ақ ниетпен қадам басамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әр шаңырақта қуаныш пен береке орнасын деп тілеймін, –дейді Ғалия Әбдіхалыққызы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА














