Дара таланттар додасы
Жақында Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде «Тәуелсіздік ұрпағы: Жаңа дәуір, жаңа мүмкіндік» атты облыстық оқушылар слеті өтті.Жас ұрпақтың білімге құштарлығын арттыру, шығармашылық әлеуетін дамыту, көшбасшылық қабілеттерін шыңдау және ел болашағына деген жауапкершілігін нығайтуға бағытталған шараға ауданның білім саласының өкілдері, ұстаздар және өңіріміздің әр аймағынан келген 80-ге жуық оқушы қатысты. Слет аясында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов пен шара қонақтары оқушылардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары мен шығармашылық жұмыстардың көрмесін тамашалап, жас өнертапқыштардың тың идеяларымен және жетістіктерімен танысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі жас ұрпақтың білімді, бәсекеге қабілетті әрі отаншыл азамат болып қалыптасуының маңыздылығына тоқталып, оқушыларға ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ аудандағы білім саласында атқарылып жатқан игі жұмыстар жайында атап өтті.
– Қазалы ауданы – Сыр бойындағы білім мен ағартушылықтың тамыры тереңнен бастау алатын қасиетті өлке. Жыл сайын ауданымызда Президентіміздің тапсырмалары негізінде, өңірімізді төрт жылдан астам уақыт басқарған, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен аудандағы білім саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Өткен жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл ауданымыздағы алты мектептің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында 270 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде №70, №165, №216, №95, №100 және №88 мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен оқу жылында ауданымыздағы мектептердің 11-сыныбын 1015 түлек аяқтады. Олардың 943-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 531-і мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Ауданымыздың білімді жастарының арасында халықаралық және республикалық білім додаларында үздік нәтиже көрсетіп жүрген дарынды оқушыларымыз да жетерелік. «Тәуелсіздік ұрпағы: Жаңа дәуір, жаңа мүмкіндік» атты бүгінгі слет жас ұрпақтың жаңа идеяларына жол ашып, олардың өзара тәжірибе алмасуына, қабілеттерін танытуына және ортақ мақсат төңірегінде бірігуіне мүмкіндік береді деп сенемін. Ұстаздарымыздың мерейі үстем болып, шәкірттеріміздің жетістіктері арта берсін, – деді аудан әкімі.
Облыстық деңгейдегі шара барысында оқушылар зияткерлік ойын, көркемсөз оқу шеберлерінің мүшәйрасы, пікірсайыс және әскери-патриоттық сайыс сынды 4 бағыт бойынша бақ сынасты. Нәтижесінде білім, ғылым, өнер, спорт және қоғамдық белсенділік бағыттарында жетістікке жеткен оқушылар марапатталып, олардың еңбегі мен талпынысына лайықты баға берілді.
Слеттің қорытындысы бойынша жас ұрпақтың мақсат-мүддесін, ел болашағына деген сенімі мен жауапкершілігін айқындайтын үндеу қабылданып, оқушылар түрлі патриоттық әндер шырқап, өз өнерлерін ортаға салды.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі














