"Алтын күз – 2025" іс-шарасын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан азаматтар марапатталды

Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жәрмеңкені жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан азаматтарға ризашылығын жеткізіп, облыс әкімі мен аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапаттады.
- Бұл шара - үлкен маңызға ие, дала еңбеккерлерінің ала жаздайғы еңбегі мен төккен терінің нәтижесін көрсететін ауқымды іс. Алтын дәнді аман-есен жинап, ел ырысы тасып, жеріміз берекелі болған күн. Жәрмеңкеге ауданымыздан 80 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері апарылып,
Сыр жұртшылығына ұсынылды. Биылғы жылы ауыл еңбеккерлері егілген 5636 гектар күріштің әр гектарынан 38,1 центнерден өнім алып, қамбаға 21473 тонна астық құйылды.
Сонымен қатар, басқа да дақылдардан жоғарғы өнім алуға қол жеткіздік. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша көрсеткіштеріміз жоғары. Осыған байланысты аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен өткен «Алтын күз – 2025» салтанатты шарасында Қазалы ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы бойынша «Озат аудан» атанды. «Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз. Ынтымағы жарасқан ел ғана еңбектен береке таба алады. Сіздер өздеріңізге жүктелген әрбір міндетті жауапкершілікпен атқардыңыздар. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге мол жеміс тілеймін,-деді аудан басшысы.
Марапаттау рәсімінен кейін аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш сөз сөйлеп, елдік іске жұмыла кірісіп марапатқа бөленіп датқан азаматтарға жылы лебізін жеткізді.

Салатанатты шарада жыл қорытындысымен өңірлің агроөнеркәсіп кешені саласында үздік жетістіктерге жеткен қазалылық еңбек озаттары да марапатқа ие болды.
Атап айтсақ, «Мерей» шаруа қожалығының жетекшісі Сақымжан Жұмағали «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атанса, «Рза-Асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бақташысы Қарабалаев Жеңіс Ертуғанұлы «Озат бақташы», «Смарт Агро» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрқожаев Нұрлыбек Анатолиұлы «Озат көкөніс өсіруші», «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің құрылыс-жөндеу бөлімінің басшысы Байжігітов Рүстем Шаяхметұлы «Озат гидротехник», «Береке» шаруа қожалығының комбайншысы Сапаев Мейрамбек Әлімұлы «Озат комбайншы» номинациясымен марапатталды.