Бүгінгі қоғам кітап оқи ма?
«Қазір қоғам кітап оқымайды» деген пікірді соңғы кезде жиі естиміз. Бұл тұжырыммен келісетіндер де, оған қарсы уәж айтатындар да бар. Әркімнің өз дәлелі бар. Десе де, кітап оқылмайды деп кесіп айту да, бұл мәселе жоқ деп қарау да орынсыз.
Алайда осы пікірдің қоғамда жиі айтылуының өзі ойлануға жетелейді. Расымен де, елдегі кітап оқу мәдениетінің қазіргі беталысы қандай? Тыс елдегі тәжірибе не дейді? Жарық көрген жобалар қаншалықты жемісін беріп жатыр? Көптің көкейіндегі осы сауалдарға жауап іздеп, кітап пен оқырман арасындағы бүгінгі байланысты бағамдап көрдік.
Бүгінгі беталыс
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған бастамалар көбейді. Мектеп кітапханалары жаңартылып, балалар әдебиетіне көңіл бөліне бастады. Сонымен қатар кітап оқуға ынталандыратын түрлі марафондар мен әдеби челлендждер ұйымдастырылып келеді.
Солардың бірі – 2020 жылы қолға алынған «Оқуға құштар мектеп» жобасы. Оның негізгі мақсаты – оқушыларды көркем әдебиет оқуға баулып, мектепте кітап оқуға қолайлы орта қалыптастыру. Жоба аясында мектеп кітапханаларының қоры толықтырылып, оқу орындарында оқырманға қажетті жағдай жасауға басымдық берілді. Бір кезеңде жоба аясында мектеп кітапханаларына 2 миллионнан астам кітап жеткізілген.
Дегенмен кітап қорын толықтырудың өзі оқырман санын арттырмайтыны түсінікті. Кітапхана сөрелерінде әдебиет көбейгенімен, оны оқитын бала болмаса, негізгі мақсат орындалмайды. Сондықтан кітаппен қамтамасыз етумен қатар, баланың тұрақты оқу дағдысын қалыптастыру да маңызды.
Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан бастамалардың бірі – «Балалар кітапханасы» бағдарламасы. Бағдарлама аясында балалар мен жасөспірімдердің жас ерекшелігіне сай көркем әдебиеттер іріктеліп, кітапхана қорларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 2023–2025 жылдарға арналған бағдарлама бойынша 2580 атаудан тұратын кітап тізімі бекітіліп, олардың жалпы таралымы шамамен 2 миллион данаға жеткен.
Әлем елдеріндегі ерекшелік
Жалпы, кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың бір ғана әмбебап моделі жоқ. Әр ел бұл бағытта өзінің қоғамдық ортасына, білім жүйесіне және мәдени ерекшелігіне қарай түрлі тәсілдерді қалыптастырған. Дегенмен олардың тәжірибесінен Қазақстанға да тиімді тұстарды көруге болады.
Мәселен, Финляндияда кітапхана қоғамдық өмірдің маңызды бөлігі саналады. Кітапханалардың қызметі кітап берумен ғана шектелмей, түрлі қоғамдық және білім беру шараларын қамтиды. Балалар әдебиетіне де сұраныс жоғары. 2024 жылы Финляндияның кітапханаларында балалар әдебиеті 38 миллион рет несиеге беріліп, бұл бағытта қатарынан үшінші жыл рекордтық көрсеткіш тіркелген.
Финляндия тәжірибесі кітапхананың оқырман қалыптастырудағы маңызын көрсетеді. Яғни кітаптың қолжетімді болуы ғана емес, баланың кітаппен тұрақты байланыс орнатуына мүмкіндік беретін ортаның болуы да маңызды.
Бұл тұрғыда Жапонияның тәжірибесі де назар аударуға тұрарлық. Елде оқушылардың оқу сауаттылығы халықаралық бағалауларда жоғары деңгейде. Мәселен, PISA 2022 нәтижесінде жапон оқушылары оқу сауаттылығынан 516 балл жинап, OECD орташа көрсеткішінен жоғары нәтиже көрсетті. Оқушылардың 86 пайызы оқу сауаттылығы бойынша кемінде екінші деңгейге жеткен.
Ал Сингапур мен Оңтүстік Кореяның нәтижелері оқу сауаттылығының білім жүйесіндегі маңызын аңғартады. PISA 2025 қорытындысында Сингапур, Жапония және Корея оқу, математика және жаратылыстану пәндерінің үшеуінде де әлемнің үздік он білім жүйесінің қатарына кірді. Сингапур оқу сауаттылығы бойынша ең жоғары нәтижеге ие болды.
Қысқаша айтсақ, PISA нәтижелері кітаптың қанша оқылғанын емес, оқушының мәтінді түсіну, ақпаратты пайдалану, бағалау және талдау қабілетін көрсетеді. Әлем елдерінің тәжірибесі де кітап оқу мәдениетінің тек кітап санымен өлшенбейтінін аңғартып отыр. Сондықтан біз үшін де маңыздысы – кітап қорын көбейтумен ғана шектелмей, баланың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, оқығанын түсініп, саралап, ой елегінен өткізе алатын ортаны қалыптастыру. Өйткені сауатты ұлт қалыптастырудың негізі – көп кітап оқуда ғана емес, оқығанын түсініп, оны өмірде қолдана білуде.
Сүбелі сөзді сөреден табасың
Кітап таңдау туралы сөз болғанда абдырап қалатынымыз рас. Әсіресе, біреуден естігенімізге жүгініп, көбіне «әлем әдебиетінен бастау керек» деп өзге елдің кітаптарына жармаса кететініміз жасырын емес. Тыс елдің шығармаларымен танысу – оқырман көкжиегін кеңейтетін қажет дүние. Бірақ бұл өз әдебиетімізге деген назарды әлсіретпеуі керек. Өйткені төл әдебиет арқылы біз өзгеден бұрын өзімізді – ұлттық болмысымызды, мінезімізді, тарихымыз бен танымымызды тани түсеміз.
Қазақ әдебиеті мұндай рухани қазынадан кенде емес. Абайдан Әуезовке дейінгі классикадан бастап, кейінгі буын қаламгерлерінің шығармаларына дейін оқырманға ой салатын, талғамын қалыптастыратын туындылар жетерлік. Бірі заманның тынысын танытса, енді бірі адам табиғатын ашады. Кейбірі өткенге көз жүгіртсе, енді бірі бүгінгі қоғамға ой салады. Демек, сүбелі сөзді алыстан іздеудің қажеті жоқ, өз әдебиетіміздің сөресінде де салмақты шығармалар аз емес.
– Қазір кітап көп, таңдау да көп. Оқырманға кейде қай шығарманың өзіне қажет екенін ажырату қиын. Сондықтан кітаптың сыртқы безендірілуіне немесе көпшіліктің айтуына ғана сүйенбей, мазмұнына, авторына, көтерген мәселесіне мән берген жөн. Біз кітапханаға келген оқырманның қызығушылығына қарай бағыт беруге тырысамыз. Әсіресе жастарға қазақ әдебиетіндегі жақсы шығармаларды таныстырудың маңызы зор, – дейді кітапханашы Ұлдана Ақбай.
Рас. Бүгінде оқырманның алдында таңдау аз емес. Жаңа басылымдар мен аудармалар көбейді, әлеуметтік желіде түрлі кітаптар ұсынылуда. Мұның бәрі оқырманға мүмкіндік бергенімен, сол көптің арасынан керегін таңдай білу жауапкершілігін де арттыруда. Өйткені кітаптың танымалдығы оның сапасының өлшемі емес. Оқырман жақсы шығарманы оқи келе автордың сөз саптауына, ойының тереңдігіне, көтерген мәселесіне мән бере бастайды. Уақыт өте келе «не оқысам екен?» деген сұрақ «маған қазір не керек?» деген сауалмен сөзсіз алмасады. Ал сүбелі сөз кейде көптің назарындағы кітаптан емес, сөреде үнсіз тұрған жақсы шығармадан табылады. Сондықтан мәселе кітаптың көптігінде емес, сол көптің ішінен салмағы барын тани білуде. Ал ондай дүние өз әдебиетіміздің сөресінде де жетерлік.
Оқығанның ойы озық
«Оқығанның ойы озық» дегенді жиі айтамыз. Бұл – шындық. Қазір ақпарат тасқыны толастамай, қарбалас тіршілік күшейген заманда ойлануға уақыт тым аз. Адамдар жылдамдыққа ілесуге тырысып, кейде сол шапшаңдықтың соңынан еріп, маңызды дүниелерді назардан тыс қалдырып жатады. Ал ойды тереңдетіп, адамның дүниетанымын кеңейтетін басты құралдың бірі – кітап.
Кітап оқу – адамның білімін арттырып қана қоймай, ойлау қабілетін дамытып, рухани әлемін байытады. Сондықтан еліміз әлемдік үдерістерден қалыспай дамумен қатар, ұлттық руханиятты сақтауға және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – «Кітап оқитын ұлт» жобасы.
Жоба алғаш рет 2025 жылы пилоттық форматта жүзеге асып, Қарағанды және Қостанай облыстары мен Шымкент қаласын қамтыды. Бастаманың негізгі мақсаты – кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдырып, қоғамның білімге, әдебиетке және рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Биыл жоба өз ауқымын кеңейтіп, республикалық кітап оқу марафоны ретінде жалғасын тауып отыр. Марафонның басты ерекшелігі – қатысушыларға ұсынылған 330 кітаптың ішінен өз таңдауы бойынша 15 кітап оқып, кейін тестілеу мен түрлі зияткерлік сайыстарға қатысу мүмкіндігі беріледі.
Марафонға мектеп оқушылары мен студенттер, педагогтер мен мемлекеттік қызметшілер, отбасылар және зияткер қауым өкілдері қатыса алады. Бұл – кітап оқуды белгілі бір әлеуметтік топтың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ мәдениетіне айналдыруға бағытталған.
Түйін: World Culture Score Index мәліметіне сүйенсек, кітапты ең көп оқитын елдердің көшін Үндістан бастап тұр. Одан кейін Тайланд, Қытай, Филиппин және Чехия келеді. Бұл деректер кітап оқудың әлемде әлі де маңызды әдет екенін көрсетіп отыр.
Тарихта кітапты өте жылдам оқыған тұлғалар да болған. Максим Горький минутына төрт мың сөз, Наполеон екі мың сөз оқыған деседі. Алайда кітап оқуда бастысы – жылдамдық емес, оқығаныңды түсініп, ойға тоқу.
Кітап адамның жанын сергітіп, ой-өрісін кеңейтеді. Әркім оны өзінше оқығанымен, түйсініп оқудың орны бөлек. Себебі кітаппен дос болған адам ізденуге, ойлануға және дүниені терең тануға үйренеді. Қысқасы, кітап оқыған адамда кілтипан болмайды.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ












