Тазалық – тәртіптің айнасы
Туған жердің тазалығы мен көркі – елдің мәдениеті мен ауызбіршілігінің айнасы. Көшенің көркейіп, айналаның ажарлануы тұрғындардың ортақ іске деген жауапкершілігі мен жанашырлығын танытады. Осы ретте ауданда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында апта сайын жалғасын табуда.Өткен сенбіде де кезекті тазалық жұмыстары аудан тұрғындары бір кісідей атсалысты. Таңғы сағат 09:00-ден түскі 13:00-ге дейін жалғасқан тазалық жұмыстары барысында көше-көшенің сәнін бұзған қоқыс жиналып, аулалар мен қоғамдық орындар ретке келтірілді.
Әйтеке би кентінде Қазалы мәдени-демалыс кешені, өндірістік аймақ, Мағзаман әулие, Қ.Пірімов және Я.Михайлюк көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталған аумақтар қоқыстан тазартылып, бей-берекет өскен шөптер шабылды. Көпшілік болып жұмылған жұрттың еңбегі нәтижесінде елді мекеннің бірқатар аумағы ажарланып, айнала тазарып сала берді.
Сенбілікке аудан бойынша 148 мекемеден 1517 адам қатысып, 17 техника жұмылдырылды. Бір күннің өзінде арнайы полигондарға 15,3 тонна қоқыс шығарылды. Бұл – тазалық жұмыстарының ауқымын ғана емес, ел тұрғындарының ортақ іске деген белсенділігін де көрсетеді.
Сенбілік барысында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аудан басшысы жауапты сала басшыларына әрбір аумақтың санитарлық тазалығын тұрақты сақтау, абаттандыру жұмыстарын жандандыру және тазалықты жүйелі түрде қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Ауданда қолға алынған игі бастама мұнымен тоқтамақ емес. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары аудан аумағында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
А. ЖҮСІПОВА














