Алдағы үш күнде Қазақстанда ауа райы қандай болады?
Фото: depositphotos.com15-17 қыркүйек аралығында Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы құбылмалы болады. Кей аймақтарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді. Ал елдің басым бөлігінде күн ашық болып, ауа температурасы біртіндеп көтеріледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Синоптиктердің болжамы бойынша, солтүстік-батыстан келетін циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің солтүстігі мен шығысының кей аудандарында, сондай-ақ оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр жауады. Кей жерлерде найзағай ойнап, жел күшеюі мүмкін.
16 қыркүйектен бастап батыс циклоны Қазақстанның батыс өңірлеріне әсер ете бастайды. Соның салдарынан жауын-шашын түсіп, жел күшейеді.
Ал 17 қыркүйекте батыстың жекелеген аудандарында нөсер жаңбыр жауып, бұршақ түсуі ықтимал.
Ал Қазақстанның қалған аумағында антициклон ықпалы сақталып, жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр. Бұл өңірлерде күн біртіндеп жылынады.
Солтүстік және орталық облыстарда күндіз ауа температурасы +20...+27 градусқа дейін көтеріледі.
Ал батыс, шығыс және оңтүстік-шығыста керісінше, күн сәл салқындайды. Батыста күндіз +19...+30 градус, шығыста +18...+25 градус, оңтүстік-шығыста +22...+28 градус шамасында болады.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер қазан мен қарашада ауа райы әдеттегіден жылы болады деп болжағаны хабарланған еді.













