ҚҚДИ: Қазақстанда медианы тұтынудың гибридті моделі қалыптасты
Қазақстанда ақпарат тұтыну арналары бірнеше бағытта қатар дамып келеді. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер әлі де негізгі ақпарат көздерінің бірі болғанымен, 2026 жылдың III тоқсанында отандық телеарналарға деген сенім артқан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сурет: istockphoto.com
Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуіне сүйенсек, сауалнамаға қатысқандардың 39,1 пайызы әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жарияланымдар мен хабарламаларға сенетінін көрсеткен. Ал 33 пайызы отандық телеарналарды ақпарат көзі ретінде атаған.
Ақпаратты достарынан, әріптестері мен туыстарынан алатындарға сенетіндердің үлесі 16 пайызды құрады. Ал респонденттердің 15,5 пайызы ешбір ақпарат көзіне сенбейтінін айтқан. Сондай-ақ халықтың 9,2 пайызы халықаралық ақпарат агенттіктерінің сайттарына, 4,8 пайызы радиоға, 5 пайызы баспасөз басылымдарына сенім білдірген.
Зерттеу нәтижесі Қазақстанда ақпарат тұтынудың аралас моделі қалыптасқанын көрсетеді. Яғни, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің танымалдығына қарамастан, дәстүрлі телеарналар да өз аудиториясын сақтап отыр.
Ақпарат көзін таңдауда жас ерекшелігі де маңызды. 18-28 жастағы респонденттердің 48 пайызы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге сенсе, 61 жастан асқандар арасында бұл көрсеткіш 26,9 пайыз болған. Ал телеарналарға сенім білдіретіндердің үлесі керісінше үлкендер арасында 43,8 пайыз болса, жастар арасында 26,8 пайыз деңгейінде қалыптасқан.
Тұрғындардың мекенжайына қарай да айырмашылық байқалады. Ауыл тұрғындарының 45,4 пайызы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге сенсе, қала тұрғындары арасында бұл көрсеткіш 35,5 пайызды құраған. Телеарналарға сенім ауылда 35,6 пайыз, қалада 31,4 пайыз болған.
Жоғары білімі бар респонденттердің 43,4 пайызы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге сенетінін айтқан. Орта білімді азаматтар арасында бұл көрсеткіш 35,5 пайыз болды. Ал мемлекеттік органдардың ресми сайттарына сенім білдіретіндердің үлесі жоғары білімділер арасында 17,7 пайызға жеткен.
Айта кетейік, зерттеуге 18 жастан асқан 2 400 адам қатысқан. Сауалнама 2026 жылғы 1-16 тамыз аралығында Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, 17 облыс орталығында және ауылдық елді мекендерде жүргізілген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуіне сәйкес, ел тұрғындарының 78,2 пайызы өз өңіріндегі мектептердің қолжетімділігіне оң баға берген болатын.











