Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 қазаннан бастап жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік төлем беру тәртібі өзгереді

1 қазаннан бастап жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік төлем беру тәртібі өзгереді

1 қазаннан бастап жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік төлем беру тәртібі өзгереді
Canva
Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібіне өзгеріс енгізіледі.
Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық жоба шеңберінде қолданысқа енеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Өзгерістің басты ерекшелігі – төлемнің қанша уақыт берілетіні азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты есептеледі.
Атап айтқанда, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан 12 айға дейін қатысқан азаматқа төлем 1 ай беріледі. Қатысу мерзімі 12 айдан 24 айға дейін болса, төлем 2 айға, ал 24 ай және одан көп болған жағдайда 3 айға тағайындалады. Осылайша әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айды құрайды.

Сонымен бірге 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты төлемнің жоғарғы шегі белгіленеді. Оның мөлшері төлем алу құқығы пайда болған күндегі республикалық бюджет туралы заңда көрсетілген 7 ең төменгі жалақының 45 пайызына тең болады.

Ал нақты төлем көлемі әр азаматқа жеке есептеледі. Бұл ретте соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс және адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығы ескеріледі.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жұмыс берушілер де қатысады. Қызметкер үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жалақының 5 пайызы көлемінде әлеуметтік аударым жасалады. Бұл қаражат жұмысшының айлығынан ұсталмайды, яғни аударымды жұмыс беруші өз қаражаты есебінен төлейді.

Жұмысынан айырылған азамат әлеуметтік төлемді бірден алу үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі керек. Мұны тұрғылықты жердегі мансап орталығы арқылы немесе eGov.kz пен Enbek.kz платформалары арқылы онлайн жасауға болады.

Одан кейін мамандар азаматтың білімі мен мамандығын, еңбек өтілін, кәсіби біліктілігін, денсаулық жағдайын, жұмыс кестесіне қойылатын талаптарын және қатынау мүмкіндігін ескере отырып, оған сәйкес келетін бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер лайықты жұмыс табылмаса, азамат жұмыссыз ретінде есепке алынады.

Жұмыссыз мәртебесі берілген және әлеуметтік төлем алуға құқығы бар азаматқа төлем қосымша өтініш беруді талап етпей, проактивті түрде тағайындалуы мүмкін.

Мемлекет жұмыссыз қалған азаматтарға тек ақшалай қолдау көрсетумен шектелмейді. Мансап орталықтары арқылы кәсіптік оқуға және қайта даярлауға жолдама алу, субсидияланатын жұмыс орындарына орналасу, қоғамдық жұмыстарға қатысу, жастар практикасына бару, кәсіпкерлік бастаманы қолдау және жұмыс күші қажет өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару сияқты мүмкіндіктер ұсынылады.

Әлеуметтік төлем алып жүрген азамат жұмыс іздеуді жалғастыруы қажет. Мансап орталығы ұсынған үш лайықты жұмыс орнын дәлелді себепсіз қабылдамаған жағдайда оның жұмыссыз мәртебесі тоқтатылып, соған сәйкес әлеуметтік төлем де тоқтатылуы мүмкін.

Егер белгіленген төлем мерзімі аяқталғанға дейін азамат жұмысқа орналаса алмаса, оған көрсетілетін мемлекеттік қолдау тоқтамайды. Мансап орталығы жұмысқа орналасуына әрі қарай да жәрдемдесіп, қолжетімді жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін ұсынады.

Уәкілетті органдардың мәліметінше, әлеуметтік төлем мерзімін өзгерту республикалық бюджет шығыстарын қысқартуға бағытталмаған. Төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – жұмыссыз қалған азаматты ұзақ уақыт әлеуметтік төлемге тәуелді етпей, оған жаңа жұмыс табуға және тұрақты еңбекке тезірек оралуға мүмкіндік беретін жұмыспен қамту шараларын күшейту.




14 қыркүйек 2026 ж. 15 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930