Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнеге мен еңбек ұштасқан шаңырақ

Өнеге мен еңбек ұштасқан шаңырақ

Қоғамның алтын діңгегі – отбасы. Адам баласының тәрбиесі, ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы мен өмірлік ұстанымы ең алдымен туған шаңырақта қалыптасады. «Отан отбасынан басталады» десек, ал өнегелі отбасы – елдің берік тірегі, болашақтың кепілі.
Ұрпақтар сабақтастығын сақтап, білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мұғалімдер династиясы кез келген қоғамның алтын қазынасы. Бір отбасынан бірнеше буынның ұстаздық жолды таңдауы тегін емес. Білімге деген құрметтің, кәсіпке деген адалдықтың және шаңырақтағы берекенің айқын көрінісі. Алғашқы буынның бор ұстаған қолы мен сынып бөлмесіндегі дауысы келесі ұрпақ үшін өмірлік бағдаршамға айналып, ұстаздық өнер буыннан буынға дариды.
Елімізде осындай өнегелі де берекелі шаңырақтардың бірі – өзінің адал еңбегімен, парасатымен және ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесімен танылған Құмарбаевтар әулеті. Білім мен спортты, еңбек пен өнерді отбасылық құндылықтармен шебер ұштастыра білген әулет ел ішінде өзара сыйластығы, бірлігі мен еңбекқорлығымен ерекшеленіп келеді.
Жарты ғасырға жуық уақыт бойы қол ұстасып, отбасылық өмірдің ыстық-суығын бірге өткерген шаңырақ иелері – Берекет Құмарбаев пен Марал Аймбетова. Олар саналы ғұмырын білім мен тәрбие саласына арнап, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» деген мәртебелі атаққа лайық деп танылған ардақты ұстаздар.
Берекет Құмарбаев ұзақ жылдар бойы мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, оқушылардың саналы азамат болып қалыптасуына зор ықпал етті. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен жастарды тәрбиелеудегі ұстанымы мектеп қабырғасынан тыс жерде де өз жемісін берді. Өйткені педогогикалық қызметін спорт саласындағы жемісті еңбегімен қатар жүргізе білді. Аймақтағы жүздеген жасты спортқа баулып, олардың бойында ерік-жігерді, отансүйгіштік пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. Оның қол астынан шыққан талай шәкірт бүгінде өмірде де, спортта да өз орнын тапқан азаматтарға айналды.
Ал бұл отбасының алтын діңгегі, ұйытқысы Марал Аймбетова 40 жылдан астам уақытын ұстаздық қызметке арнады. Ол жүздеген оқушыға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың бойына адамгершілік пен мейірімділіктің нәрін септі. Әрбір сабағын терең мағынамен және мейіріммен өткізетін ұстаздың алдынан өткен шәкірттер бүгінде елдің әр бұрышында еңбек етіп жүр. Ұстаздық қызметтің жүгін қатар алып жүріп, үйде ұйытқы болып, аналық парызын да жоғары деңгейде атқарды.
Марал Аймбетова отбасында ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, балаларының білімді, өнерлі және парасатты болып өсуіне негіз қалады.
Берекелі отбасында өскен бала үйдегі парасаттылық пен танымға деген ұмтылысты көріп өседі. Кешкі ас үстінде айтылатын педагогикалық әңгімелер, оқушылардың жетістіктері мен білім берудегі ізденістер жас санаға ерте жастан сіңеді. Сол себепті мұндай әулеттің балалары үшін қастерлі мамандық жүрек қалауымен келетін өмірлік миссиясы. Ұстаздар әулетінің әрбір өкілі бұрынғы аға буын салған даңғыл жолды жалғастырып, білім саласына жаңа серпін, заманауи әдістемелер мен тың идеялар алып келеді.
Ұстаздар династиясының басты құндылығы – олардың кәсіби тәжірибесінің ұрпақтан-ұрпаққа еш үзілмей берілуінде. Басқа жас мамандар әдістемелік көмекті кітаптан немесе семинардан іздесе, өнегелі отбасының өкілдері кеңесті өз үйінен, өз ата-анасынан немесе бауырларынан алады. Шаңырақтағы әңгімелердің өзі танымдық пікірталасқа айналып, жас ұстаздың тез қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Сабырлылық, төзімділік, әр баланың жүрегіне жол таба білу сияқты асыл қасиеттер отбасында сөзбен емес, үлгілі іспен дариды.
Ұстаздық жолды мұра еткен отбасылар тұтас қоғамға, елдің болашағына үлкен үлес қосады. Мұндай әулеттерден тәлім алған мыңдаған оқушы әртүрлі салада еңбек етіп, ел дамуының қозғаушы күшіне айналады. Бірнеше буын бойы шәкірт тәрбиелеп, білім нәрін сепкен берекелі мұғалімдер отбасы ұлттың интеллектуалды генофондын сақтап, оны байыта түсетін шын мәніндегі өнегелі шаңырақ.
Құмарбаевтар шаңырағы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі. Бұл үйде әр ұрпақтың өзіндік орны бар. Үлкендер өмірлік тәжірибесімен бөлісетін ақылшы әрі бағыт беруші болса, жастар шаңырақтың үміті мен болашағының көрінісі. Отбасының басты дәстүрі үлкенге құрмет білдіру, кішіге қамқорлық таныту және балаға белгілі бір дәрежеде еркіндік бере отырып, оны кішкентайынан жауапкершілікке баулу. Мерекелерде түгел бас қосу, туған күндерді бірге атап өту, серуендеу, спортпен шұғылдану, ауланы көгалдандырып, табиғат аясында демалу, сондай-ақ атқа міну секілді ұлттық әрі отбасылық дәстүрлер берекелі шаңырақтың өзара сыйластығы мен рухани жақындығын одан әрі нығайта түседі.
Шаңырақ иелерінің осы бір өнегелі мектебі балаларының бойынан да айқын көрініс тапты. Құмарбаевтардың балалары ата-ана салған даңғыл жолды, өнер мен білімге деген сүйіспеншілікті лайықты жалғастырып келеді.
Үлкен қызы Гүлбахарам Құмарбаева кәсіпкерлік саласын таңдап, еңбекқорлығының арқасында өз ісінің шеберіне айналды.
Екінші қызы Гүлнұр Құмарбаева «Айгөлек» балабақшасында музыка жетекшісі болып еңбек етіп, бүлдіршіндердің бойына өнер мен сұлулықты егіп жүр.
Ал Айнұр Құмарбаева Алматы қаласында фортепиано мұғалімі болып, классикалық музыка құпиясын жас таланттарға үйретуде.
Шаңырақтың ұлы Сәкен Құмарбаев №266 мектеп-лицейде мұғалім болып еңбек етеді. Оның ошақ қасындағы серігі, әулет келіні Марина да сол мектепте мұғалімдік қызметті атқарады. Осылайша ата-ананың ұстаздық жолын келесі буын да мақтанышпен жалғастырып, мұғалімдер династиясының сабақтастығын бұзбай ұстап отыр.
Қазір құрметті еңбек демалысында болса да, Берекет Құмарбаев пен Марал Аймбетова үйде қарап отырмай, елдің қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласып келеді. Олар жас отбасыларға ақыл-кеңесін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін қазыналы қарияларға айналды. Олардың сүйіспеншілікке толы белсенділігі мен қоғамға тигізген пайдасы елеусіз қалған жоқ. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан зор үлесі үшін Құмарбаевтар отбасы түрлі отбасылық байқауда биік белестерді бағындырды.
Әңгіме арқауы болған шаңырақтың жетістіктер қоржыны өте бай. Атап айтқанда, «Мерейлі отбасы – 2012» және «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауларының аудандық кезеңінде екі мәрте «Бас жүлдені» иеленіп, ауданның мақтанышына айналды.
Бұдан бөлек облыстық деңгейде «Жігерлі отбасы» номинациясымен марапатталып, отбасылық беріктік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Сондай-ақ аудандық «Шаңырақ шаттығы» сайысында үшінші орынды, «Парасатты отбасы» байқауында аудан бойынша бірінші орынды және облыстық кезеңде екінші орынды қанжығаларына байлады. Мұндай марапаттар мен жетістіктер үлгілі отбасының жылдар бойы қалыптастырған ұйымшылдығының, адал еңбегінің және парасатты өмір салтының заңды нәтижесі.
Құмарбаевтар әулетінің жүріп өткен жолы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі кез келген жас отбасы үшін үлкен өнеге. Олардың ошағындағы өшпес шырақ – білімге деген құрмет, еңбекке деген адалдық және отбасылық мұраттарға деген беріктік. Бірнеше буын бойы шәкірт тәрбиелеп, еліне елеулі, халқына қалаулы болып отырған берекелі мұғалімдер отбасы ұлттың интеллектуалды әлеуетін арттырып, қоғамның рухани діңгегін нығайтуға үлес қосып келе жатқан шынайы парасат шаңырағы. Осындай әулеттер барда ұстаздық мамандықтың қадірі артпақ, ал ұрпақтар сабақтастығы ешқашан үзілмек емес.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
15 қыркүйек 2026 ж. 21 0

Алқапқа абай болайық

15 қыркүйек 2026 ж. 27

Бүгінгі қоғам кітап оқи ма?

15 қыркүйек 2026 ж. 29

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930